Мінезіңіз жаман ба? "Иә" деген жауапты айта көрмеңіз. Сабырсызсыз ба? Тез ашу шақырасыз ба? Мұндай жақсылы-жаманды қасиеттер елдің бәрінде бар. Мінезіңіз жағымсыз болуының себептерін қарастырып көрейік.
Сізге кішкене кезіңізден айналаңыздағылар "ит мінезді", "күрек тісі күжірейген", "қабағынан қар жауған", "қабағы өмірі ашылмайтын" деген сипаттамалар берген. Осы мінездемелерге етіңіз үйреніп, "иә, мен сондаймын" деп, қалыптасып кеткенсіз. Керісінше, "мен анам ойлағандай аса ашушаң емеспін" деген тәрізді сөздерге өзіңізді сендіріңіз.
Психологиялық тесттерден өткенде, олар мінезіңіз сыйымсыз екенін көрсетеді. Тестті өзіңіз секілді адамдар қолдан жасайды. Біраз зерттеу нәтижесінде жасалғанымен, барлық адамға бірдей сәйкес келуі мүмкін емес. Сондықтан тест қорытындысы сізді жамандаса, сенбеңіз. Тек жақсы жақтарына ғана бас шұлғып, сол қасиеттеріңізді дамытуға күш салыңыз. Керісінше, жағымсыз мінезіңізді көрсетсе, дәл сол осал тұсыңызбен күресіңіз.
Тез ашуланып, тез басылатын қасиет ер адамға жарасады. Жігіт жуас, болбыр болмай, қатал, сұсты болғаны абзал. Мүмкін, бұл әкеңізден берілген мінез шығар. Ал өзіңізге бұл түріңіз ұнамайтын болса, ертең балаларыңыздың да бойынан тура сіздікі секілді болмыс көрініс таппауы үшін, қазірден өзіңізді өзіңіз тәрбиелеңіз.
Ашушаңдық, сабырсыздық мінез кез келген кісіде болады. Тек барлығы бұл мінезін үнемі көрсете бермейді. Болып жатқан жағдайға тағдырдың жазғаны, бұйырғаны осы, осылай болуы керек деп қарасаңыз, әрдайым ұстамды болуға болады. Әр істің орнын біліп, өз өзіңізді ұстай білсеңіз, ұтқаныңыз.
Кей адамдар өзгелер алдында бар мінезіңді жасырмай, шынайы болуы керек деп ойлайды. Бар болмысым осы, қандай болсам, солай қабылда деп айналаңызға қаһарыңызды шашып жүрер болсаңыз, араласар адамыңыз да қалмас. Біреумен танысар-таныспастан жағымсыз мінезбен танылсаңыз, жақсы қасиеттеріңіз де бар екенін білуге құштары қалмайды. Шынайылық құны онымен өлшенбейтініне сонда куә боларсыз.
Банкіде кезекте тұрсыз. Біреу сіздің кезегіңізде алдыңызды орап кіріп кетті делік. Сіз дереу ашу шақырып, басына да, жасына да қарамай, мұнысы дұрыс емес екенін айтып, айқай салдыңыз. Өз сөзіңізді дәлелдеп, кезегіңізбен кірсеңіз де, жолыңыз болмай, ертең қайта келуіңіз керек болады.
Ал, енді өзге біреу өз ісі қате бола тұра, сізге дауыс көтерді дейік. Сіз өзіңізді ұстап, ашу шақырмай, не десе де қабақ шытпай, жымиып тұра берсеңіз, осы күні жолыңыз болады. Айыңыз оңынан туып, шаруаңыз тез шешіледі. Осы мысалды тексеріп көріңіз.
Қанша қиын болса да, үнемі күлімдеп жүріңіз. Әр таңыңызда күліп атырыңыз. Сонда жағымсыз мінезіңіз бар екенін де ұмытып кетесіз.