Ұлттық банк пен Халық банк бір емес

Бір қарағанда, Ұлттық Банк пен Халық банкі бір ұйым, бір қаржылық институт болып көрінуі мүмкін. Өйткені "ұлттық" және "халық" ұғымдары мәндес, қабаттас түсініктер болғандықтан, қарапайым азаматқа біркелкі мағына берері анық.

Әсте олай емес. Бұл екі ұйымның қызметі мен құрылымы бір-біріне мүлдем сәйкес келмейді. Біреуі – билеуші құрылым болса, екіншісі – қатардағы қаржылық банк.

Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі

Бұл – Қазақстанның орталық банкі. Қызметі АҚШ-тың Федералды резерв банкі (ФРС) мен Ресейдің Орталық банкіне ұқсас. Мемлекеттің ақша саясатын жүргізіп, баға тұрақтылығын, қаржы-кредит қатынасын, төлем жүйелерін реттеуді, валюталық бақылауды, банк секторын басқаруды қамтамасыз ететін елдің жоғарғы банк жүйесі.

Ұлттық банк – бірінші деңгейлі банк болса, қалған банктер – екінші деңгейлі банктер. Яғни, Қазақстанда 30 шақты банк бар болса, оның барлығы Ұлттық банкке бағынышты.

Ал Ұлттық Банк Қазақстан Республикасының Президентіне бағынышты, бірақ өз қызметін жүзеге асыруда оған заңнамада берілген өкілеттіктер шегінде тәуелсіз. Валютаны басып шығару қызметі де осы Ұлттық банк құзіретіне тиесілі.

Халықаралық банктермен, басқа елдің орталық банктерімен қарым-қатынас орнататын, Қазақстан Республикасының мүддесін білдіретін – Ұлттық банк.

Қазақ жерінде мемлекеттік қаржы-ақша саясатын жүргізетін мемлекеттік банк құрылымы ХХ ғасырдың бірінші ширегінде құрылған. 1923 жылы КСРО-ның бас банкі – КСРО Мемлекеттік банкі құрылып, кейін оның өлкелік бөлімшелері ашыла бастады. Қазақстандағы кеңсесі 1925 жылы маусымда ашылған: атауы – Қазақ КСР Республикалық банкі.

Бұл банк 1990 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік банкі, кейін 1991 жылы Қазақ КСР Ұлттық мемлекеттік банкі болып құрылды. Ал 1993 жылы 13 сәуір күні "ҚР Ұлттық банкі туралы" заң шығып, КСР Ұлттық мемлекеттік банкінің атауы ҚР Ұлттық банкі болып өзгертілді.

Қазақстан Халық жинақ банкі

Халық банкі – екінші деңгейлі жекеменшік коммерциялық банк. Толық атауы – "Қазақстан Халық жинақ банкі" акционерлік қоғамы. Қысқаша "Халық банк" дейді, бренд атауы – "Halyk Bank".

Қазақстан Халық банкі Ресейдің Сбербанк, АҚШ-тың Bank of America (Америка банкі), Қытайдың Bank of China ltd (Қытай банкі) сынды банктеріне ұқсас.

Қазақстан Халық жинақ банкі – еліміздің жүйе қалыптастырушы әмбебап банкі, мемлекеттік мекемелермен байланыста отырған жинақ банк. ҚР Үкіметінің зейнетақы мен жәрдемақы төлеуші агенті саналады. Сондай-ақ, салық төлеу, коммуналды және басқа да төлемдерді қабылдау, мемлекеттік мекемелерге есеп айырысу-кассалық қызмет көрсету міндеттерін мойнына алған.

Капиталы (байлығы) жағынан Қазақстан банктері арасында бірінші орында.

Халық банкінің 95 жылдық тарихы бар. Басында жинақ жүйесі түрінде құрылған. Еліміздегі алғашқы жинақ кассасы сонау 1923 жылы, төңкеріс жылдарынан кейінгі жаңа экономикалық қарым-қатынастар қалыптаса бастаған кезеңде, Ақтөбе қаласында ашылған болатын, кейіннен ұжымдандыру (коллективтендіру) және индустрияландыру науқандары жүргізілген тұста, 1936 жылы, Алматы қаласында КСРО Жинақ банкінің филиалы ашылды. Нақты 1923 жылдан бастап жинақ жүйесін дамытудың және көпшілікке таратудың жаңа белесі басталды.

1993 жылы Жинақ банкі Қазақстан Республикасының Үкіметіне қарайтын дербес заңды құрылым – "Қазақстан Халық Банкі" болып ұйымдастырылды.

Ал 2001 жылы банк жекешелендірілді. Қазақстан Үкіметі өзіне тиесілі 33,33%-ды құрайтын акцияларды бақылау пакетін және оған қоса бір акцияны сатты.