- Негізгі бет
- Егер...
- Жолсапарда қалай тамақтанған...
Жолсапарда қалай тамақтанған дұрыс?
Сапарға шығарда «ашығып қаламын ба?» деген оймен «жеймін-ау» деген тамақтарды көбірек алғанды ұнатамыз. Алайда, ағзамызбен "санаспаймыз". «Ол сол тағамдарды бойымызға сіңіре ала ма?» деп те ойламаймыз. Жолда ауа-райы қандай болатынына да баса назар аудармаймыз. Олай болса, сіздерге жолға шығарда алатын азықтарыңызды алдын-ала тізімдеуді ұсынамыз. Одан бұрын төмендегі тізімдерге назар аударып, соның негізінде азық-түліктеріңізді таңдауды кеңес береміз.
1. Өзіңізбен бірге барынша көп мөлшерде су алып шығыңыз.
Жүрдек пойызбен немесе көлікпен бір күндік сапардың өзіне де таза су алып шығыңыз. Асқорыту жүйесінде улану процесінің алдын алады. Жеміс-жидектерді де жууға не қолыңызды жууға керек болатынын естен шығармаңыз. Адам күніне екі литр су ішу керек деген қағиданы ескерсек, 5-10 литр су ала шыққаныңыз дұрыс болады.
2. Жолға жеміс-жидек алыңыз.
Бұл саяхатшылар үшін таптырмас «тағам». Төгілмейді, ашымайды, жылытуға не суытыуға да әуре болмайсыз, сөмкеңіздің кішкентай қуысына салып алып жүре бересіз. Ең бастысы, күш-қуатыңыз бен көңіл-күйіңізді көтереді. Алма, апельсин, мандарин, алмұрт сияқты табиғат ананың берген азығын игілігіңізге жұмсай біліңіз.
3. Сапарыңыз алыс болмаса, тамақ алып шығыңыз.
Үйден пісіріп не дайындап, алып шыққан тамағыңыз ақшаңызды біраз үнемдейді. Әуежайлар мен вокзалдардағы азық-түліктердің бағасы қарапайым дүкендерден әлдеқайда қымбат болатынын ескеріңіз. Үй жағдайында жасалған тамақтың құнарлы әрі сенімді болатынын естен шығармаңыз.
4. Тамақ сатып аларда, өзіңізге «таңсық» тағамдарды таңдамаңыз.
Шетелге саяхатқа шықсаңыз, әлі дәмін татып, жеп көрмеген тағамдарды тұтынбаңыз. Жолда келе жатып, «танымайтын» тамақты жеп, қандай күйге душар болатыныңыз белгісіз ғой. Оның үстіне, экзотикалық тағамдарды ойлаған жеріңізге барған соң, жергілікті тұрғындардан анығын біліп алып, қызықтауға уақытыңыз болады. Сондықтан, жолда тек өзіңіге таныс, таңсық емес азық-түліктерді сатып алғаныңыз абзалырақ.
5. Құрамында қанты көп азықтарды көп мөлшерде алмаңыз.
Өте тәтті тағамдар жесеңіз, ағзаңыздағы әлсіздікті кері итереді. Бұл – жақсы. Алайда, ағзаңыздағы глюказа мөлшері артады деген сөз. Ұшақта не пойызда бұл жағдайдың алдын алған жөн. Көп тәттінің әсерінен жүрегіңіз толқып, «жағдайым ушығып кетпесін» десеңіз, бұны да ойлай жүріңіз.
6. Кофе және алкогольдік ішімдіктерді тұтынбаңыз.
Сіз жолда шаршап, шалдығып келе жатсаңыз, аталған сусындары ішпеңіз. Олар сіздің ұйқыңызға кері әсерін тигізіп, асқорыту жүйеңізді бүлдіреді. Мейлінше, олардан бойыңызды аулақ ұстап, су не шай ішіп, тынықсаңыз болады.
7. Химиялық қоспалары аз азықтарды алыңыз.
Бұл дегеніміз, картоп чипстері, кептірілген нан секілді өнімдерді көп алмағаныңыз дұрыс. Иә, бұл тағамдардан жол бойында бас ала алмайтынымыз белгілі. Бірақ, өзіңізді тежей білсеңіз, ағзаңыз сізге "алғыс" айтады.
Сурет: yoyowall.com
Е. Жұмабайұлы