- Негізгі бет
- Экономика
- Қарапайым экономика: Мемлекеттік...
Қарапайым экономика: Мемлекеттік қарыз деген не?
Мемлекеттік қарыз – күрделі қаржылық тақырыптардың бірі. Көбіміз оны Қазақстанның шетелге (Ресей мен Қытайға) қарызы деп ойлауымыз мүмкін. Алайда бұл тек бергі жағы. Мемлекеттік қарыздың құрылымы да, түрлері де әлдеқайда тереңде жатыр.
Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекеттік қарыз дегеніміз – бұл үкіметтің шығынды өтеу мен бюжетке жетпей жатқан қаржыны толтыру үшін алған қарызы. Қазынадағы қаржы мен үкімет жұмсаған қаржының арасындағы айырмашылық. Мәселен, биыл Қазақстан үкіметі бюджетте жетпеген қаржыны толтыру үшін 2,4 трлн теңге қарыз алған.
Бірақ мемлекеттік қарыз тақырыбын тереңірек қозғасақ, елдегі жекеменшік компаниялар мен банктердің, басқа да ұйымдардың, бюджеттік қорлардың елдің ішінен және сыртқы елдерден алған қарызы – бәрі мемлекеттік қарыздың құрамына кіреді.
Қазақстанның қаржы министрлігінің есебінше, 2020 жылдың бірінші тоқсанындағы елдің мемлекеттік қарызы 18 трлн теңгеге жуықтаған (шамамен $4,3 млрд). Ал 2018 жылы мемлекеттік қарыз 14,8 трлн теңге, 2019 жылы 15,7 трлн теңге болған. Бір жылдың ішінде Қазақстанның жалпы борышы 2 трлн теңгеге немесе 12,7%-ға дейін көтерілген.
Қазіргі мемлекеттік қарыздың жалпы ішкі өнімге шаққандағы мөлшері – 25,5%. Бұл – жақсы көрсеткіш. Өйткені Дүниежүзілік банктің есебінше, мемлекеттік қарыз жылдық жалпы ішкі өнімнің 77%-нан артып кетсе, мемлекет үшін қиын болмақ.
Мәселен, АҚШ-тың биылғы бірінші тоқсандағы мемлекеттік қарызы $25 трлн болса, оның жалпы ішкі өніммен арадағы қатынасы – 116%. Ал мемлекеттік қарызы жағынан қиын жағдайдағы мемлекеттердің бірі – Жапония ($13,5 трлн қарыз). Оның мемлекеттік қарызының жалпы ішкі өніммен арақатынасы – 295%. Қытайдың мемлекеттік қарызы $16,2 трлн, жалпы ішкі өнімге шаққандағы үлесі – 90%.
Мемлекеттік қарызға қандай қарыздар енеді?
Жоғарыда айтқанымыздай, мемлекеттік қарыз дегеніміз үкіметтің бар шығындарын жабу үшін алған қарызы. Оған Қазақстан үкіметінің, Ұлттық банктің, жергілікті атқарушы органдардың алған қарыздары енеді.
Ал мемлекеттік қарыздың өзі сыртқы және ішкі болып бөлінеді.
Сыртқы қарыз ел үкіметінің шет мемлекеттен, халықаралық ұйымдар мен банктерден алған қарызы. 2020 жылдың алғашқы тоқсанындағы есеп бойынша, Қазақстанның сыртқы қарызы 1,53 млрд доллардан асқан. 2019 жылы $1,57 млрд.-қа жақын еді. Биыл 400 мың долларға дейін азайған.
Қазақстан Нидерландқа - $44 млн, Ұлыбританияға - $20 млн, АҚШ-қа - $12,3 млн, Францияға - $11,7 млн, Қытайға - $9,8 млн, Ресейге - $8,8 млн, халықаралық ұйымдарға – $9,8 млн қарыз. Шетелден мемлекеттік қарыз бергендерді кредитор дейді. Яғни, ел үкіметі шет мемлекеттен, халықаралық ұйымдар мен институттардан қарыз ала отырып, қарыз келісімін жасайды.
Үкіметтің сыртқы қарызының басым бөлігін еурооблигациялар, яғни, Еуропа елдері шығарған құнды қағаздар құрайды. Еурооблигация шетелдік валюта түрінде 1 жылдан 40 жылға дейінгі мерзімге шығарылады және халықаралық қаржы нарығына айналымда болады.
Сыртқы қарызға үкіметтің өзі алған қарызымен бірге Қазақстандағы ұйымдар мен заңды тұлғалардың, яғни, ел резиденттерінің шетелден алған қарызы да кіреді. Қарыздың үстіне пайызы да қосылады. Сыртқы борыштың стандарт құрылымы Қазақстан кәсіпорындарына құйылған инвестиция мен кәсіпорындардың инвестиция құю үшін алған борышы, шетелдік кәсіпорындар алдындағы фирмааралық берешегі енеді.
