Әдетте қыздар жүрегін мекендеген сезімі сергелдеңге салынып, сүйген жігітінен көңілі қайтқан кезде махаббатқа нүкте қоюға асығады. Қыздар қауымы қарым-қатынастың әлі де жалғасқанын қаламайтын болса оны бірден айта салмайды. Бірақ мұнысын оның іс-әрекетінен байқауға болады. Қарым-қатынастың ұзарғанын қаламайтын қыз жігітіне мұнысын қалай білдіреді?
Сылтау айта бастайды. Болмашы нәрсеге қырсығып, көңіл-күйінің болмай тұрғанына жай сылтау айта салады. Өз ойын ашық айта алмағандықтан, сезімдерінің жоғалғанын қалай жеткізерін білмей дал болады. Көңілге қарап, ренжітіп алам ба деп қорқатын адамдар көбіне сылтау мен өтірікке жақын болады. Сылтауы таусылмайтын қыз махаббатқа да жауапкершілік таныта алмайды.
Кездесуден бас тарта бастайды. Мұндай жағдайда да сол сылтау жүреді. Көңіліне жағудан қалған жігітпен кездеспеу үшін қандай болса да әрекетке барады. Қыздар қауымы жанына жақпайтын жігітпен кездескеннен гөрі үйде жалғыз отырғанды ұнатады. Кездесуге мүмкіндік болса да, жігіттің көңілін қайтаратын қыздың сезімдері шынайы болмауы ғажап емес.
Басқаға көңіл аудара бастайды. Ойы өзгеге кетіп жүрген қыз сізбен қарым-қатынасын тез үзгісі келеді. Ашық түрде басқа жігітпен сөз жарастырып, шамыңызға тиеді.
Қоңырауларыңызға жауап бермейді. Чатта әңгімелеспей, телефон соқсаңыз көтермейтін қыздың сізге де ынтасы аса жоғары емес. Телефон тұтқасын көтерсе де, сөйлескісі келмей, түрлі себептермен тұтқаны тастай салуға әзір тұратын қыздың ойының қандай екенін білу қиын емес.
Тырнақ астынан кір іздейді. Бұрын жанына жаққан қылықтарыңызды ендігі жақтырмай, олай жасамауын өтінеді. Сіздің болмысыңызға көңілі толмайтынын білдіріп, мұрнын тыржитады. Құлағына майдай жаққан «Жаным» секілді еркелету сөздеріңіз енді жүрегін дір еткізбейді.