Есте жоқ ескі кезеңде Пулау Сабах шөлінде қара лотос өседі екен. Ол жерді аздаған чанга халқы мекендейді, олар лотос өсіру ісін меңгеріп, дағдыланып жүреді. Арал аумағы кең еді, бірақ ол кезде адамдар аз болды. Сондықтан барлығы бірігіп, жағалауды мекендеді, жағалаудың арғы бетіне аяқ басып көрмеді.
Арал ортасында, тауда кішкене бастау көл болды. Қара лотос осы жерде көптеп өседі. Олар жылына бір рет көл айдынының дәл ортасына жеті түйнек болып шығады. Жеті күннен соң таң сәріде жеті сиқырлы түс беріп, гүл жарады.
Чангалар дуалау дегенді ешқашан білмеді. Сол себепті Пулау Капасқа көрші тұратын аралға гүлдерді апарып, сол жақтағы шамандарға сатты. Шамандар чангаларға алтын берді.
Одан соң күріш өнімінің мерзімі жеткенде, чангалар бар алтынын күріш өсірушілерге берді. Күріш тиелген қайық жағаға жақындағанда бүкіл чанга халқы жиналып, ұлан-асыр той жасайды. Мерекелік алау жағып, батпырауық ұшырып, мәре-сәре болады. Бұл жыл бойы халық тоқ болады, лотос келесі жылы гүлдегенше ел күріш жеп, азықтан тарықпайтын болады деген белгі.
Чангалар дәл осы қалыппен күн соңынан күнге, жыл артынан жылға жылжи берді. Өзге аралдардағы көрші тұратын халық та бар күнін осылай көретін еді. Алып жер шарында мұндай халық өмір сүретінін күріш өсірушілерден өзге ешкім білмеді. Жүз жыл өткен соң чанга халқын да, өзге халықты да ешкім еске алмады.
Чангалар арасында Вачарават атты адам болды. Ол да басқалар сияқты лотос гүліне қуанып, күріш мейрамын тойлап, басқа ештеңе ойламай жүре берді. Күндердің күнінде чангалар құмнан мұнара тұрғызып, шаттанып жүргенде ол отырып өз өмірі жөнінде ойға шомды.
Менің бұл жүрісім не? Өмір сүремін, уақыты жеткенде о дүниеге аттанамын. Ал өмірде Вачарават деген адам болғанын ешкім де білмейтін болады. Ал бүкіл чанга өмірден өткенде олардың бір кезде жер басып жүргенін кім біледі?
Осы ойы миын шағып, ақыры соңында халқының ақсақалына барып, ақыл сұрауды шешті. Таң атқанда шыдамсыздана ақсақалдың лашығына жетті.
– Чанга халқының қорғаушы данышпаны, жауап берші, біз өткен соң жер бетінде соңымыздан не қалады? Не үшін өмір сүріп жүрміз? Не себепті лотос тереміз, одан соң жыл бойы күріш жейміз?»
– Вачарават, айналаға қарашы. Қыбырлаған кесірткені, шырылдаған құсты, сыбдырлаған ағашты көремісің? Олар да сан жылдан бері біз секілді өмір сүріп келеді. Біздің ата-бабамыз олармен бірлесе өмір сүрді, біз де солардың жүрген ізімен келеміз, – деді қария, – Оған бас қатырма, Вачарават, оданда барып теңізге шомыл.
– Бірақ, ақсақал, – деп батылданып, айтқанынан қайтпады Вачарават, – мен кесіртке де, құс та, ағаш та емеспін ғой. Олардың санасы жоқ, сол себепті осылай өмір сүреді. Біздің аталарымыз бір кездері қайық жасады, лашық тұрғызды, бізде от бар. Өткен жылы күріш өсірушілер маған бір кереметті құлағдар етті. Барлық адам жер бетіне алтын жалатылған ғибадатхана салған құрылысшыларға тамсанып, ризалығын білдіреді екен. Ал ең соңғы чанга өмірден өткен кезде мені, бізді кім есіне түсіреді?
– Вачарават, сен бүгіннен бастап чангалармен өмір сүрмейсің, – деді қария ашу шақыра, – бұдан былай менің лашығыма аттап басушы болма! Оның сөзін естіген чангалар келекелеп, айқайлап, аралдан жыраққа қуып шықты...
Жалғасы бар