Ішкі қарыз – ел үкіметінің өз азаматтары мен заңды тұлғаларынан алған қарыз міндеттемелері.
Үкіметтің ішкі қарызының басым бөлігі – мемлекеттік құнды қағаздар.
Мемлекет құнды қағаздарды шығарумен айналысады. Ал құнды қағазда белгілі бір тұлғаның белгілі бір уақыт өткеннен кейін мемлекеттен ақшалай қаржы алатыны жазылады. Мұндай құнды қағаздарды сататын – орталық банк (Қазақстанда – Ұлттық банк). Құнды қағаздарды сатып алып сатуға да болады.
Мәселен, сіздің қолыңызда қомақты қаржы бар делік. Оны сіз банкке салудан қорқасыз, өйткені банк аяқ астынан банкрот болуы мүмкін. Бірақ қаржының қолда тұрғанын да қаламайсыз. Себебі инфляция күн сайын өсіп барады. Мұндайда кейбір тұлғалар қолындағы қаржысына мемлекеттен құнды қағаздар сатып алып, 1 жылдан 5 жылға дейін сақтайды. Міне, заңды не физикалық тұлғалардың сатып алған құнды қағаздарының қаржылық сомасы мемлекетке қарыз болып саналады.
Мемлекеттік құнды қағаздардың үш түрі бар:
– 5 жылдан аса уақытқа шығарылған ұзақмерзімді мемлекеттік құнды қағаздар;
– 1 жылдан 5 жылға дейінгі уақытқа шығарылған ортамерзімді мемлекеттік құнды қағаздар;
– 1 жылға дейінгі мерзімге шығарылған мемлекеттік құнды қағаздар.
Қазақстан үкіметінің айналымдағы құнды қағаздарының көбі ұзақмерзімді. 2020 жылдың бірінші тоқсанындағы дерек бойынша, орташа мерзімді қарыздың сомасы 667,1 млрд. теңге болса, ұзақмерзімді қарыздың сомасы 13 469,3 млрд. теңге болған.
Мемлекеттік және жекеменшік қарыз
Мемлекеттік қарыз тағы да мемлекеттік және жекеменшік болып екіге бөлінеді. Сыртқы қарыз да, ішкі қарызды мемлекеттік және жекеменшік қарыз деп бөлуге болады.
ҚР Қаржы министрлігінің мәліметінше, негізінен мемлекеттік қарыздың басым бөлігін, яғни, 80%-ын мемлекеттік қарыз құрайды, 2020 жылдың бірінші тоқсанындағы қарыз сомасы – 14 136,4 млрд. теңге.
Үкіметтің ішкі қарызы 7 475,8 млрд. теңге (53%), сыртқы қарызы 6 660,6 млрд. теңге (47%) болған.
Мемлекеттік қарыздың құрамына тағы да мемлекеттік қорлардың – медициналық сақтандыру мен зейнетақы қорлары, басқа да сақтандыру қорларының қарыздары енеді. Олар да қорға түскен қаржыны ұзақ сақтау үшін құнды қағаздарға айналдырып, облигация түрінде ұстайды.
Ұлттық банк қарызы
Ұлттық банк қарызы – мемлекеттік қарыз құрамына кіретін бөлік. Үкімет бюджет шығынын толтыру үшін қарыз алса, Ұлттық банк коммерциялық банктердің банкрот болмауы үшін қарыз алады.
Коммерциялық банк құрдымға кетпес үшін қолында актив болғаны жөн. Оны кез келген уақытта ақшаға айналдырып, айналымға сала алады. Ал Ұлттық банк – ірі әрі бірден-бір тұрақты банк болғандықтан, оның шығарған активтері мен облигациялары да құнды әрі тұрақты. Сондықтан екінші деңгейлі банктер резерв пен ертеңгі күннің қамы үшін Ұлттық банктің активтерін сатып алуға тырысады.
Егер банк қарызға батып, банкрот болуға таяса, Ұлттық банктен алған активтері мен құнды қағаздарын сатып, ақшаға айналдырып, шығындарын жабады.
Мемлекеттік қарыздың құрамына жергілікті атқарушы органдар мен квазимемлекеттік қарыздар, мемлекеттің кәсіпорындарға кепілдік үшін берген кепілдендірілген қарыздары да енеді. Бірақ бұлар жайлы Қазақстанда нақты деректер жоқ. Сондықтан оған талдау жасау біршама қиын.
Ал әзірше мемлекеттік қарыздың құрылымы жайлы айтылған жоғарыдағы деректер – мемлекеттік қарыздың басым бөлігі десек болады.
Қ. Слямбек