"Бәрі қымбаттап кетті": Дағдарыста кім неден бас тартып жатыр?

Ковид-дағдарыстан әлем экономикасы әлі де қалпына келе қоймады. Жаһандық қаржы саласындағы тектоникалық ығысуларға себеп болған аса ауыр соққы еш елді аямады. Дүниежүзілік банк азық-түлік бағасы биыл 20%-ға қымбаттап, әдеттегі бағасынан әлдеқайда асып түскенін айтады.

Энергия ресурстарының қымбаттауы 50%-ға жетті. Тізбек жалғаса түседі. Бүкіл әлемде тыңайтқыштың құны 100% дерлік өсті және бұл қосымша шығындар ауыл шаруашылығында қолданылатын тыңайтқыштың мөлшерін азайтады, бұл дүние жүзінде егіннің сапасына нұқсан келтіреді.

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы: "Өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағалар 0,2%-ға, жыл басынан бері 21,9%-ға өсті. Жылдық мәнде олар 21,3%-ға қымбаттады, бұл 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 9,9 пайыздық тармаққа жоғары.

?Өткен апта ішінде арзандады:
Қант – 1,4%
Қарақұмық жармасы – 0,5%

?Өткен апта ішінде қымбаттады:
Пияз – 1,8%
Жұмыртқа, І санат – 1,2%

ҚР бойынша әлеуметтік маңызы бар кейбір тауарлардың орташа бағасы /2022 жылғы 6 желтоқсанға/:
Қарақұмық жармасы – 517 тг/кг
Картоп – 153 тг/кг
Қырыққабат – 98 тг/кг

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне 19 атау кіреді"- деп хабарлайды.

Сәйкесінше, қарапайым халықтың әл-ауқаты, өмір сүру дағдысы өзгереді. Көп нәрседен шектеуге мәжбүр болады. 

Осы орайда Massaget сайта оқырмандары арасынада сауалнама жүргізген едік. Олардың басым бөлігі киім алудан бас тартқанын айтады.

       

       

Мұндай жауаптар легі көп. Осыған орай киім алуға қатысты қандай бағыт ұстанған дұрыс екенін стилист маманнан сұрап көрдік.

Ардақ Әлімбетова, стилист: "Қымбатшылық қатты сезіледі. Азық-түлік, киім, жол жүру - бәрі едәуір өскен. Күнделікті тұрмыстан бөлек, қымбатшылық қысып жатқанын өз кәсібімнен де байқап жүрмін. Сауда орталықтарына көп барамын. Киім бағасын көріп, қаншалықты өскенін бақылап жүремін. Клиенттерге киім іздеместен бұрын, ең алдымен біз жалпы бюджетті анықтап аламыз. Бұрын бір мезгілге арналған  шағын капсуланы (сырт киімсіз) 300 мыңға сатып алатын болсақ, бұл сомма қазір 2 есе өскен. Бүгін шамамен 500 мыңға жуық ақша кетеді. Айырмашылық көп. Кейінгі кезде шопиңгке шығуға сұраныс азайғаны байқалады. Демек адам өзін киім алудан тыйып жатыр. Бірақ ол қажеттілік жоқ деген сөз емес. Адамға киім мен тамақ қашан да керек болған.Тек амалын тауып, үнемдеудің дұрыс жолын білу керек.  

"Бүгінде танымал дизайнерлердің өзі апсайклингке (ескіні жаңаға түрлендіру) көп жүгінеді. Үйде жатқан ескі жакеттен қысқа жакет пен белдемше тігіп алатын тренд шықты былтыр. Әдемі түрлендіру. Ең әуелі ақша үнемдеуге болады және табиғатқа да зиянымыз тимейді. Бүгінгі күннің трендсеттерлері second hand-тен түрлі жарасымды киім тауып, көпшілікке әдемі луктар ұсынып жатыр.

"Қымбат, жаңа" дей бермей ескіні де есті пайдалануға боладының дәлелі. Тағы бір сәннен шыққан киім - құндыз шапан. Бір шапан үшін 50 шақты құндызды өлтіреді екен. Сондықтан айналамызға зиянымызды тигізбей, эко, жасанды жүннен жасалған киімдерге назар аударған жөн. Қымбатшылық қалтамызды қақпасын десек, жеңілдіктер уақытын дұрыс пайдалану қажет.

