- Негізгі бет
- Егер...
- Жігіт пәтерінде бірден...
Жігіт пәтерінде бірден көзге түсетін нәрселер
Әдетте тұрақты үйіміз болмай тұрып, «ертең өз үйім болғанда осылай істеймін, мынадай нәрселер қоямын, былай етемін» деп қиялдау барлығына тән әрекет. Тұрғылықты жеке үйі емес, жалдамалы пәтері болса да, өз талғамына сай сәндеп қою – келетін қонақтарға да, мекендейтін кісінің өзіне де жағымды.
Жігіттің үйіне достары не жүретін қызы, өзге де қонақтар келгенде бірден көзге түсетін, назар аудартатын бұйымдар бар.
Кітаптар. Кітап оқу – сәннен шықпайтын жақсы әдет. Кітап оқитын жандар қай адамның болса да қызығушылығын тудырып, сүйіспеншілігіне ие болады. Ал үйдегі кітаптар тұратын сөре – кісінің зияткерлігін танытады. Ертедегі атақты ақын-жазушылар барлығының дерлік үйінде кем дегенде бір қабырғаны алып тұратын үй кітапханасы болғаны белгілі. Сондай ұлы адам боламас да, әр үйден кемінде он кітап орын алуы тиіс.
Музыкалық аспаптар. Әртүрлі аспап құлағында ойнау да кітап оқу секілді аса қызығушылық тудыратын, елден ерекшелендіретін іс. Үйдің төрінде, жоғарыда ілулі тұрған домбыраны не қабырғаға сүйеулі тұрған гитараны көрген жан еріксіз «Ойнай білесіз бе?» деген сұрақ қояды. Қобыз, сазсырнай, фортепиано тәрізді аспаптар да назардан тыс қала алмайды. Өзіңіз мән бермесеңіз де үйге келген кісілер осы нәрселерге таңырқағанда, өнер – кез келген кісіге бас идіретін құдірет екенін мойындайсыз.
Бөлме гүлдері. Әдетте гүл өсіру – нәзік жандыларға тән қылық деп қабылдайтын қыздар өзі өсірмейтін гүлді жігіттің үйінен көрсе, қатты таңданары анық. Бұл – жігіттің мұқияттылығын, жоғары жауапкершілігін танытады. Тіпті, гүлді қалай аялап күтсе, мені де солай аялай білетін болады деп ойлайтын қыздар да бар.
Бұрынғы қызынан қалған естеліктер. Өткен өмір өтіп кетті. Қазір оның маңызы болса да, болмаса да, бір кезде болған нәрсені жоққа шығара алмаймыз деп, тастамай сақтап жүретін адамдар бар. Оны біреу түсінсе, біреу түснбейді. Естелігін сақтап жүрсе, әлі де ұмытпағаны деп ойлайтын адамдар бар. Көрген сайын өткенді еске сала беретін нәрселерді тыққыштап жүргенше, қоқысқа лақтыра салған тыныш.
Тазалық. Адамдардың көбісі қонаққа барғанда үй тазалығына қарайды. Қай жердің болса да ас үйі мен әжетханасы таза болса, басқа жерлері таза екеніне күмән жоқ деген түсінік қалыптасқан. Осы екі жер тазалығына мән беріп, тоңазытқыштағы тарақандар қайдан пайда болды деген сұрақпен бас қатырғанша, ара-тұра сүртіп тұрған артық емес.
Үйге бөтен кісі келеді деп барлығын мінсіз етіп қою да шынайылыққа жатпайды. Ер адам соншалықты мінсіз болуы сирек кездесетіні барлығына аян.
@. @assel_assanova