1-2 күндік демалысты місе тұтпаған көңіліміз бен ағзамыз аптаның алғашқы күні бірден жұмысқа құлшына кірісуге дайын болмайды. Істеріңізге сәттілік тілей отыра санаңызды сәулелендіріп, жаныңызды жігерлендіретін бірнеше кеңес ұсынғымыз келеді. Бұл сатирик жазушы Курт Воннегуттың бітіруші түлектер алдында сөйлеген сөзі.
Жас кездегі сұлулық пен күш-жігердің рахатын сезініңіз. Қазіргі өміріңіз ұнамаса, алаңдамаңыз, бұл бір күн ғана, өтеді де кетеді. 20 жыл өткенде қазіргі фотосуреттеріңізге қарап, өзіңіз түсінбеген сезіммен осы шақты еске аласыз. Қаншама мүмкіндікке жол ашық екенін, соншалықты тартымды болғаныңызды көресіз.
Әр күні батылыңыз бармайтын бір істі орындаңыз.
• Өлең айтыңыз;
• өзгелердің жүрегін жараламаңыз;
• сізге қырын қараған кісіге жалынышты болмаңыз;
• тісіңізді тазалауды ұмытпаңыз;
• іштарлыққа уақыт жоғалтпаңыз, бірде алда, бірде артта боларсыз, мәреге дейін жол ұзақ, соңында өзіңізбен өзіңіз ғана қаласыз.
• атыңызға айтылған мақтау сөзді есте ұстаңыз, ал даттауларды дереу ойдан шығарыңыз;
• ескі махаббат хаттарын сақтап қойыңыз, ал банк қағаздарын лақтырып тастаңыз;
• мерзімді түрде жаттығу жасаңыз.
Өмірдің мәнін түсінбеген болсаңыз, өзіңізді кінәлі сезінбеңіз. Өмірімде кездескен адамдар ішінде 22 жасында тірлігін қалай өткізерін білмей жүргендер ең қызықты адам көрінетін, ал 40 жасқа келгенде де не істеп жүргенін білмейтін таныстарым болған.
Кальций тұтыныңыз. Тізеңізді, буындарыңызды сақтаңыз. Өсе келе олардың қажетін жете түсіне түсесіз.
Мүмкін некеге тұрарсыз, мүмкін тұрмыс құрмассыз. Бәлкім балаларыңыз болар, бәлкім болмас. Мүмкін қырық жасқа жеткенде ажырасып кетерсіз, мүмкін сексен жасқа жеткенде де тасып тұрған махаббатпен өмір сүрерсіз. Не істесеңіз де өзіңізді жазғырмаңыз және көтермелеп те жібермеңіз. Таңдауыңыз бен тағдырыңыз түзу болсын деп тілеңіз.
Орынның қолайлы-қолайсыздығына қарамастан билеңіз.
Әдемі өмір туралы журналдарды, жазбаларды оқи көрмеңіз. Ол тек өзіңізді төмен сезінуге "көмектеседі".
Бір туған бауырларыңызға өте мейірбан болыңыз. Олар сізді өткеніңізбен байланыстыратын және болашақта қандай жағдай болса да жаныңыздан табылатын жандар.
Достар өміріңізге келеді, кетеді... Бірақ қимастарыңыз жаныңызда қалуына бар жағдайды жасаңыз. Себебі жасыңыз ұлғая келе сіздің жас кезіңізді бес саусағындай білетін адамдарды аса қажетсінесіз.
Мәскеуге барып біраз тұрақтаңыз. Бірақ бір күні кетіп қалыңыз, себебі ол сізді тас жүрек етіп жіберуі мүмкін. Бали аралдарына барып тірлік кешіңіз, бірақ ол жерден де қоныс аударыңыз, себебі ол жақта шектен тыс мейірімді болып кетесіз. Өміріңізді саяхатпен өткізіңіз.
Шындықпен бетпе-бет келе біліңіз: баға тұрақсыз, өсе береді, саясат та сан құбылады. Сіз де қартаясыз, сол кезде жас кезіңіздегі бағалар ғана ақылға қонымды болғанын, саясат қайырымды болғанын, ал балалар қарттарды құрметтегенін еске аласыз.
Үйдегі қазынаңыз – қартыңызға да аса жоғары құрмет көрсету қажет екенін де естен еш шығармаңыз. Олар бүгін жаныңызда, ертең жоқ.
Біреу сізді бағады екен деп сеніп қалмаңыз. Дәл қазір ата-анаңыз не жарыңыз қаржылай қамтамасыз етіп отырған шығар. Бірақ оларды да тағдыр сізден қашан ажыратарын болжап болмайсыз.
Шашыңызға көп тәжірибе жасамаңыз. Қырық жасқа жеткенде олар сексендегі кәрінің селдір шашындай болғанын көргіңіз келмейтін шығар.
Бәріміз де бір күні бақұлдасып кетеміз. Бірақ соңғы деміміз шыққанша сенімді жоғалтпауымыз қажет. Бар қиындық та осында секілді...