- Негізгі бет
- Егер...
- Үйлену үшін кезек...
Үйлену үшін кезек күту керек пе?
Үйленіп, үй болуды қазақ бұйрық деп біледі. Бұл бұйрық біріне ерте, біріне кеш келеді. Үйленетін жасқа жетсе де түрлі жағдаймен отбасын құрмай жүрген қыздар мен жігіттер бар. Үйлену үшін алдыңдағы әпкеңе немесе ағаңа қарайлаудың керегі бар ма? Жалпы, үйлену үшін кезекке тұру керек пе?
Үйленгісі келетін және үйленетін жасқа келген ұл бала алдындағы бойдақ ағасы мен әпкесінің жолына қарағаны дұрыс па?
Бұл сұраққа әркім әртүрлі жауап айтады. Қазақта «Жол сұрау» деген әдемі дәстүр бар. «Жол сұрау» – үйленудің сәті түсіп тұрған інінің алдындағы бойдақ ағаларынан отбасын құруға рұқсатын беруін өтініп, кезек сұрауы. Атам қазақ қатар өскен ағалы-інілерді тәртіп бойынша жасына сай уақытында үйлендіруге аса мән берген. Алдымен ағаларына, содан соң ғана інілеріне енші беріп, құстарын қондырған. Ол кездері ер адам ешқандай жағдайдың жайын бақпай «Он үште отау иесі» деген ұстаныммен отау құра берген. Бірақ бүгінгі заман бұл мақалға түбегейлі қарсы шығып отыр. Өйткені үйленетін жігіт үйленген соң өз отбасы мен бала-шағасын қамтамасыз етуі үшін жайлы жағдай жасап алуы керек екен. Ал енді бірі отау құрған соң той-думан мен сайран-сауықтан құр қаламын деп үйленбей жүреді. Әр адамда әртүрлі себеп бар. Осындай себептермен отбасын құруға асықпайтын ағалардан жол сұрау арқылы інілері бақытын тауып тұрған сәтінде үйленіп алғаны дұрыс шешім саналады.
Тұрмысқа шығудың сәті келіп тұрған бойжеткен алдындағы бойдақ ағасы мен әпкесінің жолын бағуы керек пе?
Қазақ халқында қыз баланы сүрлеп сақтау салты атымен жоқ. Оң жақтағы қыз көп отырып қалмай өз отауын тапқанын дұрыс көреді. Сондықтан да кетем деген қыздың жолына ешқашан тұрмайды. Басына бағы қонып тұрған қыздың жолына әлі үйленбеген ағасы мен әпкесі де тұруға қақысы жоқ деп саналады. Өйткені қазақта «Үйден өлім шығып жатса да, қызды ұстама» деген сөз қалған. «Қыз мұраты – кету» болғандықтан, баратын жерін тауып тұрған қызды ұстап қалуды жөн көрмейді біздің қазақ.
Ал сіздер осы мәселеге қалай қарайсыздар? Әлде сіздер де үйлену үшін жол күтіп жүрсіздер ме?
А. Әбілхан