- Негізгі бет
- Ертегі
- Айбалта арманына қалай...
Айбалта арманына қалай жетті? (Заманауи ертегі)
Бір салақ адам балта сатып әкеліп, қораның бұрышына тастай салыпты. Содан алғашында әне саптаймын, міне саптаймын деп жүреді де, кейін мүлде ұмытып кетеді.
Балта болса, тот басып, әрінен айырылып бара жатты. Ақыры бұл қорлыққа төзбей қайрақ тасқа тиіп сыңғыр етті.
– Бұл кім? – деп қыр ете қалды қайрақ тас.
– Мен – Балтамын.
– Иә, не болды?
– Қайрақ тас, сен ақыл қосшы, не істеу керек, қайтсем, жарқылдап иемнің қолында жүрем?
– Арманың сол ма?
– Иә.
– Ендеше, баяғыда-ақ қимылдауың керек еді. Тоғайға бар, өзіңе лайық сап кесіп, киіп ал. Сөйт те, маған кел, мен сені қайрап, жарқылдатып шығарайын. Көрсін сонан соң иеміз.
Балта қуанып кетіп, бір шоршып – бір, екі шоршып – екі адым аттап, тоғайға тартты. Балтаны сонадайдан көргеннен-ақ қалың ағаш:
– Балта келе жатыр!
– Қайсымызды кесер екен? – деп шу ете қалды. Бәрі дүрдиіп, селк-селк етіп қорқып тұр.
Балта тоғайдың шетіне келіп, қалың ағаштың әрқайсысына бір тесіліп қарап тұрды. Бірі – ұзын, бірі – қысқа, бірі – жуан, бірі – жіңішке ағаштар абыр-сабыр, тынышталар емес. Балта қайсысын кесерін білмей дал болды.
Ағаштар бірте-бірте жүректерін басып, тынышталайын деді. Балта сол сәт үлкен Аққайыңның өзіне лайықты бір бұтағын таңдап үлгерді. Іле сарт етіп, сол бұтаққа жабыса кетті. Әне-міне дегенше сол бұтақты кесіп, сап қылып киіп алды да, ауыл қайдасың деп тартып отырды. Ағаштар абыр-сабыр болып қала берді. Бәрі енді бұтағы кесіліп, жаны қиналып тұрған Аққайыңға басу айтты.
– Ештеңе етпейді, бір бұтағың кесілсе, екіншісі өсіп шығады, – деді Бәйтерек.
– Иә, сөйтеді, кішкене қиналарсың, жетіліп кетесің, – деді Қарағаш.
– Үзілген бұтақ – ұзатылған қыз. Ол енді Балтамен бірге иелерінің қолында жүріп, талай шаруа бітіреді. Бір бұтағың адамның игілігіне айналғанына сен қайғырма, қайта қуан, – деді дәу Тал.
– Рақмет бәріңе! Жанашыр ағайындық сөздеріңмен жарты қайғымнан арылтқандай болдыңдар. Айтқандарың рас, біз бәріміз адам үшін, адамның игілігі үшін өсіп тұр емеспіз бе? Барсын бұтағым, жолы болсын. Басқа амал қанша, – деп Аққайың ауыр күрсінді.
Сол кез төменде қалың Шіліктің біреуі шіңкілдей жөнелді:
– Саған сол керек. Әуелеп өсем деп көзге түскен өзің. Басында мына біз құсап өспей, жер бауырлап жатып алсаң ғой, сапқа жарамас едің. Сонда сені де кеспейтін еді. Ал енді аһыла-үһіле.
Шіліктің бұл шірік сөзін жалғыз Аққайың емес, қалың ағаш түгел естіді. Бәрінің бойын ашу кернеді.
– Қап, мынаны-ай, мұның бойы неге өспей жүр десем, осындай қу екен ғой, – деді Бәйтерек.
– Айтпа, тегі. Залымын қарай гөр! Мұндайлар өспейді, аяқ асты болып қала береді, – деді Қарағаш.
– Бәсе, бұлар неге жапырақ жаймай жүр десем, күншіл екен ғой. Күншіл болдым дегенше, іс бітті. Азып-тозып кеттім дей бер, – деді дәу Тал.
– Мейлі, өзіне жақсы болса, айта берсін, – деді Аққайың.
Шілік ләм-мим деуге шамасы келмей, жер болып қалды.
Сапталған балтаның адымы ұзарып қалған, қораға тезірек жетті. Келе Қайраққа жармасты:
– Қайреке, айтқаныңызды орындадым. Ендігі кезек – сіздікі.
– Мұның енді жөн. Уәдем – уәде!
Қайрақ Балтаны қайрап, тотын кетіріп, жарқыратып шығарды. Ертеңгілік қораға кірген иесі қылпып тұрған Балтаны көріп:
– Апыр-ау, мына Айбалта қайдан шыққан? Сабы қандай әдемі еді. Осындай бір балтаға қол жетпей, қор болып жүр едім, жақсы болды-ау, – деп қуанды.
Балта әрекет қылды да, арманына жетті. Ол енді адамға қызмет етеді.
Тоғайдағы ағаштар ше? Аққайың жалғыз бұтағы үшін көп зардап шеккен жоқ, жетіліп, жайқалып тұр. Ал Шілік болса, сол күйі көлеңкеде қалған...
Әлдихан Қалдыбаев
@. @assel_assanova