Шенеуніктер азық-түлікке қанша ақша жұмсайды?

Шенеуніктер азық-түлікке қанша ақша жұмсайды?
Фото: © Тұрар Қазанғапов

Соңғы күндері Астананың экс-әкімі Көлгіновтің айына азық-түлікке қанша ақша жұмсайтыны халық арасында қызу талқыланып жатыр. Оның отбасы азық-түлікке айына 300-350 000 теңге жұмсайды. Оны алуға шенеуніктің әйелі жүреді, уақыты болған кезде шенеуніктің өзі де алады екен. Бұл жағдайға ел-жұрттың қызығушылық танытуы себепсіз емес, кейінгі кезде азық-түлік бағасы күн санап өсуі халықты тентіретіп жатқаны рас. Бұған қатысты "Дағдарыста кім неден бас тартып жатыр?" деген мақаламыз да шыққан  болатын.

Статистика биылғы жылдың бірінші тоқсанында бір отбасының азық-түлік шығындарының көлемі 377 мың теңгеден асқанын көрсетіп отыр, бұл айына 125 мың теңге деген сөз. Бұл өткен жылдың қаңтар-наурыз айларымен салыстырғанда 15 пайызға артық. Бұл ретте қазақстандықтар тұтыну көлемін қысқартқан жоқ. Жалпы отбасылық бюджетте азық-түлік шығындары кірістің жартысына жуығын "жейді". Орташа қазақстандық отбасының шығыны азық-түлік пен сусынға кетедң. Ол отбасылық бюджетте ең көп үлесін (49%) алатыныкөрсетіледі. Табыстың 23 пайызы азық-түліктен өзге тауарларға, 17 пайызы ақылы қызмет көрсетуге, 6 пайызы несиені өтеуге, 5 пайызы басқа да қажеттіліктерге жұмсалады. 2017 жылы қазақстандықтар азық-түлікке бұдан аз жұмсаған – 45%. Азық-түлікке бөлінген бюджеттің ең үлкен "бөлігі" – 122,3 мың теңге ет сатып алуға жұмсалды (32%). Шығын көлемі бойынша екінші орында жарма және нан өнімдері сияқты өнімдер – 53 мың теңге немесе 14%. Азық-түлік бюджетінің оннан бір бөлігі сүт, сүзбе, ірімшік сатып алуға жұмсалады (35,5 мың теңге). Қазақ отбасылары сыртта тамақтануға салыстырмалы түрде аз жұмсайды – бар болғаны 3%.

Бір қызығы, Қазақстанның әртүрлі аймақтарында азық-түлік құнының үлесі әртүрлі. Өңірдегі орташа табыс неғұрлым төмен болса, азық-түлікке жұмсалатын қаржының үлесі соғұрлым жоғары болады. Сонымен, биылғы жылдың бірінші тоқсанында азық-түлікке ең көп шығын жұмсағандар үштігіне Алматы (68%), Түркістан (68%) және Жамбыл (56%) облыстары енді. Астана (36%) мен Қарағанды облысының (37%) тұрғындары табысының ең аз бөлігін азық-түлікке жұмсайды.

Бұл жылдың бірінші жартысындағы көрсеткіш десек, жыл аяғына қарай оның әлдеқайда артатыны анық.

ҚР ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров осыған дейін: Ақшаны оптимизациялап, артық шығыннан бас тарта тұрған жөн. Экономика деген циклді құбылыс. Сондықтан мұндай жағдайлар қайталанып отырады. Біз қазір инфляциның шыңында емеспіз. Ол период 2015-16 жылдарға сәйкес келеді. Енді оның тұрақталғанын сәл ғана күте тұру керек, – деген болатын.

Халықтың кірісінің тең жартысынан көбі тек азық-түлігін өтеуіне ғана кететіні шынымен алаңдататын жағдай. Экономист, Ulagat Consulting Group консалтингтік компаниясының директоры Марат Қайырленов халықтың азық-түлікке жұмсайтын шығынының көрсеткіші ел экономикасының дамуының маңызды көрсеткіші екенін атап өтті. 

Жалпы табыстың жартысы тек примитивті қажеттілікке жұмсалуын әлемдегі ең кедей елдердің бірі саналатын  Сахарадан оңға қарай орналасқан Африка елдерімен салыстыруға болады. XX ғасырда социализмнен  капитализмге көшкен Орталық және Шығыс Еуропа елдерінде (ЕО мүшелері) азық-түлікке жұмсайтын шығындары жалпы шығындардың 18 пайызынан аспайды. Тіпті Еуропадағы ең кедей елдердің бірі – Румынияда бұл көрсеткіш 25 пайыздан жоғары емес. 

Халықтың нақты табысының төмендеуі елдегі бизнестің барлық салаларына кері әсерін тигізеді. Егер қазақстандықтардың қаражатының жартысынан астамы азық-түлікке жұмсалса, көлік, балалар және т.б. сияқты шығындар, киім-кешек пен басқа да өнімдерге одан да аз қаражат қалады. Олардың демалысқа, ойын-сауыққа, білім алуға және өмірдің басқа да маңызды салаларына ақша қалмайды. Бұл жағдай шағын және орта бизнеске кері әсерін тигізіп, ол ақырында тек азық-түлік өнімдерін сатуға бағытталады.

