Несиесінің айлық төлемін жаба алмаған адам ең алдымен банкке барып, өтініш жазуы керек. Өтінішті төлемді кешіктіріліп бастаған күннен бастап 30 күннің ішінде беру қажет. Осылай дейді fingramota сарапшылары.
Өтініште төлемді неге кешіктіргеніңіз және төлей алмау себебіңіз не – соны түсіндіріп жазыңыз. Соған байланысты жеңілдік беруін өтініңіз. Жеңілдіктің мынандай түрлері бар:
- Пайызды төмендету;
- Займ валютасын өзгерту;
- Негізгі қарыздың пайызы мен төлемін уақытша кейін қалдыра тұру;
- Қарызды төлеудің амалын өзгерту;
- Келісімшарттың уақытын ұзарту не қысқарту;
- Қарызды кешіру, пайызды азайту.
Банк өтінішті 15 күнде қарап, жауабын береді. Несие беруші ұйым өтінішті қабылдап, басқа бір жеңілдіктерді ұсынуы мүмкін. Не қабылдамауы да ғажап емес.
"2021 жылы, мамырда заңға өзгеріс енгізілген. Соған сәйкес банк пен шағын несиелік ұйымдар несие алушының әлеуметтік жағдайын, табысының азаюын ескеруі тиіс. Егер банк бұған да келіспесе, онда Қаржылық нарықты реттеу агенттігіне шағымдануға болады. Өтініш пен шағым жазуға кеткен уақыттың өсімпұлын банк алмайды", - дейді fingramota.
Сарапшылардың қарызын төлей алмай жүрген жандарға берер кеңесі – мүлде қашуға болмайды. Сөйлесіп, бәрін түсіндірген абзал. Мұндай жағдайда банк өсімпұл пен айыппұл салуға толық құқылы.