Мектептегі ақша жинауды қалай тоқтата аламыз?

Мектептегі ақша жинауды қалай тоқтата аламыз?

Мектептегі ақша жинауға қатысты БАҚ-та көптеген мақала жарияланып келеді. Бүгінде бұған заң жүзінде тыйым салынған. Мектептер немесе мұғалімдер ақша жинайтын бірде-бір пункт не ереже жоқ. Сондықтан мұны мектепке дейінгі және орта білім беру басқармасы, облыстық білім басқармалары бақылауда ұстайды.

Десе де, түрлі себептерді сылтау етіп мұндай әдетті жалғастырып жүргендер де бар секілді.

Бір қызығы, бұған арнайы эксперимент те жасалған екен. Ата-аналар арасында жүргізілген анонимді сауалнамаға сәйкес, олар мектепке айына 1000 теңгеден 10 000 теңгеге дейін ақша шығарып отырады екен. 100 респонденттің 87-сі кем дегенде бір рет мектепке ақша аударғанын айтқан.

Баласын мемлекеттік оқу орнына беретін Жұлдызай Раушанқызы мектепте кейде ақша жиналатынын, бірақ оның көбі ата-аналардың бастамасы болатынын айтады.

"Мысалы ата-аналар комитеті су сатып алу үшін қаражат жинауы мүмкін. Әдетте олар суды сатып алып, кабинеттерге кулерлер қояды. Бірақ бұл тек ата-аналардың өз бастамасымен ғана жүзеге асырыла алады. Мұндай жағдайда да ақша беру-бермеу әркімнің өз еркінде. Бұған мұғалімдердің де, мектеп әкімшілігінің де қатысы болмауы керек", - дейді оқушы балалардың анасы Жұлдыз Раушанқызы.

Баласын жекеменшік мектепке беретін Жазира Байдалы әр мереке немесе апта сайын ақша жинамайтынын айтады.

"Біз жекеменшік мектеп 2 миллион 400 мың төлейміз. Былтыр бірінші сыныбына 2 миллион 200 мың төлегенбіз. Жыл сайын 10 пайызға қымбаттап отырады. Бұл таза 9 айлық оқудың құны. Тамаққа айына 52 770 теңге береміз. Ал мектепке жеткізу әркімнің өз еркінде. Мектеп автобусына біз айына 35 000 теңге төлейміз. Бұл да мекенжайға байланысты бекітіледі. Ата-аналар комитеті жылына бір-ақ рет бекітілген сома төлейміз. Әр мереке сайын, апта сайын ақша жинау әдеті жоқ", -  дейді.

Ал мемлекеттік мектептерде жиі белең алатын қағаз, қаламнан бастап, жаңажылдық шыршаға жиналатын ақшаның қаншалықты жөнді екенін сұрау үшін Білім министрлігіне хабарласқанымызда: "Білім беру ұйымдарында қаражат жинауға тыйым салынады. ҚР Конституциясында орта білім алу тегін. Егер де сыбайлас жемқорлыққа байланысты фактілер анықталса, құзырлы органдарға жіберіледі", - деді Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Гүлназ Сүлейменова.

А. Оралқызы