Қай елдің мұғалімдері көп жалақы алады?

Қай елдің мұғалімдері көп жалақы алады?
Фото: envato.com

Әрине, ұстаздардың жалақысының жоғары болғаны жақсы. Бірақ барлық елде экономиканың дамуы бірдей емес қой. Бір ел мұғалімдерді жоғары мәртебелі мамандықтың қатарына қояды. Екінші ел мүмкіндігінше ұстаздарға жағдай жасауға тырысады.

Бірақ қалай айтқанда да, мұғалім­дердің жалақысының азды-көптігі біршама факторларға байланысты екендігін айта кеткен жөн. Ол ең алдымен, ұстаздың кәсібилігіне, оның оқу сағатына, оқу орнының рейтингіне,  еңбек өтілі мен білім ордасының мықтылығына қатысты екенін айта кеткен жөн. Ал 2020-2021 оқу жылында әлем бойынша қай мемлекеттің мұғалімдері көп жалақы алады? Енді салыстырып көрейік.

Швейцария — 6240 доллар ай сайын
Дания — 6190.
Люксембург — 5850.
Норвегия — 5450.
Исландия — 5430.
Германия — 4390.
Жапония — 3990.
Бельгия — 3900.
АҚШ — 3900.
Финляндия — 3900.

Люксембург мұғалімдері әлемде ең жоғары жалақы алады. Айлығы – 5850 евро шамасында. Ел ұстаздары элиталық топтың құрамына жатады.Сондықтан Люксембургте мұғалім болу оңай емес. Негізгі талап люксембург тілін білу керек. Бәсекелестік өте жоғары. Негізінен 40 жасқа дейінгілер ғана мұғалім бола алады.
Германия: Негізгі талап неміс тілін білу қажет. Неміс мұғалімдерінің алатын айлығы  – 4390 евро. Германияда мұғалім мамандығы мәртебелі саналады. 
Жапония: Мұғалім Жапонияда ең құрметті мамандық. Мұғалімге кез келген адам тұрып сәлем береді, ізет білдіреді. Ұстаздар арасында бәсекелестік өте жоғары. Бір орынға 20 орыннан келеді.
АҚШ: АҚШ-та ұстаздың айлығы қай аймақта жұмыс істегеніне байланысты. Мысалы, Оңтүстік Дакотада – 3210 доллар болса, Нью-Йорк, Калифорнияда ұстаздар ай сайын  – 7510 доллар жалақы алады. Ал орташа есеппен алғанда АҚШ-тағы мұғалімдердің жалақысы 3 900 доллар шамасында.
Франция: Францияда мұғалімдер  елдің орта табына жатады. Олардың айлығы шамамен 3300 доллар шамасында. 

Қазақстанда қандай?
Қазақстанда да педагогикалық бағытта білім сапасын арттыру бағытында іргелі реформалар жүргізілуде. Бұл орайда министр Асхат Аймағамбетовтың жаңашылдығын атап өту орынды.

Өйткені тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жыл ішінде алғаш рет «Педагог мәртебесі туралы заң» қабылданды. 2020 жылы дайындықтың педагогикалық бағытына түсу үшін шекті балл 60-тан 70-ке дейін, 2021 жылы 75-ке дейін көтерілді. Соған қарамастан педагог болғысы келетін жас түлектердің саны жыл сайын артып келеді.

Бұрын мектеп директорлары бір орнында 15-20 жыл отыратын болса, енді 5 жылдан артық басқару қызметінде бола алмайды. Мектепке тұрғысы келетін мұғалімдер енді директор арқылы емес, білім бөлімі арқылы жұмысқа орналасады. 

Айта кету керек, Қазақстанда да мұғалім­дердің жалақысы жыл сайын көтеріліп келеді. Мысалы, Қазақстанның 5 аймағындағы мұғалімдердің жалақысы республикадағы орташа еңбекақыдан асады. Бір жыл ішінде білім саласы қызметкерлерінің жалақысы бірден 27 пайызға артқан.

2021 жылдың екінші тоқсанында мұға­лімдердің орташа айлық жалақысы 233,9 мың теңгеге жеткен. Бұл былтырғымен салыстырғанда 26,8 пайызға көп. Балабақша қызметкерлері орта есеппен 116,4 мың теңге, бастауыш білім — 193,4 мың теңге, орта білім — 273,7 мың теңге, жоғары білім 251,7 мың теңге жалақы алады.

Аймақ арасында ең жоғары айлықты қай өңір алады? Өңірлер арасында ең жоғары жалақы елордалық мұғалімдерде – 350,8 мың теңге. Екінші және үшінші орындарға Маңғыстау облысы (268 мың теңге) мен Алматы қаласы (265,5 мың теңге).Сондай-ақ үздік бестікке Қызылорда мен Алматы облыстары да кірді.

Алдағы 3 жылда мұғалімдердің жалақысын әр жылы 25 пайызға арттыру көзделіп отыр.

дереккөз: anatili.kazgazeta.kz (Берік Бейсенұлы)

Т. Есқали