- Негізгі бет
- Ертегі
- Еңбекпен тапқан тиын....
Еңбекпен тапқан тиын. Грузин ертегісі
Біреудің ерке ұлы болыпты. Өзі жалқау екен. Сөйтсе де әкесі оны бағып-қағып, киіндіріп жүріпті. Ақыры кәрілік жеңіп, сырқаты күшейген қарт әйеліне айтыпты:
– Өмір бойы жинаған мүлкімді түгелдей басқа біреуге беремін. Ұлыма ештеңе қалдырмаймын. Ол – жалқау.
Ұлын аяп анасы баласына он сомдық алтын береді:
– Кешке дейін бір жерде бола тұр, – дейді ол баласына. – Қараңғы түскен соң үйге кел. Содан соң "Мынаны еңбегіме алған едім" деп әкеңе бер.
Баласы шешесінің айтқанын орындайды. Алтынды шал жанып жатқан пешке лақтырып жіберіп:
– Бұл сенің еңбектеніп тапқан ақшаң емес, – депті.
Ұлы жымиып күліпті де, түк демей шығып кетіпті.
Қулықтан ештеңе шықпайтынын білген анасы:
– Біз әкеңді алдай алмайтын көрінеміз, балам. Одан да ақшаны жұмыс істеп тап, – деп ақыл айтады.
Анасының тілін алып, бала бір апта жұмыс істейді. Тапқан тиынын әкесіне береді.
Қария тағы да алтынды отқа лақтырып жіберіп:
– Жоқ, бұл да өз еңбегіңмен тапқан ақша емес, – депті.
Оған ұлы шыдай алмай, шоқтан жалаңаш қолымен ақшаны суырып алады да:
– Әке, мен бұл тиынды апта бойы шаршап-шалдығып жүріп таптым. Сіз оны отқа тастайсыз. Мұныңыз қалай? – деп айқай салыпты.
Сонда әкесі тұрып:
– Бұл ақшаны шынында да өз еңбегіңмен тапқан екенсің, балам. Көзім жетті, – депті.