- Негізгі бет
- Егер...
- Жаман әдетті тыя...
Жаман әдетті тыя аласыз
Артық әдеттердің бәрі қолдың артық қозғалысынан пайда болады. Бір нәрсені уайымдай қалсаңыз, бір қимылды қайталай беретін боласыз. Саусақпен үстелді тырсылдату, көзілдірікті қайта-қайта шешу, шашыңызды ұстау, саусағыңызды, қаламды тістеу, аяқты дірілдету, тоңазытқышты аша беру, т.б. Мұның бәрі жаныңызда отырған адамға уайымыңыздан, күйзелісіңізден хабардар етеді.
Ғалымдардың зерттеуінше, мұндай қылықтардың жиілігі күйзелістің дәрежесіне қарай артатын көрінеді. Басқармамен сөйлескенде, бір нәрсе бүлдіргенде, жағымсыз оқиғаларды ойлағанда адам санасы өз-өзіне бағынбай кетеді. Артық әдеттерге ие жандар бұл қасиеттерін балалық шақпен байланыстырады екен. Себебі, бала алаңдаса, жанына тыныштық сыйлайтын әрекет жасайды. Тойып тұрса да, емізік немесе саусақ соратын рефлекс баланы шынымен де тыныштандырады.
Ең қауіпті әдет
Адамдардың көпшілігі жүйкесін тынықтыру үшін, күйзелістен арылу үшін темекі шегеді. Бұл зерттеулерде де дәлелденген. Ол – артық әдеттердің ішіндегі ең қауіптісі. Тыныштықты басқа заттардан да алуға болатынын ұмытпау керек.
«Салмақты» әдет
Адамдар әртүрлі. Бірінің тәбеті мықты болса, бірі тәбетін аша алмайды. Ал енді бірі тек уайымдағанда ғана тоңазытқыштың тұтқасына тыным бермейді. Досымен сөзге келіп қалса, ойлағаны болмай қалса, тамақ ішеді. Бұл жағдай артық салмақ қосатынын ұмытпаңыз. Ол үшін азық-түлік аларда калориясы аз тағамдар алған жөн.
«Қорқынышты» әдет
Түнде жарықты жағып ұйықтау, жанында біреу болса ғана ұйықтау – үрейден пайда болған дағдылар. Олар үрейден қаша алмағандықтан, ұйықтамауға да бар. Бұл әдетті жеңу үшін өзіне деген сенімділікті арттыру керек. Денесін шымшып, қолын сипап, шашын қолымен бұйралап, т.б. өз-өзін алдау керек.
«Ашулы» әдет
Ернін тістеу, тісін қайрау – ашудың белгісі. Агрессияға жақын адамдар көбіне осындай қылықтар жасап, ашуын көрсетеді. Бірақ, мұны сес көрсету деп емес, артық дағды деп түсінген абзал. Олар өздерін физиологиялық тұрғыда жарақаттап жатқанын есіне алуы тиіс.
«Сенімсіз» әдет
Бұл әдет сөйлеу кезінде байқалады. Ел алдына шыққанда, «қалай еді», «жаңағы», «бағана», «содан», «яғни», «жалпы», «әйтпесе», «былай айтқанда», «менің ойымша», «сосын» деген паразит сөздерді көп қолданатын адамдарды көпшілік сөздік қоры аз деп бағалайды. Шаршы топ алдында еркін сөйлеуден қорқатын адамдар осындай қылықтарға бой алдырады. Олардың ойлау механизмінде кедергілер болып жатқанын екінің бірі білмейді. Керісінше, бос сөйлеп тұр деп, сөзін құлаққа ілмейді.
Жаман әдеттпен күресу керек пе?
Әркім әртүрлі нәрседен ләззат алады. Мүмкін, шынымен, сол дағды жайлылық сыйлайтын шығар. Бірақ, оның сізге тигізер әсері бар ма? Соны ойлану керек. Егер сіздің сыртқы тұлғаңызға, жұмысыңызға, мансабыңызға кері әсері болса, мұнымен күрескен дұрыс. Мысалы ашуға булығып тұрсаңыз, үйді жинаңыз, сурет салыңыз, сабаңызға түсіретін ән тыңдаңыз.
Не істеу керек?
Ересек адамдардың көбі жаман әдеттерімен күрескісі келмейді, өйткені бұл қасиеттері өмір сүруге кедергі емес. Ал бала тырнағын тістелей беретін болса, оның қолынан ұрып қалудың қажеті жоқ: бұл әдеті күшейе түседі. Керісінше, бұл неге саусағын тістелей береді деген сауалға жауап іздеу керек. Бала саусағын тістеуге мұршасы болмайтындай тапсырма беріңіз. Сурет салсын, тақпақ жаттасын, пазл құрастырсын. Бастысы, көңіл бөліңіз.
Назарыңызға тырнақ тістемеу үшін не керектігін ұсынамыз.
- Сән салонына барып, тырнағыңызға әдемі маникюр жасатыңыз. Бағасы қымбатқа шықса, алаңдамаңыз. Қолыңыздағы сұлулықты жоғалтып алмас үшін, тырнақ тістемейтін боласыз.
- Тырнақ тістелмейтін етіп алып тастаңыз.
- Исі не дәмі жағымсыз қыша, алоэ, қызыл бұрыш секілді нәрселерді саусағыңыздың ұшына жағып қойыңыз. Тіл рецепторларына дәм жеткенде, өзіңіз-ақ тыйыласыз.
- Іс тігіңіз, түйме қадаңыз, моншақтардан алқа жасаңыз. Сізді тыныштандыратын іспен шұғылданыңыз.