- Негізгі бет
- Егер...
- Шабаданды қалай жинаймыз?...
Шабаданды қалай жинаймыз?
Саяхаттың маусымы келді. Шетелге не ауылға, жақындарға барып қайтуға билет алынды. Құжат мәселесі шешілген. Ендігі мәселе – шабадан жинау. Бас киім, жейде, шалбар, футболка, шұлық бәрі-бәрі керек. Бірақ, бәрін шабаданға сыйыстырып қалай жинаймыз? Олай болса, бұл сұрақтың жауабын бірге табайық.
Шабадан жинағанда артық заттар алып қажет емес. «Керек болады-ау» дегенді ұмытып, тек ең негізгілерін алыңыз. Артық жүкпен арқаланып та жүре алмайтыныңызды ескеріңіз.
Киім-кешек
1. Шабаданның ең түбіне ауыр заттар салынады. Мысалы, ноутбук, аяқ киім, жеке гигена заттыр салынған қорап секілді. Кітапты сүйіп оқитын жандар керек кітабын осы заттармен бірге салса болады.
2. Кейін киімдерді бірінің үстіне бірін салып жинаймыз. Шабаданның ішіндегі киімдер тығыздалынып салынуы керек. Олай етпеген жағдайда, ішіндегі ноутбук секілді заттарға зақым келуі мүмкін. Киімдерді жинаған соң, шабаданның бетіне сүлгіні қымтап саламыз.
3. Жейделердің бір түймесін қалдырып отырып, түймелеңіз. Жағасын жоғары көтеріп, екіге бүктеп, жеңдерін сәйкестендіріп, жинап салыңыз.
4. Шұлықтарды орап, аяқ киімнің ішіне салыңыз. Себебі, шабадан ішінде бос орын көп болады, оған қоса, аяқ киіміңіз де мыжылмайды. Аяқ киімнің әр сыңарын бөлек-бөлек пакетке салып, өкшесін басына айқастырып салыңыз.
5. Майка мен футболкаларды екіге бүктеп, шұлықтар секілді ораңыз да, шабаданға салынған заттардың арасында орналастырыңыз.
6. Былғары белдіктерді орап қажет емес, оларды шабанның ұзындығына қарай орналастырыңыз.
7. Тіс пастасы, сусабын, тосап секілді сұйықзаттарды киімдерден бөлек сөмкеге салу керек. Олар төгілсе, біраз әбірге түсесіз. Қаламның ішіндегі сия ұшақта қысымның әсерінен төгіліп кетуі мүмкін. Оны да бөлек салуды ескерерсіз.
8. Киімдеріңізді мұқият жинап салғанменен, қыртысталып жатса, бірден жайып қойыңыз. Қыртыс кетірудің бір жолы жуынатын бөлмеде ыстық суды барына қосып, кіимдеріңізді сол бөлмеге жайып қойыңыз. Ыстық жерде жайылған қыртыс киім тез қалпына келеді.
Дәріқұты
Дәрі салынған құтыны да бөлек жинау керек. Ол үшін картоннан жасалған, не кәмпит, печеньелердің қорабын алсаңыз да болады. Дәрілерді пакетке салсаңыз, жыртылып қалуы мүмкін. Нәтижесінде, шашылып қалады. Ал сіз бір дәріні іздеу үшін шабаданды ақтарып тастайсыз. Белсендірілген көмір, жәндіктерге қарсы май, ауруды басқыш дәрі, суыққа қарсы дәрі, йод, дәке және мақта, медициналық жабыстырғыш дәріқұтыңызда болуы тиіс.
Техникалық құрылғылар
Фотоаппарат, видеокамера, ноутбук немесе нетбук, оларды қуаттаушы қондырғы, флешка секілді заттарға аса сақтықпен қараңыз.
Ақша мен құжаттар
Құнды қағаздарыңызды шабаныңызға салмағаныңыз абзал. Үнемі жадыңызда болсын. Шабаданыңыз қалып қойса, не ұрлатып алсаңыз, сан соғып қаласыз. Одан да өзіңізбен бірге алып жүріңіз.
Міне, шабаданымыз да дайын. Енді, жүгіңіздің салмағына көңіл бөліңіз. Ұшақтарда, кейбір поездарда жүк салмағын өлшеп алады. Шабаданыңыздың салмағы шамадан артық болса, қиналып қаласыз. Ал енді шабаданның түріне келетін болсақ. Шабадан таңдау кезінде, оның да салмағына қараңыз. Ең жеңіл шабадандар матадан жасалады, орташасы пластмассадан, ал ең ауыры былғарыдан жасалады.
Және жазбамыздың соңында сіздерге мына видеоны ұсынып отырмыз. Кейіпкер заттарын сөмкесін ықшамдап, әрі нығыздап жинап шығады. Тәжірибе жүзінде қарап шығыңыздар, пайдаларыңызға жарап қалар. Олай болса, құрметті оқырман, сіздерге сәтті саяхат тілейміз!
Е. Жұмабайұлы