Жазда көбі еңбек демалысын алып, шет елдерге саяхат жасайды. Алайда өтелмеген қарыз кейбір адамдардың көптен күткен демалысының шырқын бұзуы мүмкін. Өйткені әуежайда борышы бар адамды ешкім ұшаққа мінгізбейді. Шетелге шығуға тыйым салынатын борышкерлер тізіміне кім кіреді? Шектеуге ілінбеу үшін борыш қанша теңгеден аспауы керек? Осы және өзге де сұрақтарға қаржы министрлігінің баспасөз хатшысы Әлібек Әбділов жауап берді.
Кімдер шетелге шыға алмайды
"Басқа елге жиналған адам өзінің қарызы барын білмеуі мүмкін. Ұшаққа билет сатып алады, рейске тіркеледі, жүгін тапсырып, шекаралық бақылауға келгенде бір-ақ біледі. Аты-жөні шетелге шығуға тыйым салынған борышкерлер тізіміне енген. Ал елден шығуға тосқауыл болатын берешек қатарына не жатады? Олар салық, алимент, коммуналдық қызмет, шағын несие, басқа да жеке тұлғалар алдындағы борыштар және айыппұл", - деді Әбділов.
Сондай-ақ, оның айтуынша, біреудің денсаулығына зиян келтіріп, өтемақыдан жалтарып жүргендер де "қара тізімге" ілінеді. Бұған отбасындағы асыраушының қазасына байланысты келтірілген зиян, мүліктік, моралдық зиянды өтеу де жатады.
Яғни, салық, айыппұл бойынша мемлекетке немесе сотқа жүгінген басқа да адамдарға қарызы бар қазақстандықтар шекарадан әрі аса алмайды.
Қарыз сомасы
Бұрын берешегі 20 айлық есептік көрсеткіштен асатын (қазір бір АЕК 2 917 теңгеге тең) адамдар ел аумағынан шығарылмайтын. Ал биыл қарыз сомасы өзгерді. Енді 40 АЕК немесе 116 680 теңге және одан көп қарызы барлар борышкерлер тізіміне кіреді.
Осы орайда айлық есептік көрсеткіш жыл сайын өзгеретінін айта кеткен жөн. Берешек сомасы да соған сай құбылады.
"Шетелге шығуға тыйым салынатын статус ай сайынғы төлемдерден қашып жүрген адамға да беріледі. Бұл жерде мен алиментті меңзеп тұрмын. Егер адам алиментті үш ай және одан көп уақыт төлемесе, ол шетелге шыға алмайды", - деп атап өтті министрлік өкілі.
Сот орындаушылары да борышкерге шетелге шыға алмайтынын ескертуге міндетті. Олар шетелге шығуға тыйым салынғанға дейін, бес күн бұрын хабар беруге тиіс.
Десе де Әбділов қазақстандықтарға өз статусын сот орындаушының ескертуін күтпей-ақ, өз бетінше тексеріп тұруға кеңес берді. Өйткені ұмыт қалған ескі қарыздар да болуы мүмкін.
Шетелге шығуға тыйым салынғанын қалай білуге болады?
"Шетелге демалуға немесе іссапарға шығар алдында, әділет министрлігінің ресми сайтынан өзіңізді тексеріп алыңыз. Сайтта Борышкерлер реестрі, Қазақстан аумағынан шығуға уақытша шектеу қойылған борышкерлер тізімі бар. База сот органдарынан қаулылардың түсуіне қарай автоматты түрде жаңарып тұрады. Сонымен қатар, мемлекеттік кірістер органдарының "е-Salyk Azamat" мобильді қосымшасы бар. Борышкерлер қатарына қосылып-қосылмағаныңызды осы жерден де қарауға болады. Бірақ, мобильді қосымшаға кіру үшін телефон нөміріңіз Мобильді азаматтар базасында тіркеулі болуы қажет", - деді ол.
Тағы бір ескеретін жәйт, егер борышкер "қара тізімге" енгенін білмей, туристік фирмадан жолдама сатып алса, шетелге шыға алмаған жағдайда оның шығыны өтелмейді.
"Қара тізімнен" шығу қанша уақыт алады?
Азамат шетелге шығуға тыйым салынған борышкерлер тізіміне сот орындаушының тиісті қаулысынан кейін енгізіледі. Сол сияқты уақытша шектеуді алып тастау үшін де сот орындаушының қаулысы қажет. Бүкіл қарызды төлеп, борыштан құтылғаннан кейін, сот орындаушыға хабар беру керек. Атқарушылық іс жүргізу тоқтаған соң, сот орындаушы бес күнтізбелік күн ішінде сот актілерін орындау департаментіне және шекара қызметіне тиісті ақпарат жібереді. Тек осыдан кейін ғана борышкер "қара тізімнен" шығарылады.
Яғни, адам әуежайда борышынан құтылып, растайтын құжаттарды, мәселен, чек, көрсетсе де, ұшақ бортына жіберілмейді.
Тек шұғыл жағдайларда ғана шектеуді алып тастауға рұқсат етіледі. Мысалы, шетелде тұратын жақын адамы қайтыс болса, я да шұғыл ота жасату қажет болса. Ол үшін талап қоюшымен алдын ала келісу керек. Десе де екі тарап уағдаласқан күннің өзінде, олар жергілікті сот актілерін орындайтын департаментке жүгінуге тиіс. Сол себепті қаржы министрлігі қарызды сапарға шығар алдында он-он бес күн бұрын төлеп тастауға кеңес береді.