Массагеттегі "Экономика сабақтарының" бағдарламасы

Құрметті оқырмандар! Massaget.kz порталы «Samruk-Kazyna Trust» компаниясымен біріге отырып, қарашаның 21 күнінен бастап экономика ілімі туралы видео-дәрістер жүргізетінін айтқан болатынбыз. Бас-аяғы 25 бөлімнен тұратын сабақта экономикалық ғылыми терминдердің мағынасы кеңінен ашылады. Жүргізуші мен экономист аталған ғылымды қарапайым тілде жеткізеді.

21-27 қараша аралығында алғашқы бес дәріс өтеді. Мұнда экономика туралы жалпы мағлұмат беріледі. Даралап тізсек...

1-дәріс (21 қараша). Алғашқы дәрісте экономика ғылымы туралы жалпы түсінік беріледі. Бұл терминді ойлап тапқан Аристотельден бастап, экономиканың қазіргі күйіне дейін сараланады. Күнделікті көзбен көріп, қолмен ұстап жүрген дүниелердің өзі экономикамен байланысы барын біле аласыздар.

2-дәріс (22 қараша). Екінші дәрісте ресурс, өндіріс, айырбас, қызмет туралы түсінік беріледі. Оған қоса экономика жүйесінің негізгі түрлері ашып көрсетіледі. Қай ел қандай экономиканың тізгінін ұстайтыны туралы да сөз қозғалады.

3-дәріс (23 қараша). Үшінші сабақ кәсіпорын, үкімет және үй шаруашылығы арасындағы байланыс туралы болмақ. Кәсіпорындар арасындағы бәсекелестік, олардың өсуіне кедергі болатын факторлар, экспорт және импорт, қызметкерлер түрлері, айналым қаражатын пайдалану секілді маңызды ұғымдарға тоқталады.

4-дәріс (24 қараша). Төртінші дәрісте нарықтық экономика туралы кеңінен айтылады. Нарықтық экономиканың өзге экономикадан қандай артықшылығы барын, оның механизмі туралы толық ақпарат ала аласыздар.

5-дәріс (25 қараша). Бесінші сабақта баға туралы біле аласыздар. Экономика әлемінде бағаның 5 түрлі қызметі бар екен. Баға қай кезде артады, қай кезде құны жоғалады, тауардың бағасы неге тәуелді, әлемде болып жатқан оқиғалар бағаға қалай әсер етеді – осы туралы көп мәліметке көз жеткізесіздер.

Жіберіп алмаңыз! Зейініңіз ашылсын!