Пандемия әсері: Миллионерлер қатарына бір жылда 5 миллион адам қосылды

Пандемия әсері: Миллионерлер қатарына бір жылда 5 миллион адам қосылды
Фото: etoday.kz

Пандемияда ел-жұрт жұмысынан айырылып, азық-түлік қымбаттап, әлем экономикасы кері кеткені белгілі. Дағдарыс бәріне соққы боп тиді. Әлемнің бақуатты адамдары да кризистен сақтанып, қаржысын үнемдеуге тырысқаны анық.

Бірақ сондай қиын кезеңде әлем бір жылдың ішінде тағы 5 миллион адам байып шығып, миллионерлер қатарына қосылды дегенге сенесіз бе? Қызығы сол – бұл рас хабар.

Мұны растаған – Швейцарияның Credit Suisse банкі. Банк әлемнің дәулетті адамдарын тізімдеп отырып, 2019-2020 жылдары экономика мен бизнес құлдырап жатқанда, бақуатты санатқа тағы 5 миллион адамның қосылғанын байқаған.

Яғни, пандемияда байлар байлығынан айырылудың орнына, баю үстіне байи түскен. Қазіргі есеп бойынша, әлем халқының 1 пайызы – ауқатты адамдарға жетті.

Бұлардың байлығы 1 млн доллардан асатын адамдар.

Тағы бір қызық дерек бар. Пандемияда миллионерлермен бірге миллиардерлердің саны көбейген екен. Forbes журналының есебінше, бір жылдың ішінде миллиардерлер санатына 660 адам қосылған. Яғни, жер шарында 17 сағатта бір миллиардер пайда болып отырған.

Бұған не себеп болды дегенге келсек, Credit Suisse банкі  тұщымды жауап берген екен. Басты себеп – акция құнының өсуі. Әсіресе жылжымайтын мүлік акциясы бір жылда 30 пайыз қымбаттаған. Мәселен, Ұлыбританияда байыған адамдардың көбі – осы жылжымайтын мүлкі бар азаматтар.

Бұл жерде айта кететін бір нәрсе бар. Бақуатты адамдардың көбі тұрғын үй құнының қымбаттауы есебінен байып жатқандықтан, олардың есепшотында ақша көлемі көбейді деуге келмейді. Қолында жылжымайтын мүліктің құны өсті деген дұрысырақ.

"Байлардың көбеюіне экономиканың қатысы жоқ. Бәрі саясатқа байланысты. Яғни ел үкіметі орта не кедей тапқа қарағанда, ауқатты ортаға көбірек көңіл бөледі. Бай мен кедейдің арасы ажырап барады. Жер мен көктей. Климаттың өзгеруіне ұқсайды. Егер дер кезінде қос тарапты бекітпесе, әлеуметтік жарылыс болуы мүмкін", - дейді Лондон экономика мектебінің социолог профессоры Майк Сэвидж.

Қ. Слямбек