- Негізгі бет
- Егер...
- Өрттен қалай қорғанамыз?...
Өрттен қалай қорғанамыз?
Өрт – тілсіз жау. Оны алдын-ала болжап білу мүмкін емес. Күнделікті өмірде өрттен жарақат алған не қаза болғандарды естіп, алаңдайтынымыз рас. Егер, сіз аяқ асты осындай жағдайға душар болсаңыз, не істейсіз? Өз-өзіңізді, туыстарыңызды қалай қорғайсыз? Міне, бүгінгі жазбамыз «тілсіз жаудан қалай қорғану керек?» деген сұраққа жауап береді. Осы кеңестерді оқи отырып, өзіңізді және жаныңыздағыларды тілсіз жаудан қорғап қалатын әдістерді меңгересіз.
Өртенген заттың иісі немесе түтіннің пайда болуы – басталған өрттің алғашқы белгісі. Ең алдымен, өз-өзіңізді қолыңызға алып, уайымдамауға тырысыңыз. Өрт сөндіру диспетчеріне қоңырау шалып, мекен-жайыңызды айтыңыз. Егер, өрт сөндірушілер келгенге дейін өртті сөндірсеңіз, сіздің қоңырауыңыз «жалған қоңырау» болып есептелмейді. Өрт сөндірушілер өрт болған орынды тексеріп, келесі жолы бұндай жағдай болмас үшін оның шығу себептерін анықтайды.
Жаңа ғана басталған өртті өз күшіңізбен, су, жамылғыш, өртсөндіргіш арқылы тоқтатуға болады. Егер, сіздің ыңғайыңызға көнбесе, дереу қашып, кәсіби мамандарға жүгініңіз.
Егер, сіздің үйіңіз өртке оранса, үйдің ішінде қалмауға тырысыңыз. Мүмкіндік болса, тоқ көзін, газды өшіріп, есік-терезені жабыңыз. Есікті мұқият бітеп жауып, сыртқа шығып, көршілерге де хабарлаңыз. Үйден шыға бере баспалдақта ешқандай өрт болып жатпағанына көз жеткізіңіз.
Егер, міндетті түрде тысқа шығатын болсаңыз, есікті ақырындап ашыңыз, әйтпесе, оттегінің әсерінен жалын шарпып өтуі мүмкін. Лифтке мүлдем мінбеңіз, бұл өте қауіпті және сіздің мүмкіндіктеріңізді шектеп тастайды.
Егер, үйден шыға алмай қалсаңыз, түтін жоқ жерді тауып алыңыз. Жасырынған жеріңізді герметикалап (герметикалау - ғимаратардың сыртқы қабырға панельдерін полимер кұрамды затпен бітеу), барлық саңылауларды қолыңызда бар заттармен (сулы болғаны дұрыс) бітеңіз, терезені ашпаңыз. Ашық тұрған терезе оттегінің тұтанып, өрттің өршуін үдетеді. Су алуға мүмкіндігіңіз болса, есік-терезені, айналаңызды дымқыл шүберекпен сулап, сүртіп отырыңыз.
Егер, түтіннен тынысыңыз тарылса, шүберекті сулап, мұрныңызға басып демалыңыз.
Егер, бір орыннан екінші орынға ауысу керек болса, еңкейіп не еңбектеп қозғалуыңызға болады, себебі, еден жақта оттегі көп. Өрт сөндірушілерге қоңырау шалып, жасырынған жеріңізді айтыңыз.
Егер адамның үстінде киім өртеніп жатса, оның үстіне жамылғы тектес затты жабу керек, ал егер, сіздің үстіңіз өртеніп жатса, жерге жатып, әрлі-берлі аунаңыз. Түтінді ғимаратқа кіргенде міндетті түрде дымқыл, бірнеше рет бүктелген мақта-мата тәріздес шүберекпен мұрынды басып кіру керек. Ғимаратқа кірмес бұрын, басыңыздан бастап сулы қалың матаны жамылып кіру қажет. Бірақ, арнайы костюмсіз кіруге болмайтынын естен шығармаңыз.
Бұл – барлық адам білуі тиіс алғашқы қауіпсіздік шаралары. Алда бұл тақырыпқа қайта оралып, толығырақ ақпарат береміз.
Сурет: img.nnov.org, pravda-nn.ru, basik.ru, vestipmr.info
Е. Жұмабайұлы