- Негізгі бет
- Экономика
- "Чек пен түбіртекті...
"Чек пен түбіртекті лақтыруға болмайды": алаяқтар онлайн-кредитті қалай рәсімдейді?
Қазақстанда интернет-алаяқтық көбейіп барады. Біреулер "жоғары пайыздарға" сеніп, ақшадан айырылса, енді біреулер жеке куәлігін, тіпті, медициналық анықтаманы жоғалтқаннан кейін атына онлайн-кредиттің рәсімделгенін біліп жатады. Мамандар чек пен түбіртекті де лақтыруға болмайды дейді. Айтуларынша, алаяқтар оны да пайдаланып кетуі мүмкін.
Карта мен депозитте жатқан ақшаны үптеп кетеді
Бүгінде интернет-алаяқтықтың бірнеше түрі бар. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, бірінші орында жалған хабарландырулар арқылы алдау қылмысы тұр. Алаяқтар тауар немесе қызметтің алдын ала төлемін жіберуді сұрайды да, артынан жоқ болып кетеді. Интернет-алаяқтықтың тең жартысы солай жасалады.
Мәселен, Павлодар облысында бір пысықай әйел OLX пен Крыша сайттарында пәтерлерді төмен бағаға жалға беремін деп, хабарландыру жариялап отырған. Сосын қоңырау шалған адамдардан алдын ала төлем алып, ақшаны әртүрлі есепшоттарға жіберген. Алаяқ әйел ақшаны алғаннан кейін барлық хабарландыруларды жойып, нөмірін өшіріп жүрген. Сөйтіп, халықтың 800 мың теңгеге алдап кетті.
Ал облыс орталығы – Павлодар қаласында алаяқтар тобы ұсталды. Үш ер адам ауыл шаруашылығы техникасы мен дәнді дақылдарды сату туралы жалған хабарландыру жариялап, алдын ала төлеммен 200 адамды тақырға отырғызды. Осы орайда халықты алдаудың тағы бір әрекеті туралы айта кеткен жөн. Ондайда алаяқтар адамның өзі жариялаған хабарландыруды пайдаланып жатады.
Министрліктегілердің айтуынша, алаяқтар алдымен қоңырау шалып, сатуға шығарылған заттың алдын ала төлемін картаға жібереміз дейді. Одан кейін банка картасының екі жақтан түсірілген фотосын сұрайды, я болмаса, жалған сайттың сілтемесін жібереді де, жеке мәліметтерді енгізуге кеңес береді. Соның ішінде картаның CVC-коды, пароль пен пин-кодтар бар. Осылайша, карта мен депозитте жатқан барлық ақшаны үптеп кетеді.
Онлайн-кредиттің қалай рәсімделгенін білмей қалады
Интернет-алаяқтықтың тағы бір түрі – онлайн-кредитті заңсыз рәсімдеу. Қазақстанда осы қылмыс жалған хабарландырулардан кейін екінші орында тұр. Алаяқтар адамның жеке мәліметтерін пайдаланып, мойнына кредит іліп кетеді. Ал жеке мәліметтерді табу шаруа емес. Мысалы, Атырау облысында Семей қаласының тұрғыны ұсталды. Ол әлеуметтік желіде жоғалған құжаттар туралы хабарландыруларды іздеп, сонда көрсетілген жеке мәліметтермен микро кредиттерге тапсырыс беріп отырған.
Ал құжат жоғалған адамдар заңсыз кредиттің рәсімделгенін білмеген. Оларға қарызды төлеу мерзімі өтіп кеткеннен кейін ғана хабарлама түскен. Қазіргі кезде зардап шеккен 350-ден астам адам анықталды. Олардың атына жалпы сомасы 10 миллион теңгеден асатын заңсыз кредиттер рәсімделген. Ал Петропавл қаласында жеке куәлікпен емес, кәдімгідей медициналық анықтамамен онлайн-кредит рәсімдеу фактісі анықталды. Бір әйел дәрігерлердің тексерісінен кейін асығып, медициналық анықтаманың тура аурухананың жанында түсіріп алған.
Оны алаяқ тауып алып, атына кредит рәсімдеп жіберген. Анықталғандай, ер адам көп ойланбай, құжаттағы жеке мәліметтерді пайдаланып, 50 мың теңгеге онлайн тапсырыс берген. Бірнеше қаржы ұйымы займ бермей қойды. Ал біреуі оң шешім шығарып, ер адамның банк картасына кредит ақшасын жібере салған. Ал келіншек онлайн кредиттің бар екенін сот орындаушыларынан ғана білген.
"Адамдар банкоматтан ақша алғанда және терминал арқылы төлем жасаған кезде көп жағдайда чек пен түбіртектерді тастап кетеді. Олай істеуге болмайды. Себебі чекте телефон нөмірі, ЖСН, соңғы аударымның сомасы, шотқа түскен ақша және тағы басқа деректер көрсетіледі. Алаяқтар оны пайдаланып кетуі мүмкін", - дейді полицейлер.
Онлайн-кредит беру тәртібі тағы күшейтіледі
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілі Дмитрий Ақмаевтың айтуынша, бүгінде микроқаржы ұйымдарынан онлайн кредит алудың нақты тәртібі бар. Былтыр талаптар күшейтілген болатын. Оған сәйкес, құжаттан бөлек телефонмен кредит алуды растау рәсімі бар. Микроқаржы ұйымының қызметкерлері жеке құжатпен бірген түскен селфи жіберуді немесе бейнебайланысқа шығуды сұрауы мүмкін.
Телефон мен компьютерге кіріп, ақша ұрлайды
Бүгінде банк қызметкері атынан халықты алдайтын алаяқтар жаңа тәсілді меңгеріп алды. Олар байланыс орталығының нөмірін беріп, адамды әбден сендіреді. Сөйтіп, сан соқтырып кетеді. Тура сондай жағдай Ақтөбе облысында болған. Алаяқтар зейнеткерге қоңырау шалып, есепшотында күдікті операциялардың байқалғанын айтты. Бірақ зейнеткер бірден сенген жоқ.
Сол кезде алаяқ 88000800059 нөміріне хабарласып көруге кеңес берген. Зейнеткер оператор жауап берді де, қайтадан сол алаяққа қосқан. Соған әбден сенген облыс тұрғыны 2 250 000 теңгесін "басқа есепшотқа" аударып жіберген.
"Сақ болыңыз, 88000800059 нөмірі алаяқтарға тиесілі!", - дейді тәртіп сақшылары.
Ал астаналық полицейлер "AnyDesk" және "TeamViewer" сияқты бағдарламаларды жүктемеу қажеттігін ескертті. Алаяқтар ондай танымал және заңды бағдарламаларды ақшаны ұрлау үшін пайдаланып отырады.
"Олар мобильді банкинг дұрыс білмейтін адамдарға "AnyDesk" және "TeamViewer" қосымшаларын жүктеуді ұсынады. Осылайша, мобильді құрылғыларға немесе компьютерлерге қашықтан кіріп, ақша ұрлайды", - деп атап көрсетті полицейлер.
Ішкі істер минстрлігінің мәліметіне сәйкес, 2021 жылы Қазақстанда алаяқтық қылмыстардың саны 22,5 процентке өсіп, 41 мыңға дейін жетті. Биыл қаңтар айында ғана 2,5 мың қылмыс тіркелген.
Айта кетері, Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кінәлі деп танылған адамдардың мүлкі тәркіленеді.
дереккөз: sputnik.kz
Т. Есқали