Димаш жайлы ертегі

Димаш жайлы ертегі
Фото: vk.com

Димаш Құдайбергеннің оқиғасы ертегіге көбірек ұқсайды. Димаш туралы ертегі құрастырып көрдім. Оқып көріңіз. 

Ертеде бір ханзада өмір сүріпті. Ол ән айтуды ерекше сүйіпті. Оның дауысын естіген пенде, жан-жануар, күллі тіршілік иесі "бұл не құдірет?" деп таңырқап, қарап қалатын. Ханзада ерекше сымбатты еді. Көзі үлкен, бойы ұзын, тұла-бойы сымдай тартылған жас жігіт қыз-қырқынның аяулы арманына айналды. "Бұл ханзаданың ханшайымы кім болар екен?" деген сұрақ әр бойжеткеннің жүрегін селт еткізетін.  

Ханзада көп адам біле бермейтін шағын патшалықта ғұмыр кешті. Патшалықта адамдар екі тілде сөйлейтін, ал атадан балаға мұра болған ана тілін көбіне тек қарапайым шаруа адамы ғана қолданатын. Ханзаданың бала кезден бері келе жатқан үлкен арманы бар еді. Ол осы бір қарапайым халқымның қазынасын ән арқылы әлем назарына ұсынып, ана тілімнің мәртебесін өсіруге бір тамшы үлес қоссам деп армандайтын. Өзі өмір сүрген патшалықта барлық сала енді-енді дами бастады, соның ішінде өнер саласы да аяқтан тұру кезеңін бастан өткеріп жатқан. Ханзада әке-шешесінің еңбекқорлығының арқасында тұрмыстан еш қиындық көрмей, жатса да, тұрса да, өз елін әлемге танытуды армандайтын болды. Осы жолда табиғат берген сиқырлы дауысын созып, түрлі жаттығу жасаудан жалықпай, өз-өзін дамыта берді. Ол өзінің жұлдызды сәтін асыға күтті. 

Бірақ кейбір адамдар ханзаданың сиқырлы дауысын мойындағысы келмей, жігіттің болашағына күмәнмен қарады. Ханзада бұндай кездері қатты күйініп кететін. "Сиқырлы дауыс басқа емес, тек маған берілді, ендеше мойымауым керек" деп өз-өзін алға сүйрейтін. 

Күндердің бір күнінде 17 миллион тұрғыны бар елде тұратын ханзада 1 миллиардтан астам адам өмір сүретін патшалыққа барып, сиқырлы дауысын паш етпек болады. Ханзада бұл сапарға өзімен бірге жан досын ертіп апарады. Ханзаданың мақсаты орындалып, ол 1 миллиард адамның алдында өз ана тілінде ән шырқап, өз елінің музыкалық аспабымен күй орындайды. Жігіттің сиқырлы дауысын естіген патшалық тұрғындары қатты таңырқайды. "Бұл не ғаламат?!", "әлемде осындай да ел бар екен-ау", "қандай ғажайып дауыс, қандай сұлу тіл, қандай сымбатты жігіт!" дескен халық орындарынан тұрып жігітке қошемет көрсетіп, көздеріне жас алады. Осылайша ханзада 1 миллиард елдің сүйікті жұлдызына айналады. 1 миллиард халық ханзаданың туған еліне, туған тіліне ерекше құрмет білдірді. Өйткені бұндай адамды дүниеге әкелген халық қасиетті болса керек... 

Бір күні ханзада тағы да сахнаға шығып, ән айтпақ болады. Бірақ таңертең тұрса, сиқырлы дауысы жоғалып кетіпті! Дауысы шықпай, тек сыбырлай алатын халге түсті. Ханзада өзін күтіп отырған миллиард халықтың алдына қалай шығатынын ойлап, қатты уайымдайды. "Сиқырлы дауысымды қайтарып бере гөр" деп Тәңірге жалбарынады. Осы арада халық та ханзаданың дауыстан айырылғанын біліп қалып, қатты қапаланады. Оның дауысын ұйықтап жатқан жерінен мыстан кемпір ұрлап кеткен еді. Халық мыстан кемпірге барып: "Сүйікті ханзадамыздың сиқырлы дауысын өзіне қайтар" деп талап етеді. Мыстан кемпір осыншама халықты көріп қатты қорқып, ханзадаға дауысын қайтарады. Міне, сол күннен бастап ханзада қайтадан сиқырлы дауысымен күллі әлемді тербетіп келеді... 

Р. Роза