Дүниеқоңыз туралы ертегі (аудио-подкаст)

Дүниеқоңыз туралы ертегі (аудио-подкаст)
Фото: GetBg.net


Қай заманда өткені белгісіз, Сағат есімді үрерге иті, сығарға биті жоқ, сіңірі шыққан қу кедей болыпты. Ол бірде аштықтан көзі қарайып, басы ауған жаққа қаңғалақтап келе жатыпты. Әбден қалжырап, ұйқы мендеген байғұс сәл тынығып алайын деп бір құмайт жерге жантая кетіпті. Арқасына аяздай батқан жоқшылық ұйықтаса да қыр соңынан қалмаса  керек. Түсінде де осы азаптан бас сауғалап, қашып келе жатса, алдынан сақалы белуарына түскен аппақ қудай қария шығады. Жарлының жолын кес-кестеп:

– Оян! – депті.

– Өзің жантайған құмайттың оң жағына қарай он қадам жүрсең, ескі жертөленің орны бар. Сол арадағы қираған ошақтың астын сынық сүйемдей қазсаң, Сүлеймен саудагердің  былғары сақтияны табылар. Сақтияның аузын ашып-жапқан сайын ішінен бір теңгелік алтын ділдә аласың. Енді қалған өміріңе бұйырған несібе осы қанағат қылсаң, қарның тояды, - дейді де ғайып болады. 

Жүрегі алып-ұшып, орнынан атып тұрған Сағат ұйықтаған жерінен оңға қарай он адым аттайды. Опырылған жертөленің оқпандай орнына кезігеді. Құлаған ошақтың  орнын тырналап қазып жатып:

– Осыдан шалдың айтқандары расқа шығып, бір ділдә тапсам  –  тойынып тамақ ішермін. Екі ділдә тапсам, дүние-ай, бала шағамның жүрегін жалғар едім. Егер үш ділдәға жетсе, әйеліме арнап көйлек сатып алар едім, - деп қиялдайды. 

Шалдың берген аяны айнымай келеді де, айтқан орыннан әмиян табылады. Бір  ашса – бір ділдә, екі ашса – екі.... Әмиянды жүз ашқанда, үйіліп жатқан ділдәларды көзімен жей отырып, Қарақұмның қақа ортасынан хан сарайындай  күмбезді үй салуды армандайды. Қарнының ашқанын да, балаларын да, бұл дүниеде әйелінің бар екенін де ұмытады. Көзіне қызылды-жасылды дүние елестеген Сағат мың, он мың, жүз мың, миллион рет ашамын дегенше, арада екі апта уақыт өтіпті. Өстіп отырғанда дүниеқоңыз сорлының жүрегі үзіліп, бұл дүниемен қош айтысқан деседі.

@. @assel_assanova