Онлайн несие беретін алаяқтардан қалай сақтанамыз?

Интернет дамыған сайын киберқылмыстың да түрі көбейіп жатыр. Желіні жаулап алған алаяқтар жыл сайын адам алдаудың түрлі жолын, схемасын ойлап табады. Жарнама сайты арқылы банк есепшотынан қаржы ұрлайтын кибералаяқтар енді онлайн несие беруге көшкен.

Шағын несие беру – Қазақстанда кең тараған қаржылық қызметтің бірі (ҚР Ұлттық банкінде 2 мың ұйым тіркеуде тұр). Көшеде мұндай несиелік ұйымдардың жарнамасынан аяқ алып жүре алмаймыз. Алайда көбі мұндай ұйымдардың қаржылық өнімі туралы біле бермейді. Сондықтан да алаяқтың құрбанына айналып жатыр. Олар да елдің осындай осал тұсын түсініп алғандықтан, тіпті, кейде қарабайыр амалмен-ақ алдап соғады.

Ендеше алаяқтар адамды алдау үшін қандай амал қолданатынын және одан қалай сақтану керегін баяндайық.   

Келісімшартты әдейі бұрмалау

Бұл – несие ұйымдарының жиі қолданатын әдісі. Алаяқтар келісімшартқа артық шарт пен қарызды, пайыз бен бонусты байқатпай қосып жібереді. Көбінде ондай шарттар кішкентай әріппен жазылады да, оны оқып отырған адам байқамай қалады. Кейбірі шартты оқымайды да. Бұл – қателік. Шартқа қол қойған адамның оны орындаудан басқа амалы қалмайды. Соның кесірінен баспанасынан айырылуы мүмкін. 

Осыған ұқсас тағы бір арам амал – келісімшартты ауыстырып жіберу. Егер несие алушы азамат келісімшартты мұқият оқып, шұқшия бастаса, онда алаяқтар тыпырши бастайды. Сылтау тауып, келісімді нақтылау керек деген желеумен өзіне қайтарып алады. Не байқатпай құжаттардың арасына басқа бір келісімді "сұғып жібереді".

Қалай сақтанамыз?

Бұдан құтылаудың жалғыз-ақ жолы бар: ол – құжатты аса сақтықпен, мұқият оқу. Қол қоярда әрбір қағазды қарап, қайта-қайта тексеріп алу қажет. Қосымша құжаттардың барлығын мұқият қадағалаған абзал.

Есіңізде болсын, келісімшартта сома, сан, қайтаратын мерзім, пайызы мен айыппұл көлемі нақты жазылуы тиіс.

Қарызды қайтаруға кедергі келтіру

Бұл да кең тараған әдіс. Алдыңғы айланың жалғасы десек  те болады. Өйткені несие беруші ұйым келісімшартта қарызды қайтарудың тетіктерін дұрыс жазбайды. Ал қарызды қайтарғысы келген азамат оны төлей алмай "қара терге" түседі. Қарыз беруші ұйым "техникалық қателік болды" деп ат-тонын ала қашады. Ең соңында қарыз алған адамның өзі кінәлі боп қалады.

Несие беруші ұйым неге мұндай қадамға барады? Өйткені азаматтың кешіктіріп төлеген қарызынан айыппұл мен өсімпұл көреді. Ал қарызды жабуға қаржылық ұйымның өзі кінәлі дегенді дәлелдей алмайсыз.

Сақтанудың жолы

Бұдан құтылудың жолы да біреу-ақ: ол – несие беруші ұйым жайлы ақпарат іздеп, анық-қанығын түсінуге тырысу. Сайттардан пікір мен рецензия іздеңіз. 

Ал адал қызмет ететін несие беруші ұйымдар техникалық тұрғыда келеңсіздік болса, клиентіне жеңілдік жасайды. Қарызын кейінге қалдыруына мүмкіндік береді.

Займ алғаны үшін ақы алу

Кез келген несие беруші ұйымның қызметі – қарыз беру. Демек, ондай ұйымның қарыз бергені үшін ақы алуы – нағыз ақымақтық. Бұрын банктер де қарызды ақшалай бергені үшін "ақы" алатын. Алайда 2018 жылы Қазақстанда банктің мұндай айла-шарғысын жасауына тыйым салынды. Көрсеткен қызметіне қосымша комиссия алу заң жүзінде тоқтатылды.

