Сіз күнделікті денеңізді шынықтырып, жаттығу жасайсыз ба? Бұл сізге сергектік сыйлап, әр істі құлшыныспен істеу үшін қажет. Ал мимен жұмыс істеу, ойлану, шешім шығару физикалық белсенділіктен де қиын екенін білесіз бе? Сол себепті дене жаттығуымен қатар, миды да шынықтырып отыруды ұмытпаған дұрыс. Сонымен, кеттік.
Бірінші жаттығу. Әлемді жаңаша сезініңіз. Ол үшін міндетті түрде үйден шығып кету қажет емес. Жай ғана көзіңізді жұмып, 5 минут пәтердегі үнге құлақ түріңіз. Өзіңізді балаңызбен салыстырып көріңізші. Кім ерекше бөлшектерді көбірек байқайды. Мүмкін күнделікті мән бермейтін мысықтың пырылы естіліп тұрған болар. Ал терезенің ар жағында не болып жатыр екен?! Бұл жаттығу арқылы сезімдеріңіз жаңаша жұмыс істей бастайды, демек миыңыз да қуат алады. Сонымен қатар ойды бір нәрсеге шоғырландыруға дағдыланасыз, сезімталдықты арттыруға көмегі тиеді.
Екінші жаттығу. Сүйікті мультфильміңізді не сериалыңызды қосыңыз, мүмкіндігінше бұрын көрмеген сериясы болғаны жақсы. Енді оның дыбысын өшіріп қойыңыз да, бұл жаттығуға бүкіл отбасы мүшесін қатыстырыңыз. Не жалғыз өзіңіз-ақ барлық кейіпкердің атынан сөйлеп шықсаңыз болады. Олардың іс-әрекетіне қарап, не айтып жатқанын ойша құрастырып көріңіз. Осылайша әдеттегі әлемге ерекше көзқараспен қарап, шығармашылық ойлау қабілетін жетілдіреміз.
Үшінші жаттығу. Ұйықтар алдында жақыныңызға күннің қалай өткенін баяндап беріңіз. Бірақ барлығын керісінше ретпен айтыңыз. Ұйқыдан тұра сала қандай оймен оянғаныңыз есіңізде ме? Бүгінгі образыңызды қалай таңдадыңыз, таңғы асқа не жедіңіз? Егер барлығын оп-оңай еске түсіріп жатсаңыз, бұл жаттығуды екі күндік, бір апталық жағдайда орындап көріңіз, яғни тура бір апта бұрын не кигеніңізді, кімді көргеніңізді, не дегеніңізді еске түсіре аласыз ба?
Осы жаттығуларды жұбайыңызбен, балаларыңызбен бірге отырып орындасаңыз тіптен керемет, миды тынықтырып, есте сақтау қабілетін арттырып қана қоймай, отбасылық қарым-қатынасты жетілдіре түсесіз.