Қазақтың сөз шеберлігі, шешендігі бағзы заманнан бері белгілі. Жиренше шешен, Қазыбек би, Төле би, Әйтеке би бастаған билердің қалдырған даналықтары бүгінгі ұрпаққа аманат. Сол сөздердің бірі «сананы тұрмыс билеген» деген сөз. Бір-ақ ауыз сөз болғанымен, астарында түрлі ой мен мән жатыр. Неге сананы тұрмыс билеген?
ХХІ ғасыр ақпарат пен технологияның дамыған дәуірі. Әлі де дамушы кезең. Бірақ тұрмыстың санаға, ақылға қандай қатысы болуы мүмкін? Адамдар арасындағы қарым-қатынастың шарықтау шегі белгілі бір межеге барған кезде құлайды және құлдырайды. Бұл тек бір істің басындағы болатын жайт емес, кез келген салада солай. Яғни шегіне жеткен кезде құлдырау – қарапайым заңдылық. Сол секілді адамдардың өмір сүру салты бір шетіне жеткен кезде сана өзгереді. Оған ешкім кінәлі емес, өзіміз басты себепкерміз.
Тұрмыс – күнделікті пайдаланып жүрген заттай не ақшалай нәрселер. Ал сана – ақыл мен ой. Енді сөздің байыбына келсек, қазір өмір сүру үшін ақша керек, ал ақша жақсы табу үшін жұмыс керек, жұмыс жасау үшін білім керек... Тізе берсек керектер жетіп артылады. Түбі айналып тәрбие мен білімге тіреледі. Ендеше тұрмыстың сананы билеуіне себепкер о бастағы тәрбие мен білімде ме? Дәл солай.
Өмір – ағып жатқан өзен. Ағысы кейде қатты, кейде тыныш. Ал сіз осы ағысқа қарсы жүзбей, сол ағыспен бірге аға берсеңіз, сіздің өз азаматтық ұстанымыңыз қайда қалмақ? Ақыл-ойыңыз ше? Тұрмыс сізді билемеу үшін, алдымен өмір сүруді үйрену керек. Оның іргетасын дұрыс қалау керек. Адамзат баласы жаралғалы алуан түрлі ғасырларды басынан өткерді, бірақ дәл осы ХХІ ғасырдың талабы да, сұрары да көп әрі күрделі. Қазір адамдардың өмір сүру деңгейі күрт төмендеп, құлшыныстары азайып кеткені сондықтан болар. Себебі жан дүниенің ләззатын, руханиятының есігін тұрмыстың күйбең тіршілігімен ашатын олар үшін ендігі бәрі байлық пен мансап, ақшаға тәуелді секілді болып қалған.
Егер сананы тұрмыс билесе, сіздің шынайы өмір сүру қабілетіңіз өлді дей беріңіз...