Джефф Безос әлемдегі ең бай адам мәртебесінен айырылды

Amazon мен Blue Origin ғарыш компаниясының негізін қалаушы Джефф Безос Louis Vuitton Moët Hennessy (LVMH) тобының президенті Бернард Арноға жол беріп, әлемдегі ең бай адам мәртебесінен айырылды.

Кейінгі уақытта Безостың байлығы 13,9 миллиард долларға азайып, әлемдегі байлар арасындағы рейтингте екінші орынға түсті, оның байлығы 192,4 миллиард долларға бағаланды.

Енді бірінші орынға Louis Vuitton мен Dior сәнді брендтердің иесі Бернард Арно шықты. Оның байлығы – 192,9 миллиард доллар.

Үздік үштікті 179,4 миллиард доллар дәулетке ие Илон Маск қортындылаған.  Ал Билл Гейтс (131,6 миллиард доллар) және Марк Цукерберг (126,2 миллиард доллар) бестікке енді.

Amazon акцияларының құлдырауы Безосқа шығын әкелді. Жұма күні олардың бағасы компанияның екінші тоқсандағы қаржылық есебі жарияланғаннан кейін бірден 7,56 пайызға төмендеді.

Еуропалық құпиялылық қызметі Amazon-да жеке деректерді өңдеу ЕО мәліметтерін қорғау туралы жалпы ережені бұзды деп компанияға 746 миллион еуро айыппұл салды.