- Негізгі бет
- Егер...
- Қабаған иттен қалай...
Қабаған иттен қалай қорғанамыз?
Көшеде ит үрсе немесе қуа жөнелсе, қалай қорғануды білмей, сасқалақтап қашамыз. Ит қашқан сайын қуа түседі. Ал келесі кеңестерді қаперіңізге түйсеңіз, қабаған иттерден оңай құтыласыз.
Дауысты қатты шығарып айқайлау – ең тиімді тәсіл. Бұл шынымен көмектеседі. Иесі бар ит болса, айтқан сөздеріңізді жақсы түсінеді. Олай болса, ит сізге жүгіріп келе жатқанын көргенде «кет», «жат» деген сияқты сөзбен бұйрық беріңіз. Сіздің одан қорықпағаныңызды біліп, шегінеді.
Ит жүгіріп келе жатса, бірден ол сізді тістейді деп ойламаңыз. Иттер бірінші кезекте иіске мән береді. Жаныңызға келіп, иіскелеп, қашпағаныңызды көрген соң сезіктенбей кетіп қалуы мүмкін. Дегенмен «сақтықта – қорлық жоқ».
Егер бөгде аумақта жүрсеңіз, есіңізде болсын, иттер өзіне тиесілі аумақты қорғауға барын салады. Жіліншегіңізге абай болыңыз.
«Қабаған иттен сақ болыңыз» деген секілді көшеде ілінген жазулар көрсеңіз, көңіл бөліңіз. Шынымен де қабаған итке тап болып қалсаңыз, сізді ит иесі де құтқара алмауы мүмкін.
Иттен қашушы болмаңыз. Біріншіден, ит сізден жылдам жүгіреді. Яғни міндетті түрде қуып жетеді. Екіншіден, артыңызды көретін көзіңіз жоқ, дер кезінде керек әрекет жасап үлгермейсіз.
Ит сізге қарап үрсе, қауіп төнді деген сөз емес. Ол тек өз аумағында өзі қожа екенін көрсеткісі келеді. Үріп-үріп кетіп қалатын сәт те болады. Ал құлағын тікірейтіп, айбат шексе, міне, нағыз қауіп деген сонда болады.
Әскери иттердің жанынан аулақ жүруге тырысыңыз. Олар реті келгенде шабуыл жасап қалуға тырысады. Бұл – олардың басты қызметі.
Кез келген жағдайда өзіңіздің иттен мықты екеніңізді естен шығармаңыз. Оның тісі ғана бар, ал сіздің қолыңыз, аяғыңыз, басыңыз, күшіңіз, бойыңыз – бәрі-бәрі одан мықты екеніңізді көрсетеді. Осы жағдайды естен шығармасаңыз, өз-өзіңізге сенімді боласыз.
@. @assel_assanova