FAADA (Foundation for Advice and Action in the Defence of Animals) Жануарларды қорғау ұйымы статистикасы бойынша, жылына ішік тігуге 45 миллион жануар өлтіріледі.

Әлем бойынша жаппай жеңілдіктер екі рет болады. Күзде және көктемде. Сол кезде тиімді бағада бар қажетіңізді алуға болады. Психологтардың айтуынша, өзін тежеп ештеңе сатып алмай жүрген адам,  нағыз қалауын ажырата алмай, барлығына жүгіруі де мүмкін. Сондықтан оған арнайы дайындық қажет. Ең әуелі осы маусымның киімдерін саралап, керек киімдердің ғана тізімін жазған жөн.  Дүкенге де сол тізіммен барып, артық нәрсеге көз салмаған абзал. Үстіңізге жұмысқа киетін жакет не жейде алмай, (қажетіңізге байланысты)  жаңа жылға жылтыр көйлек алып кетуге мүлдем болмайды.

Қазір масс-маркеттің құны өсті деп отырмыз. Бірақ сапа сол күйінде қалғанын ескеретін болсақ, бұл жерде дұрыс шешім – жергілікті брендтерге ауысу. Бір жағынан отандық өнімді қолдасақ, екінші жағынан ұзақ қызмет ететін сапалы дүние аламыз", - дейді маман.

Өзге оқырмандарымыз да, бірталай дүниеден бас тартқанға ұқсайды. Олардың қатарында қыдыру, көңіл көтеру, тұлға ретінде дамуға арналған курстар, кітап, көңіліне қуаныш сыйлайтын эстетикалық дүниелер және т.б. бар. Ал кейбірі қосымша жұмыстарға орналасқан.

Бір қызығы, АҚШ ғалымдары ойын-сауықтан бас тартпау керегін айтқан болатын. Мұндай өмір салты психикалық саулықтың қатты нашарлауын тудыруы мүмкін.

Болжамды дәлелдеу үшін сарапшылар бірқатар зерттеу жүргізді. Көңіл көтеруді ұнатпайтын адамдардың психикалық денсаулығына байланысты демалысын ләззат ала алмайтыны белгілі болды. Көңіл көтере білу бақытты болуға және психикалық денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді.

Қымбатшылық секілді өзің игере алмайтын жағдайларда психика саулығын қалай сақтап қалуды арнайы маманнан сұрап білдік. Ал шамадан тыс жұмысқа берілудің зияны туралы дәрігер айтқан кеңеске құлақ асыңыз. 

Психолог маман Ботагоз Әбдірахманова: "Қазіргі қымбатшылық заманы адамдардың психологиясына әсер етпей қоймайды, тіпті күйзеліске түсіп кетуге де алып келуі мүмкін. Бірінші кезекте әлемде болып жатқан жағдайды қабылдау, бағаның өсіп жатқана ашулана бергеннен, оны талқылай бергеннен ешқандай өзгеріс болмайды, сондықтан жағдайды қалай бар солай қабылдауды үйрену.
Қолдағы бар қаражатты тиімді пайдалануды үйрену, қаржылай сауаттылықты арттыру. Ойымызды қымбатшылық пен кетіп жатқан ақшаға бұрмай, қалай көбірек табыс табу жолына бұру.
Кейде онсыз өмір сүре алатын жағдайлардан бас тартуға тура келеді, мысалы: киноға бару, кафеден тамақ ішу, қыдыру секілді. Алайда, түбегейлі бас тартуға болмайды, тек жиілігін азайту керек. Егер қуаныш сыйлайтын жағдайлардан ақша жоқтығынан бас тарта берсек ішкі бала эго күйіміз жабырқайды.
Барынша өзімізге және жақындарымызға қамқор болайық, жақындардың қолдауы кез келген қиындықты жеңіп шығады!" - деді.

Қандай жағдай болса да, саналы қабылдап, бағытын түзей білген адам гармониясын жоғалтпай, өмірін жалғастыра алады.