Бүгін-ертең отау көтеріп, үйленгелі жатырмын. Бүгіндері үйлену де, үй болу да қиын. Мұның салмақты жол екенін жақсы білемін және болашақта некенің барлық шартын орындауға тырысамын.
Үйленген соң менің мына әрекеттерді жасауға қақым жоқ:
Он екі мүшем сау бола тұра еңбек етпеуге;
Ата-анама масыл болып, өзгенің есебінен өмір сүруіме;
Жарымды таяқтың астына алып, оның құқығын таптауға;
Себепсіз үйден кетіп, көшеде алаңсыз сайран салуға;
Ата-анама тіл тигізіп, олардан гөрі жұбайымның дәрежесін биіктетуіме;
Болашақ балаларымның анасын жүкті кезінде ренжітіп, себепсіз шамына тиюге;
Болашақ балаларымды нәпақасыз аш қалдыруға;
Шектен тыс мал шашуға;
Құмар ойындарға салынып, отбасыма деп жинаған дүиені босқа шашуға;
Бала-шағамның білім алуына кедергі жасауыма;
Жұбайымды төркінімен қарым-қатынас жасауына шектеу қоюыма;
Себепсіз ашу шақырып, шаңырақты ортасына түсіруіме;
Өз жарымнан өзгеге көз салып, көңілдеспен көңіл көтеруге;
Ниеті жаман достарға еріп, лас орындарда «демалуға»;
Отбасымның қажеттілігін өтеуге тырыспауға;
Жұбайымның ата-анама кесірлі келін болуына мүмкіндік беруіме;
Балаларымды қара ниетті етіп тәрбиелеуге;
Жалқауланып, жатып-ішер атануға;
Бала-шағама жайсыз әке болуыма;
Ішімдікке тойып алып, күні-түні отбасымның тынышын қашыруға;
Бала-шағам мен ата-анамның көзінше еркін шылым шегіп, ішімдік ішіп отыруға;
Қоғамдық ортада қандай да бір себептермен неке жүзігімді шешіп, үйленгенімді жасырып қалуға;
Қоғамдық орталарда ерлі-зайыптымыз ғой деп бейәдеп қылықтармен көзге түсуге.