- Негізгі бет
- Экономика
- Жыл сайын 5...
Жыл сайын 5 миллион бала аштықтан қайтыс болады
Адамзат ХХІ ғасырдың елеулі бөлігін артқа тастады. Ғылым бұрын-соңды болмаған нәтижелерге қол жеткізді, ілгерілеу бұрынғыдан жылдам болып жатыр. Бірақ адам қабілеті өзінің бірінші мәселесі – тамақтану мәселесін әлі толық шеше алған жоқ. Бұл күрделі проблема салдарынан кейінгі жылдары аштыққа ұшыраған адамдардың саны тұрақты түрде өсіп келеді.
Ашаршылық ұғымы туралы: Ашаршылық – бұл ұзақ уақыт бойы азық-түлік тапшылығы және үлкен аумақтарда көптеген адамдардың өлімі болып табылатын әлеуметтік апат.
Бүгінгі жағдай
2010 жылға қарай аштық тұрақты түрде төмендеді. Бірақ кейін кері процесс қайта басталып, аштықтан зардап шеккендер көбейді. 2020 жылға қарай кейінгі 15 жылдағы ең жоғары көрсеткіш тіркелді – әлем халқының оннан бір бөлігі (9,9 пайыз) немесе 811 миллион адам тойып тамақтанбаған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 161 миллионға көп, ашаршылықтан кейінгі өлім саны да күрт өсті.
Ашаршылық туралы ойлағанда, Африканы елестетеміз. Бірақ аш адамдар саны бойынша Азия көш бастап тұр – 418 миллион адам. Келесі құрлық Африка, онда 282 миллион адам негізгі азық-түлікке мұқтаж болса, Латын Америкасы мен Кариб теңізіндегі 60 миллион адам тойып тамақтануды армандайды.
Осы процестерді үнемі қадағалап отыратын Oxfam ұйымының мәліметі бойынша, 2020 жылы аштық салдарынан қайтыс болғандар саны 6 есеге өсіп, өлімнің негізгі себептерінің арасында COVID-19-дан асып түскен.
2020 жылғы статистикаға сәйкес, әлем халқының 30 пайызы немесе 2,3 миллиард адам медициналық тұрғыдан рұқсат етілген азыққа қол жеткізуден мақрұм. Яғни, адамзаттың үштен бір бөлігі азық-түлікпен жеткілікті қамтамасыз етілмей, аштықтан зардап шегеді.
2021 жылы коронавирус тарап, кейінгі зерттеулер жарияланбады, ал 2022 жылы дүние жүзіндегі астықтың айтарлықтай бөлігін өсіретін Ресей мен Украина қақтығысып жатыр, бір жағынан санкция азық-түлік мәселесін ушықтыра түсетіні сөзсіз.
Қорқынышты сандар
Ашаршылықтың ең қорқынышты салдары – одан кейін халықтың жаппай қырылуы. Адамзат тарихының жолдары үнемі аштықпен жазылды және бұл мәселе миллиондаған адамдардың өліміне себеп болды.
Бүгінде тоқтық символына айналған Еуропа да бірнеше рет қатты аштықты бастан өткерді. Бұлардың алғашқыларының бірі – 1030-1032 жылдары Францияда тіркелген.
1125 жылы қазіргі Германиядағы ашаршылық халықтың жартысын жойды.
Бұл мәселе басқа да әлеуметтік апаттарға әкеліп соқтыруымен ерекше. Сол жылдары қарақшылық, агрессия, адам саудасы, кісі өлтіру, суицид күрт өсті. Яғни, адамдар бір бөлке нан үшін бір-бірін өлтіруді қалыпты жағдайға айналдыра бастады. Қазіргі Францияның аумағында, тіпті XVII ғасырға дейін, ашық түрде аштықтан өлетін адамдарды, әсіресе балаларды қала шетіне қалдыру заңды болды.
Ара-тұра Ресейде де ашаршылық болды. 1921-1922 жылдар аралығында 35 губерниядағы 90 миллион адамды қамтыған аштықтан 40 миллион адам асқа зәру болып, оның 5 миллионы аштық салдарынан қаза тапты.
Ашаршылық КСРО кезінде де жалғасты. Атап айтқанда, 1932-1933 жылдардағы ашаршылық Украина, Белоруссия, Кавказ және Қазақстанда 7 миллионға жуық адамның өмірін қиды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңі, Ленинград қоршауындағы ашаршылық болды. Аштық соғыс біткесін де жалғасты. 1946-1947 жылдар аралығында КСРО-да 1,5 миллион адам аштықтан қырылды.
Ғылым үлкен жетістіктерге жеткенөткен ғасырдың жетпісінші жылдардың өзінде ашаршылық жалғаса берді. Африканың Нигер елінде бір жылға созылған құрғақшылық 100 мың адамның өмірін қиды. Ал 1990 жылдары социалистік режимнің көмегі тоқтағандықтан, Солтүстік Корея аштыққа ұшырап, миллиондаған адамның шаңырағы қаңырап қалды. Алдағы уақытта бұл елде бүгінде ашаршылық бар деп айтуға болады, бірақ тым жабық болғандықтан нақты сандарды анықтау мүмкін емес.
Дүние жүзінде 5 жасқа дейінгі балалар өлімінің шамамен 45% дұрыс тамақтанбау салдарынан болады. Ең сорақысы, аштықтан жыл сайын орта есеппен 5 миллион бала қайтыс болады.
Мәселенің күрделілігіне байланысты 1979 жылдан бері жыл сайын 16 қазанда Халықаралық азық-түлік күні атап өтіледі.
Ашаршылықтың себептері
Ашаршылықтың бірнеше себептері бар. Климаттың өзгеруінің негізгі себептері, үлкен аумақтардағы құрғақшылық, табиғи апаттар, экономикалық мәселелерге байланысты халықтың көп бөлігінің азық сатып ала алмауы, ауыр әскери операциялар, мемлекетаралық қақтығыстар ашаршылықтың тікелей себептері болып табылады.
Сонымен қатар, көмекке мұқтаж аймақтарға гуманитарлық көмекті блокадалау, негізгі азық-түлік тауарларының бағасына қатысты ауқымды алыпсатарлық және елдердегі ұзақ мерзімді саяси дағдарыстар да ашаршылыққа әкеледі.
Тамақ қалдықтары
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, әлемдегі тағамның 30 пайызы қоқысқа тасталады. АҚШ-та бұл көрсеткіш 40 пайызға дейін, ал Ұлыбританияда 50 пайызға дейін жетеді. Еуропада 100 миллион тонна, дүние жүзінде 1,3 миллиард тонна азық-түлік ысырап болады.
"Егер бұл өнімдердің жартысы қажетті жерге жетсе, әлемдегі аштық мәселесі шешілуі мүмкін", - делінген БҰҰ мәлімдемесінде.
2020 жылы Қазақстан халқының 4,4 пайызы азық-түлік тапшылығына ұшыраған.
Өкінішке қарай, ашаршылық көршілес Ауғанстанға да жетті. Бұрын жергілікті бюджеттің 40 пайызға жуығы сыртқы көмек есебінен қаржыландырылатын болса, бүгінде 20 миллионнан астам ауғандық бұл көмектен айырылып, азық-түлік жеткіліксіздігіне тап болып отыр.
Т. Раушанұлы