Балаға тәлім үйретерде құр сөз оның санасына оңай жете қоймайды. Ал айналаға сақтықпен қарап, әр істің соңын тексеріп, дұрыс-бұрыстығына көз жеткізбей тұрып шешім қабылдаудан сақтандыру үшін мына ертегіні оқып берсеңіз, есінде жақсы сақталар еді.
Бағдат баукеспелері
Шаруа баққан біреу Бағдатқа барыпты деседі. Ол есегіне салт мініп, соңында есегіне тіркеген ешкісінің мойнындағы кішкене қоңыраулары шылдырлап келеді екен. Шаруаны көшеде отырған қарақшылар көреді де, олардың бірі:
– Қыстақтан келген мына мақаудың ешкісін ұрлайыншы барып, - дейді.
– Ол оп-оңай, - дейді екінші баукеспе. – Мен оның есегін қымқырамын.
– Оның бәрі түк емес, тәйір, - дейді үшінші ұры. – Мен оның үстіндегі киімін көзінше шешіндіріп әкетем.
Бірінші баукеспе шаруаның ізін аңди жөнеледі де, орай келді-ау деген кезде ешкінің мойнындағы қоңырауларды шешіп, есектің құйрығына байлайды да, ешкіні жетелеп зытып отырады. Есек құйрығын бұлғап қойып, қоңыраулар шылдырлай береді де, шаруа артымнан ешкім келеді деп ойламайды.
Екінші ұры келесі тар көшенің тоспасында тұрады да, шаруа өзімен тұспа-тұс келген кезде:
– Мынау бір қызық адам екен! Жұрттың бәрі қоңырауларын есектің мойнына байлаушы еді, бұл есегінің құйрығына таңып тастапты! - дейді.
Шаруа жалт бұрылады да, ешкісінің жоқ екенін көреді.
– Ешкімді көрген кім бар? - деп айғай сала бастайды.
– Мен көрдім, сонау көшеге қарай бір адам сүйреп бара жатқан, - дейді кәззап.
– Құлақ салшы, қайырымды адам, - дейді шаруа жалына қолқалап, рақым етіп есегімді қарай тұршы, мен барып ешкімді даулайын.
– Бұл сеніміңізді өзіме мәртебе деп білемін, - дейді ұры, – Тосып тұрамын, тезірек оралғайсың.
Шаруа есегінен түсіп, келте көшеге қарай жүгіреді де, ұры есекті ала жөнеледі. Шаруа ешкісіз қайтып келіп қараса: адам да, есек те жоқ. Бұл ілгері жүреді, сол кезде шаруаның жолындағы құдықтың жиегінде үшінші қарақшы отырады да, мұны көрген жерден ойбай сала бастайды.
– Не көрінді саған, қожа? - деп сұрайды шаруа. – Менің есегімді де, ешкімді де ұрлап кетті, ал сенің ойбайыңа жол болсын?
– Дәл осы құдыққа іші алтынға толы кішкентай қол сандығым түсіп кеткені, - дейді қарақшы, – енді үйіме қайта алмай отырмын сорлап. Қол сандықты алып шығар болсаң, саған он теңгеліктен он алтын беремін.
Шаруа шешініп құдыққа түседі де, киімін қарақшы ала қашады.
– Оу, мұнда дәнеңе жоқ! - деп айғай салды шаруа құдық түбінен.
Бірақ оған ешкім жауап қатпайды. Ол құдықтан шығып қараса: әлгі адам зым-зия жоқ. Бұл әбден ыза болып, бір таяқты алады да, жан-жағына сілтей береді. Оны көрген жұрт:
– Қыстақтың ақымағы-ау, жынданғаннан саумысың? - деп сұрай бастайды.
– Басымды қорғап жүрмін, әйтпесе мына шаһарда менің өзімді де ұрлап кетіп жүрер, - депті шаруа.
Аударған: Ә.Ахметов