Лима Диас: "Экономика сабақтары – болашаққа қосқан үлесіміз"

Лима Диас: "Экономика сабақтары – болашаққа қосқан үлесіміз"
Фото: massaget.kz

21 қарашадан бастап Massaget.kz интернет порталы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен «Экономика негіздері» видеожобасын жарыққа шығармақ. Осыған байланысты сіздерге «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының басқарушы директоры Лима Диаспен жүргізілген сұхбатты ұсынамыз.

– «Samruk-Kazyna Trust» қоры не себепті «Экономика негіздері» жобасын қолдау шешімін қабылдады?

– «Samruk-Kazyna Trust» – бұл әлеуметтік жобаларды дамытуға негізделген қор. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобында 15-тен аса ұлттық компания бар. Осы компанияларда Қазақстан бойынша 340 мың адам жұмыс істейді. Біздің қор жобаларды ойлап тауып, оларды талдап, жарыққа шығарумен қоса, халыққа пайдалы жобаларға қолдау көрсетеді. Соның бір дәлелі ретінде жақында Массагет порталында жарияланатын «Экономика негіздері» атты жобаны айтуға болады.

Массагет белсенді, талантты һәм қазақ тілді жастардың ордасына айналды. Біріншіден, әр адам экономика негіздері және қаржылық жоспарлау туралы маңызды ақпараттарды білуі тиіс деп есептейміз. Себебі, біздің қоғамда экономиканы білмей өмір сүру мүмкін емес. Жарыққа шыққалы отырған «Экономика негіздері» видеодәрісі экономика жайында негізгі білімді қазақ тілінде жеткізетін алғашқы жобалардың бірі болмақ. Өкінішке орай, мемлекеттік тілде осындай жобалар өте аз. Біз бұл жобаны тек видеодәріс ретінде емес, әр адам қалаған уақытында ғаламтордан көре алатын құнды материал әрі өзіміздің болашаққа қосқан үлесіміз деп білеміз.

– Соңғы уақытта трансформация туралы жиі айтылып жүр. Осы тұрғысында, «Samruk-Kazyna Trust» қорына тигізген әсері туралы айтып өтсеңіз...

Трансформация – «Samruk-Kazyna Trust» қорының бизнес үдерісін қозғаған өте ауқымды үдеріс. Біздің холдингтің әлеуметтік жұмыстарына ғана тоқталып өтейін. «Samruk-Kazyna Trust» қоры осы трансформацияның аясында құрылды, оған барлық қайырымдылық және демеушілік жобалардың бірыңғай операторы болу міндеттемесі жүктелген. Қолдау көрсетіп келе жатқан және қарастырып жатқан кез келген жобаны әлеуметтік әсері мен нәтижесінің тиімділігі тұрғысынан саралаудамыз. Орнықты, маңызды әрі ұзақ уақыт мұра болатын істерге ерекше көңіл бөлеміз. Сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымдарды, азаматтық белсенділерді, әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдаймыз. Басты ресурсымыз – адамдар екенін түсінеміз, трансформацияның арқасында біз адамдардың білім алуын басты назарға алдық. Бұрын жобаларымыз көбінде Астана мен Алматы қалалары аясында жүзеге асса, бұл күні аймақтарды да қамтып жатырмыз. «Менің елім» бағдарламасын іске қостық, ол дәл аймақтарға, шалғайдағы ауыл тұрғындарына, көмекке мұқтаж адамдарға (мүгедектер, жетімдер) және дамуды қажет ететін істерге бағытталған. Міне, осының өзі – трансформация.

– Қор қызметі туралы айтып өтсеңіз. Қор жастарға арнап қандай жобаларды жүзеге асырып жатыр?

– «Samruk-Kazyna Trust» бірнеше бағытта жұмыс жасайды. Бірінші бағыт – компанияларымыздың тобы орналасқан аймақтарға бағытталған «Менің елім» атты жоба. Біз аймақтарда тұратын белсенді жастарды өз жобаларын жүзеге асыруға шақырамыз. Сонымен бірге, қалаған адамның бәрі қатыса алатын шағын гранттар конкурсын ұйымдастырамыз. Біздің міндет – ортаны жақсарту, қолайлы ету, жастарға айналысатын іс көрсету.

«Samruk-Kazyna Trust» қоры қызметінде үш негізгі құндылықты басшылыққа алады: компанияда жұмыс істейтін адамдардың денсаулығы, бақыты және абыройы. Массагет оқырмандарының осы орайда тың идеялары, жаңа бастамалары болса, «Samruk-Kazyna Trust» қорымен байланыс жасауына болады.

Екінші бағыт – елдің әлеуметтік мәселелерін шешу. Мысалы, елімізде балалар церебральды сал ауруына шалдыққан балалар көп, біз бұл мәселені жүйелі түрде шешіп жатырмыз. Қала тұрғындарының қозғалысы қолайлы әрі тез болуы үшін «Almaty Bike», «Astana Bike», «Shymkent Bike» сияқты көлемді жобалар жүзеге асуда. Бүкіл Қазақстан бойынша ҰОС ардагерлерін қолдауға бағытталған «Жеңіс» атты жобамыз бар. Яғни, біз шағын аймақтарда да, ел деңгейінде де жұмыс істейміз.

Ал, жастар жайына келер болсақ, бізде «Озат» бағдарламасы жарыққа шықты. «Samruk-Kazyna Trust» техникалық мамандықтағы соңғы курс (3, 4 курс) студенттеріне қолдау білдіреді. Әлеуметтік IT-жобалар конкурстары бар IT-мамандарға арналған «ZhastarUp» бағдарламасы жұмыс істеп жатыр. Қазан айында балаларға арналған, еліміздің көрікті жерлерін қамтыған «Туған елге саяхат» бағдарламасын іске асырдық. Осы жоба барысында ауылдан ұзап шықпаған балалар түрлі облыстарды аралап, жаңа достар табуға мүмкіндік алды.

«Samruk-Kazyna Trust» әр аймақтағы жастардың білімін дамытуға үлес қоспақ ниетте ақпаратты мемлекеттік тілде таратады.

– Осы жоба қаншалықты маңызды? Бұл жобадан жастарға қандай пайда келеді?

– Орындалған жұмыстың сапасына қарап, шығармашылық топқа, идея авторларына алғысымды білдіремін. «Экономика негіздері» жобасы өте қызықты болатынына және елдің көңілінен шығатынына сенімім мол. Сабағымызды көрген әр адам экономика саласында өзі үшін бір жаңалық ашары сөзсіз. Бұл – қазақстандықтардың білімін арттыруға қосқан үлесіміз.

Болашақта осы тектес жастардың саяси білімін жетілдіретін жоба жасау жоспарларыңызда бар ма?

Мұндай жобаларды жүзеге асырмас бұрын біз, ең алдымен, бұған дейін жасалған жұмыстардың тиімділігін анықтап, аудиторияға бұл бастамалардың жалғасы керек не керек еместігіне көз жеткізуіміз қажет. Қолданушылар қызығушылық танытса, жобаның жалғасуын қарастырамыз.

– Сұхбатыңызға рақмет! Жұмыстарыңызға табыс тілейміз!

– Сіздерге де рақмет!

Ж. Жұмағұлов