Аққайнардың желкесіндегі ұзынша қойнау – бір үйір қызғалдақтың отаны. Жылда көктемде бұл жерде қып-қызыл қан құлақ қызғалдақ көздің жауын алып, тұнып тұрады.
Қызғалдақ жайнап тұрған. Көрген адамның басы айналып, елтіп, әл-дәрмені кетер еді. Бір күні Алатау сілемдерін құлдилай саулайтын Қордайдың сары желі сарнап соқты-ай дейсің бір. Үлпілдеп тұрған қызғалдақты айтасыз, тас суырды. Қалың қызғалдақты отап тынды.
Сауылдап төгілген қып-қызыл жапырақ Аққайнардың бетін көміп кетті. Қайнардың астынан бұрқ-бұрқ атқылаған сан-сан көзі қойсын ба, жапырақтарды ысырып, бірте-бірте ағысқа түсіріп жіберді.
Қызғалдақтардың Дәнегі қалың шөп арасына жасырынған. Кейбірі топырақ жамылып үлгерген. Келесі күні күн қызып кетті де, Аққайнардың басын аламан-топыр қылып құйын жүріп өтті. Шаң-тозаң шыр көбелек айланып, бұлақ басындағы алып бәйтеректің ұшар басына өрмеледі. Жеңіл жапырақтар әлдеқайда аспанға қалықтап, лағып кеткен, құйын сап басылды. Жаңағы зыр айналған әлем-тапырық жым болып, құйын құйыртқан заттың бәрі жан-жаққа жайылып жүріп берді.
Бұл аламан-асырға қызғалдақтың Дәнегі де қосылып кеткен еді. Құйын басылысымен ол да жерге қарай теректің бір бұтағынан соң бір бұтағына соғылып, қаңғалақтап келе жатты. Сөйтіп өкпесі өшіп, әл-дәрмені құрыған шақта бір жуан бұтақ түбіне құрылған өрмекші торына ілініп қалды. Өрмекші ұясынан шыға салып, зулаған бойы Дәнекті матады да тастады. Сөйтіп, Дәнек торға шырмалған күйі жаз бойы тұрды. Күзгі жаңбыр өрмекші торын оған маталған шыбын-шіркей, қиқым-сиқыммен бірге бәйтерекке жапсырып тастады. Сөйтті де жер-дүниені қар басып қалды.
Дәнек бәйтеректің жарығына кіріп кеткен. Қыстай жылы жерде ұйқыға басты.
Көктем келді. Бәйтерек оқтын-оқтын сілкініп, шуылдайтын болды. Күн құрғатпай нөсер құйып, бәйтеректің өн бойымен саулап су ағады. Бәйтерек жаңбырға шомылған сайын жіпсіп, рақатқа батып, тазара бастады. Дәнекті де су әлденеше рет жуып өтті. Өз-өзінен желік пайда болып, қыбырлай бастады. Жерге түскісі келді. Төменге қарап еді, басы айналды. Жер алыс, лай-батпақ екен. Денесі түршікті. Дәнек:
– Жерге түссем, ана батпаққа батып кетіп, тұншығып өлемін-ау,– деп қуысқа бұға түсті.
Кешке қарай күшті дауыл тұрып, бәйтерек қатты сілкінді. Дәнекте ес қалмады. Дауыл бір саябырсығанда, ол:
– Атай, мені аяй көріңіз! Көп қозғалмаңызшы, менің сізге еш зияным жоқ қой. осы кішкентай қуысыңызда жата берейінші, – деп безек қақты.
– Әй, сен кім едің? – деп гүр етті Бәйтерек.
– Мен – Қызғалдақтың Дәнегімін.
– Онда несіне қалтырайсың? Секір жерге! Кір қойнына! Жер – бәріміздің анамыз. Ол сені де өндіреді, өсіреді. Жайқалып тұр содан соң көздің жауын алып.