Бұл айтып отырған мәселелердің реал болып жатқанын жуырда Massaget сайтының инстаграмм парақшасында жүргізген сауалнамадан анық байқадық.

Оқырмандарымыз бірталай дүниеден бас тартқанға ұқсайды. Олардың қатарында киім, қыдыру, көңіл көтеру, тұлға ретінде дамуға арналған курстар, кітап, көңіліне қуаныш сыйлайтын эстетикалық дүниелер және т.б. бар. Ал кейбірі қосымша жұмыстарға орналасқан. Демек тынығуға да уақыттары жоқ.

Осыған қатысты әлеуметтік желілерде "Қазақстанда өмір сүру үшін қанша қаржы керек?" деген сұраққа шенеуніктердің жауап берген видеосы тарады.

@golosnaroda.kz

Сколько нужно денег, чтобы прожить в Казахстане?

♬ Love You So - The King Khan & BBQ Show

Снежана Имашева, депутат: "Қазақстанда тек күн көріп емес, дұрыс өмір сүру үшін 1000000 теңге керек. Ал жай ғана күн көріске қатынты БҰҰ бекіткен кедейлік шегі – 2 доллар. Бұл тек аштан өлмес үшін. Ал жақсы өмір сүруге бұл жетпейді."

Айқын Қоңыров, депутат: "Норма шеңберіндегі өмір үшін минимум 500000 теңге қажет болады деп ойлаймын".

Лаззат Рамазанова, депутат: "Бюджеттің 15-20 пайызы тамақ секілді қарапайым қажеттілікке кетуі керек десек, 40 пайызын жинап отсаңыз, қалғаны өзге дүниелерге жұмсалады. Сол себепті нақты сумманы атау қиын. Қазір бұған қатысты бірдеңе айту қиын. Бізде 20 пайыздық инфляция. Популистік пікір ретінде қабылданса да айтайын, еңбекақы қазіргі деңгейінен 2 есе артуы тиіс".

Лариса Павловец, депутат: "Бұл сұраққа жауап бері қиын. Тіпті маған да. Бұл "Айына азық-түлікке қанша жұмсалады" деген сұраққа экономисте жауап беруінің өзі қиын".

Геннадий Шиповских, депутат: "Әрбір өңірдің өзіндік ерекшелігі бар. Соған орай азы-түліктің де басқаның бағасы өзгеруі мүмкін. Мысалы, өзімнің шыққан жерім Қызылорда облысын алсақ, ол Алматы, Астана қалаларымен салыстыруға келмейді. Екі жақтың деңгейі екі түрлі. Жобамен жоқ дегенде 200-250 мың теңге керек".

Жанарбек Әшімжанов, депутат: "Кемінде 250-300 мың керек деп ойлаймын".

Самат Әкішев, депутат: "Адамның қайда тұратыны мен мүмкіндіктеріне қатысты болса керек. Оңай сұрақ емес".

Сырым Адамбаев: "Орташа 300 мың керек".

Серік Ерубаев: "Әркім өз шамасына қарай өмір сүреді, орташа 50-100 мың деп ойлаймын".


Жақында РИА Новости эксперттері елдердің азық-түлікке жұмсайтын шығындары бойынша  рейтингін жасады. 
Сарапшылардың пікірінше, халқы ауқатты және өмір сүру деңгейі жоғары елдерде азық-түлікке жұмсалатын қаржының үлесі төмен болады. Кіріс деңгейі төмен және көбінесе өнім бағасы жоғары елдерде жағдай түбегейлі қарама-қарсы. 

Сарапшылардың пікірінше, рейтингтің жоғарғы бөлігін экономикалық дамыған Батыс Еуропа елдері құрайды. Люксембург рейтингте бірінші орынға шықты. Зерттеуге сәйкес, бұл елдің тұрғындары азық-түлікке өз шығындарының 8,4%-ын ғана жұмсайды. Одан кейін сәйкесінше 8,7% және 10,5% көрсеткішпен Нидерланд пен Ұлыбритания тұр.

Тұтыну шығындарында азық-түлікке жұмсалған шығындардың ең жоғары үлесі поссоветтік елдер мен Шығыс Еуропа мемлекеттерінің азаматтарына тиесілі. Соңғы орында Қазақстан тұрғындары тұрақтаған. Олар өз шығындарының жартысынан астамын азық-түлікке жұмсайды - 53%.

Сарапшылар Молдова, Солтүстік Македония, Беларусь және Болгария тұрғындарының азық-түлік шығындарының 35 пайыздан астамын құрайтынын атап өтті. Сарапшылар азық-түлікке жұмсалған шығындардың үлесі жан басына шаққандағы ЖІӨ-мен тығыз байланысты екенін атап өтті. Жалпы ереже бойынша, азық-түлікке жұмсалатын шығындардың үлесі неғұрлым аз болса, бұл көрсеткіш соғұрлым жоғары болады.

Елдегі азаматтардың өмір сүру жағдайын сипаттайтын маңызды экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштердің бірі - осы отбасы бюджетіндегі азық-түлікке жұмсалатын шығыстардың үлесі. Бұл рейтинг те біздің жағдайымызды анық көрсетіп тұрғанға ұқсайды.

А. Оралқызы