Үй алғым келеді: Елде қандай қолжетімді бағдарламалар бар?

Үй алғым келеді: Елде қандай қолжетімді бағдарламалар бар?
Фото: turkystan.kz

Жеке баспанасы болғанын армандамайтын жан жоқ болар. Үй алғымыз келеді, бірақ жолын білмейтініміз көп. Елімізде тұрғын үй нарығын қолдауға арналған түрлі бағдарлама бар. Соның ішінде сізге ең тиімді алты бағдарламаны ұсынамыз.

7-20-25

Бұл бағдарламамен пәтер алу үшін алғашқы жарнаға үй бағасының 20%-ын жарна ретінде салу керек. Жылдық мөлшерлемесі немесе несие пайызы – 7%. Несиені 25 жылға дейін алуға болады.

Осы бағдарламамен үй алу үшін ең төменгі еңбекақы 106 мың теңгеден кем болмауы тиіс. Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкент қаласынан 25 миллион теңгеге дейінгі, Қарағандыдан 20 млн теңге, басқа өңірлерден 15 млн теңгеге дейінгі пәтерлері алуға болады.

Тағы бір шарты – тек жаңадан салынған үйлерді алуға рұқсат.

Нұрлы жер (5-20-25)

Бұрынғы "Нұрлы жер" бағдарламасының қазіргі атауы – 5-20-25. Тек жаңа салынған үйлерді сатып алуға арналған. Алғашқы жарна – 20%. Пайызы – 5%.

Алматы қаласындағы үйлердің шаршы метрі 240 мың теңгеден берілсе, Нұр-Сұлтан қаласында – 220 мың теңгеден, Шымкентте – 200 мың теңгеден, Ақтөбе мен Атырау, Ақтау, Түркістан және Қарағанды облыстарында – 180 мың теңгеден, басқа өңірде – 120 мың теңгеден беріледі.

"Нұрлы жер" бағдарламасымен жер үйлер де беріледі. Оның әрбір шаршы метрі 120 мың теңгеден сатылады.

Шаңырақ (5-10-20)

Бұл бағдарлама әкімдікте үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған. Тек жаңа салынған үйлерге ғана беріледі.

Ипотека уақыты – 25 жылға дейін. Алғашқы жарна – 10%. Баға шектеуі әртүрлі. Мәселен, жеке тұрғын үй компаниясы тұрғызған үйлердің бағасы 15-18 млн теңге. Әкімдік тапсырысымен салынған үйдің шаршы метрінің бағасы 160-240 мың теңгенің аралығында.

Бір жанұяның табысы әрбір күшесіне бөлгенде 106 мың теңгеден кем болмағаны жөн.

Бақытты отбасы (2-10-20)

Бұл – көпбалалы, аз қамтылған, мүгедек баласы бар жанұяларға арналған бағдарлама. Мөлшерлемесі – 2%. Несие мерзімі 20 жылға дейін.

Үйдің бағасы 10-20 млн теңгенің арасында. Жаңа салынған да, екінші нарықтағы пәтерді де алуға болады. Жанұяның табысы әрбір мүшесіне шаққанда 68 мың теңгеден кем болмауы тиіс.

Баспана хит

Бұл мемлекеттік бағдарлама емес. "Баспана" ұйымының жеке бағдарламасы. Бірінші және екінші нарықтағы үйлерді сатып алуға болады.

Үйдің бағасы – 15-35 млн теңге аралығында. Займ уақыты – 15 жыл. Алғашқы жарна – 20%. Сыйақы мөлшері базалық мөлшерлемеге байланысты.

Орда

Бұл да жекеменшік бағдарлама. "Қазақстана тұрғын үй компаниясы" ұсынған. Үйді банк-серіктестер арқылы береді. Алғашқы жарна – 30%. Сыйақы мөлшерлемесі – 12%. Займ уақыты – 20 жылға дейін.

Алматы және Нұр-Сұлтан қаласынан үй алғысы келгендерге 1-65 млн теңге, басқа өңірге 1-40 млн теңге аралығында несие беріледі.

Қ. Слямбек