– Өспеймін, жатамын осылай. Қозғалсам, жел былтырғыдай іліп әкетіп, тау-тасқа соғып басымды айналдырады.
– Қой, сен тіл ал! Ондай-ондай болмаса, өмірдің қызығы қайсы? Жер қазір жұмсақ. Қойнына кіресің де кетесің. Жер демі ыстық, қыстайғы денеңді алған суықтан әп-сәтте арыласың. Балқып, өніп жүре бересің. Көктеп өсесің.
– Көктемеймін! Қызғалдақтың өмірі қысқа екен. Кішкентай ғұмыр үшін әуреге түскенше, жата берем осылай.
– Сендер – қызғалдақсыңдар, біз – терекпіз, мына кең дүниеге бәріміз де керекпіз. Сөзді доғар, секір, қане!
– Секірмеймін!
– Секіресің! – Бәйтерек ашуланып сілкініп өтті. Денек безек қақты.
– Ататай, тимеңізші!
– Жасықтарды жаным жек көреді. Шыбық тимес шыңқ етпеболу деген не сұмдық!
Бәйтерек енді ай-шайға қараған жоқ. Бір жіңішке шыбығымен Дәнекті сырып жіберді.
Дәнек зу етіп құлдилаған бойы барып, жұп-жұмсақ топыраққа сүңгіп кетті. Терекке өкпесін айтып та үлгере алмады.
Жер дымы мен Күн қызуы қойсын ба, Дәнек алдымен бусанып, содан соң қыз-қыз қайнап, бөртіп жүре берді. Сөйтті де, ақ сүйрік болып өніп, қылтиып жер бетіне шыға келді. Бәйтерек тұр екен сол орнында, жапырақтары бүр жара бастады.
– Бәйтерек ата, міне, мен өніп шықтым! – деп айқай салды Дәнек.
– Айтпадым ба саған! Қорқып ең, қуанып тұрсың енді. Көп қуаныш әлі алда. Сен қазір өскінсің. Сенің өзегіңді жарып қызғалдақ шығады. Қызғалдақ – қуаныш гүлі, – деп дауыстады Бәйтерек.
– Кімді қуантам? Қалай қуантам?
– Өс, саусағыңды жай, алау ат! Арғысын өмірдің өзі көрсетеді.
– Мақұл, айтқаныңызды орындаймын, Бәйтерек ата. Сіз де өсіңіз!
Нөсерлетіп жаңбыр құйды. Дәнек-өскін суға тұншығып, қалшылдап жаурай бастады.
– Бәйтерек ата, өлдім! – деп шыңғырды.
– Шыда, өскінім! Сіміре бер жауын суын. Ертең Күн шығады, жайнай түсесің.
Дәнек жаңбырға әбден шомылды, тамыры да ылғалды құныға жұтты.
бәйтерек айтқандай, ертеңіне жайнап Күн шықты. Дәнек құлақтанып, қызыл шұбар жапырағын жайды. Енді әне-міне дегенше, алақандай-алақандай жапырақтарың дәл ортасын жарып шыққан өзек басы қауашаққа айналады, ол жарылды да, қып-қызыл шоқтай қызғалдақ құлпырып, жайнап, жанып тұрды.
Қызғалдақ сұлу гүл болды. Сұлумын деп дандайсыған жоқ. Талай-талай долы дауыл тұрып, аптап ыстық сорып, қақаған суық қарып, өн бойы бұжыр-бұжыр, шор-шор болған қарт Бәйтерекке:
– Бәйтерек ата, сіздің тіліңізді алғаным дұрыс болыпты. Ақылыңызға рақмет! – деп иілді.
– Солай ма екен? Бәсе! Өзің ғана емес, өзгеге де қуаныш сыйлайсың сен әлі-ақ. Өзгеге қуаныш сыйлаудан асқан бақыт жоқ, қарағым. Жайнай түс, – деп Бәйтерек разылық білдірді.
Әлдихан Қалдыбаев