Ақ көжектің махаббаты (Махаббат ертегісі)

Ақ көжектің махаббаты (Махаббат ертегісі)

Махаббат жайлы бір ертегі бастап көрелік. Мүмкін біздің өміріміздегі ең бір әлсіз тұсымызды, ең бір өзімшіл, пендешіл сәттерімізді айтып қалармыз...

Күндер өтіп, Ақ көжек бой жетіпті. Көңілінде махаббатқа деген талпынысы күн сайын артып, шырын қиялға шоматын болыпты. Ақыры ол өз бақытын табу үшін орманға кірмек болыпты. Мұны естіген Сұр көжек оны іздеп келіпті:

- Ақ көжек, орман іші тым қатерлі. Онда көптеген жыртқыш аңдар өмір сүреді. Оның үстіне сен онда өзің ұнатып жейтін сәбіз де өнбейді. Қиналасың ғой?..

- Алаңсыз бол. Мен жетерлік азық-түлік алдым. Ашықпаймын, - депті де, тәкәппар Ақ көжек еш елеместен сөмкесін асынып, өз жолына түсіпті. Сұр көжек амалсыздан, қимастықпен ол кеткен жолға қарап үнсіз қалыпты.

Ол орман ішінде ұзақ жол жүріпті. Қарыны ашса, арқасындағы сөмкесінен сәбіз алып жеп отырыпты. Сонда да оның алған азығы еш таусылмапты. Күндердің бірінде, ол бір Бөріге кездесіпті. Бір көріп, оның келіскен келбетіне, қауқарлы тұлғасына қарап ғашық болған Ақ көжек оған көңілін білдіріпті.

-  Болмайды, - депті Бөрі, - менімен бірге болу сен үшін қатерлі.

-  Қорықпаймын. Жанымда тек сен болсаң болғаны, мен ештеңеден де қорықпаймын.

Бөрі сүйіп тұрмаса да, мына сүйкімді көжектен айрылып қалғысы келмей мақұл болыпты. Ол Ақ көжекті басқа бөрілерден қорғап жүретін болыпты. Ақ көжек те өзін тым бақытты сезініпті. Оның сөмкесіндегі сәбіз де таусылмапты. Бірақ күндер өте келе басқа бөрілер «Біз қасқыр текті жыртқыш халықпыз. Біздің ортамызда бір әлжуаз қоянның болғаны жараспайды» деп ақыл салыпты. Сонымен өз ортасының салт-дәстүрін ұстанған бөрі Ақ көжектен айрылысыпты.

Қайырымсыз махаббаттан жүрегі жаралы болған көжек көз жасын көлдете отырып тағы да сапарға шығыпты. Махаббаты баянсыз болғанымен, ол азықтан еш қиналмапты. Өйткені, оның сөмкесіндегі сәбіз қашан да таусылмайды екен. Ол жолда тағы бір алып Аюға кездесіпті. Ақ көжекті бір көріп, ғашық болған Аю оған сезімін білдіріпті.

- Қандай сүйкімді едің?! Саған ғашықпын. Менің етегімнен ұста. Сенен айрылмауға ант етейін. Сені бақытты етемін, - депті.

Біраз күннен соң әрі үміт, әрі қорқыныш ішінде Ақ көжек ақыры оған мақұлдығын білдіріпті. Сонымен олар бірге орман ішінде үй салыпты. Жүрегіндегі Бөріге деген махаббат та ұмытыла бастап, ғашықтық дерті жазылыпты. Ет қоректі аюмен бірге тамақтана алмаса да, ол азықтан еш тарықпапты. Әйтеуір, белгісіз себеппен оның арқасына асқан сөмкесіндегі сәбіз таусылмайды екен...

Күндер өте келе Аю үнемі үйге қайтпайтынды шығарыпты. Бір күні Ақ көжек аюдың мойнынан әлдебір аңның әдемі түгін тауып алыпты да, күмәндана бастапты.

- Не деген күмәншіл, қызғаншақ едің! Мүмкін қатты соққан желдің әсерінен ұшып келген түк шығар, - деп зекіп тастапты Аю.

Үнемі ұрыс-керіспен өткен күндердің бірінде Ақ көжек сырттан әдемі гүлдерді теріп әкеліпті. Ол Түлкі бикештің үйінің маңынан өтіп бара жатып, терезеден Аюдың онымен бірге құшақтасып тұрғанын көріп қалыпты. Ақ көжек қатты қайғырыпты. Дереу үйге келіпті де, шарбағын асынып, мәңгі қайтып келместей болып шыға жөнеліпті. Жылай-жылай әлі құрыған Ақ көжек кеш бата бір ағаш саясында қалғып кетіпті. Әлде түсі, әлде өңі екені белгісіз, ол баяғы Сұр көжекті көріпті. Ұйқылы-ояу қалғып кеткен Ақ көжектің қасына келіп, сөмкесіне көптеген сәбіз салыпты да, кері бұрылып жүре бергенде, Ақкөжек көзін ашып:

- Сұр көжек, бұл сен бе?! Не істеп жүрсің? – депті әлсіз үнмен.

- Мен... Мен, - депті, - өзін кінәлі сезінген Сұр көжек, - Сені ашығып қалмасын деп, үнемі соңыңнан қалмай жүрдім...

Мұны естіген Ақ көжектің көз жасы көл болыпты...

Міне, ертегі аяқталды. Не түсіндің? Не ойладыңдар? Біз қашан да қасымызда жүрген, шексіз махаббатын арнаған адамдарды тым кеш байқаймыз. "Тең теңімен, тезек қабымен" деген мақал осыдан қалған-ау...

 

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: vospitatel.com.ua

Қ. Қауымбек