- Негізгі бет
- Егер...
- Жігіттер жасай алуы...
Жігіттер жасай алуы керек 4 тағам
Ер адамдардың орны ас үй емес екен деп оларды бұл орыннан мүлде қууға болмайды. Ер адамдар кез келген жағдайда аш қалмаудың жағдайын жасауы керек. Қасында тағамын дайындап беретін жан болмаған жағдайға ер адамдар дайын болғаны дұрыс. Асқазанның аты – асқазан. Оның міндеті – тамақ қорытып, денеге тарату. Ал сіздің міндетіңіз – асқазанды «ренжітпеу». Сондықтан ас үйдегі тірліктің бәрін меңгермесеңіз де, бір-екі болса да жеңіл-желпі ыстық тамақ жасауды үйреніп алғаныңыз дұрыс. Үнемі сырттан тамақ жеп жүруге қалтаң көтермейтін кездер де болып жатады. Соған байланысты біз бүгін үй жағдайында жігіттер жасауға міндетті 4 тамақты ұсынбақпыз.
Қуырылған жұмыртқа. Бұл тағамды ер адамдардың сексен пайызға жуығы меңгерген деп қорықпай айтуға болатын шығар? Өйткені үйде тамақ жасайтын адам болмай қалған күндері олар тоңазытқыштан бірден жұмыртқаны алып қуыра салуға үйренген. Ал жұмыртқа қуыруды әлі де қиын санап жүргендерге үйреніп алуға кеңес береміз. Оның түк те қиындығы жоқ: Қызып тұрған табадағы өсімдік майына жұмыртқаны жарып, бетіне тұз себесіз. Сосын табаның бетін жауып, жай отта 3-4 минут ұстайсыз. Жұмыртқаны көбі шұжықпен немесе пиязбен қуырып жегенді жақсы көреді. Егер ерінбесеңіз және тағы да бес минут күтуге асқазаныңыздың шамасы жететін болса, алдымен туралған пиязды (немесе шұжық) жақсылап қуырып, пияз «өлгенде» бетіне жұмыртқа жарып саласыз.
Қуырылған картоп. Бұл тамақтың да ер адамдар үшін еш қиындығы жоқ. Ол үшін картоп ашуға ерінбесеңіз болғаны. Тамақты дайындау ары кеткенде 40 минуттай алады. Ал егер жылдамдық таныта алсаңыз, 30 минутта да дайындауға болады. Тағамды қазанға да, табаға да пісіруге болады. Жылдам піскенін қаласаңыз, асты жұқа таба таңдаған дұрыс. Қызып болған майға алдымен пиязды салып, қызарғанша қуырып алыңыз. Сосын дөңгелектеп немесе текшелеп тураған картопты салып жақсылып қуырыңыз. Тұз немесе үйде бар «әмбебап» дәмдеуіштерді қосып, отты бәсеңдетіп қойыңыз. Бетін пакетпен немесе арнайы жылтыр қағазбен жауып, сыртынан қақпағын кигізіп пісірсеңіз жылдамырақ дайын болады. Әрине, ет қосуға да болады. Ол үшін біраз уақыт керек, бірақ. Картопты етпен жегіңіз келсе, пияздан бұрын етті қуырып алу керек. Егер ет қатты болса, біраз уақыт жай отта ұстап дұрыстап піскенше күту керек. Содан соң жоғарыдағы рет бойынша әрекет ете бересіз.
Қайнатпа сорпа. Бұл тамақтың да күрделі түгі жоқ. Су толы кәстрөлге немесе қазанға етті жуып саласыз. Қатты қайнаған соң, отты басып бетіндегі көбігін сүзгімен аласыз. Сосын әбден піскенше орташа отта ұстау керек. Кейде отты бәсеңдетіп те тұрған жөн. Содан соң пияз, қызанақ, картоп және сәбіз секілді көкөністерді арасына жиырма минут тастап салып отырыңыз. Піскен соң бетін көк пияз немесе ас көк турап ішсеңіз тіпті керемет болмақ.
Қуырылған макарон. Мұны «студенттердің сүйікті асы» деп жатады. Өйткені макарон өнімдерінің құны аса қымбат емес. Оның үстіне жылдам дайындалады. Егер макаронды сәндеп, әрлеп жегіңіз келсе түрлі көкөністермен және етпен қуыруға болады. Құр өзін қуырып жейтін студенттер де бар. Мұның қуырудың да аса қиындығы жоқ. Алдымен етті төртбұрыштап турап, дұрыстап қуырып аламыз. Содан соң пияз, картоп пен сәбіз, содан соң томат салып қызартамыз. Томаты сіңген кезде (томатпен 4 минуттай қуыру керек) макаронды салып бәрін бірге қуырамыз. Бұған 2-3 минут та жетеді. Содан соң макаронның бетінен сәл асырып су құямыз да, қатты отта бір қайнатып алып, астын басамыз. Бетін жауып, 20-30 минуттай күтеміз. Кейбір макарон өнімдері суда езіліп кетіп жатады. Ондайларға суды азырақ құю керек.
Ал, ендеше, жігіттер, арулармыз ас үйде жоқ кезде тамақтың иісі шыққан жаққа ауып кетпей, өз ас үйлеріңізден өздеріңіз әдемі иіс шығарып көріңіз! «Жігітке жеті өнер де аз» емес пе?
Сурет: Анастасия Агафонова
Ұқсас жазба:
Дені сау жігіттің тамақтану әдебі қандай?
А. Әбілхан