Ал несие беруші шағын ұйымдар, әсіресе, онлайн қарыз берушілер осы әдісті әлі қолданып жүр. Займ береміз деп азаматтардан алғашқы жарнасын алады да, жоқ боп кетеді. Жарна көп болмайды. 1000-5000 мың теңге болуы мүмкін. Бір қарағанда аз көрінгенімен, осы қарызды өтеудің соңы құрбандыққа әкеледі.

Сақтану жолы

Есіңізде болсын, шағын несие ұйымы клиентінен ешқашан жарна алмайды. Займ беру – оның міндеті.

Төлқұжат пен банк картасын сұрау

Міне, бұл да кең тараған тәсіл. Әсіресе, онлайн қарыз беретін ұйымдардың атын жамылған алаяқтар қолданатын әдісі. Қой терісін жамылған қасқырлар несие рәсімдеп береміз деген сылтаумен азаматтың жеке деректерін сұрастыра бастайды.

Алдымен келісімшарт жасау үшін керек деген сылтаумен төлқұжатты сұратады. Оны суретке түсіріп жіберуін өтінеді. Ал оны алғаннан кейін жоқ боп кетеді. Алаяқ жіберген төлқұжатты пайдаланып, сіздің атыңыздан қарыз алуы мүмкін.

Осыған ұқсас тағы бір айла – бұл банк картасын сұрау. Алаяқ несие беруші ұйымның атынан қарыз береміз деген желеумен банк картаңыздың нөмірін сұрайды. Карта иесіне "пин-код келеді, соны маған айтыңыз" деп талап қояды. Оны айтпаңыз, бермеңіз! Сізге келген SMS-хабарламада "Ешкімге айтпаңыз!" деген ескерту тұрады. Соған мән беріңіз. Ал кодты айтқан екенсіз – есепшотыңыздағы қаржыңызбен қош айтысыңыз. Оны қайтару өте қиын.

Сақтанудың амалы

Бұдан сақтанудың амалы – құжаттың, банк картасының нөмірін ешкімге жібермеу. Ал онлайн несие беруші ұйым сіздің төлқұжатыңызды сұратқан екен, онда ол  ұйым туралы ақпарат іздеңіз. Оған сенуге болатынын не болмайтынын анықтаңыз.

Қаржы беруші ұйымның адал екенін қалай анықтаймыз?

- ҚР Ұлттық банкі берген лицензиясы болады. Оны мына сілтемеден немесе Ұлттық банктің шағын несие ұйымдары деген бөлімінен іздеп табасыз.  

- Адал несие беруші ұйымның құжаттары, куәлігі мен реестр тіркеуі жайлы мәліметтерді табу оңай. Сайтында не кеңсесінде ілулі тұрады. Келісімшарты мен займ шарты жайлы ақпаратты да ашықкөзден табуға болады.

- "Жөні түзу" несие беруші ұйым қарыз берерде клиентін асықтырмайды. Келісімшартты жіберіп, шешім шығарғаннан кейін, сізге ойлануға уақыт береді. Әдетте, бірнеше тәулікке дейін мерзім береді. Ал алаяқ асықтыру арқылы сізді орға жығады.

- Шағын несие ұйымдары алғашқы жарна алмайды.

- Қызметі жөнге қойылған қаржылық ұйымдар клиентімен сауатты байланыс орнатады. Займ мен оны өтеу жолдары жайлы анық-қанық ақпарат алуға болады.

Онлайн алаяқтардан сақтанудың қарапайым жолы

Полиция қызметкерлері онлайн алаяқтардан сақтанудың мынадай жолдарын ұсынады:

- банк картасының, төлқұжаттың суретін бейтаныс адамға жібермеңіз;

- ұялы телефон нөміріңізге келген банктің смс-кодын басқа біреуге айтпаңыз;

- тауарды кімнің сататынына көз жеткізбей, кепілзат қоймаңыз;

- ешкімге жарна аудармаңыз.

Қорытынды

"Ол не қылған батпан құйрық, ай далада жатқан құйрық?" демекші, адамға оңай нәрсе олжа болмақ емес.  Сізге біреу оңай ақша алудың жолын ұсынса, сыни ойлауға көшіңіз. Әсіресе, құжатыңыз бен банк картасына мұқият болыңыз.