Шығармашылық адамдары (гуманитарий) мен нақты ғылымның (технарь) адамдары ойлау жүйесі де, айтар сөзі де әртүрлі. Салыстырып көрейік.
Көп адам жауабын біле бермейтін сұрақ қойса, нақты ғылым адамы үнсіз ғана ойланып тұрады, ал шығармашылық адамы: «Өте жақсы сұрақ қойдыңыз. Оған бірден жауап беруге болар еді. Бірақ...»,– деп тоқтаусыз сөйлеп кетеді.
Жазғы демалысын жоспарлауда шығармашылық өкілдері әртүрлі шетел суреттерін қараса, нақты ғылым өкілдері баратын жері мен қашықтығын өлшеп, график сызады.
Ал демалысын қалай өткізгенін сұрасаңыз, нақты ғылым жолындағы адамдар маусым айының аяғында барып, екі аптадан соң қайта оралғанын айтып қысқа қайырса, шығармашылық адамы: «Ооо, ғажап. Жаз – менің ең сүйікті мезгілім. Себебі...»,– деп сайрай жөнеледі.
Өзгелерге түсініксіз нәрсені түсіндірерде шығармашылық адамы түрлі сурет салып, әрқандай мысалдар келтіріп, басқа нәрселермен салыстырып, көз алдыңызға елестетуге тырысса, нақты ғылым адамдары формула жазады да, «бәрі түсінікті ме?» деп сұрайды.
Нақты ғылым өкілдері «Пи саны шамамен үшке тең» дейтіндерді жек көреді, ал шығармашылық адамдары сөздерді қысқартып не айтылуы бойынша қате жазғандарға шыдай алмайды.
Техникалық ғылым жолындағы адамдар сүйіктісіне махаббатын жеткізу үшін компьютерде бағдарламалар мен пішіндер арқылы жүректер салып көрсете алады, ал шығармашылық адамдары жерге сурет салудан бастап, адам ойына келмейтін түрлі романтикалық әрекеттерге барады.
Нақты ғылым адамдары JavaScript, PHP, Python тілдерін игерсе, гуманитарлық ғылым адамдары неміс, қытай, француз тілдерін үйренеді.
Шығармашылық адамы:
– Ол бөлмесіне қара түсті перде іліпті. Ол күйзелісте жүргенінен хабар бермей ме, қалай ойлайсың?
Нақты ғылым адамы:
– Ол дүкеннен қара түсті перде сатып алғанынан хабар береді.
«Күш неде?» деген сұраққа технарь Ньютонда екенін айтса, гуманитарлық адам күш мейірім мен махаббатта екенін айтады.
Шығармашылық адамы сөз байлығын молайтып, ойы мен қиялын, білімін жетілдіру үшін әдеби кітаптар оқу керек деп есептесе, нақты ғылым адамдары көркем әдебиет тек шығармашылық адамдарына арналған деп ойлайды. Бірақ, олар осы тұста қателеседі. Әдеби кітаптар барлық адамға зор септігін тигізеді.