Отбасы бюджетін басқару – күрделі мәселе. Табыс көп болған сайын қажеттілік те артып, ақша жетпейтіндей көрінеді. Үйге келетін бір кіріс көзі болса, есептеп жұмсағанда, барлығына жетеді. Алысқа бармай-ақ, мысалды айналамыздан көріп-естіп жүрміз. 34 мың теңгелік жалғыз жалақымен тұтас отбасын асырап отырғандар да, бір баласының 12 мың теңгелік шәкіртақысымен барлық баласын асырап отырған адамдар да бар.
Қолда барға шүкір айтқан сайын, тағдырдың берер ризық-несібесі де артатынын естен шығармайық. Біз ұсынған тәсілмен ақшаңызды үнемдеп, барлық қажеттілікке жеткізе аласыз, байқап көріңіз.
Ол үшін жалақыңызды бес бөлікке бөліңіз.
Бірінші бөлігіне жалақыңыздың 60% арнаңыз. Бұл басқа бөліктерден көп, себебі осы тармаққа пәтерге (жарық, жылу, интернет) төленетін ақы, бір айға жететін азық-түлік деген секілді міндетті түрде жұмсалатын шығындар тізімі енеді.
Екінші бөлігі білімге арналсын, оған 10% бөлсеңіз жеткілікті. Яғни кітап сатып алу, курсқа бару, тіл үйрену, театрға, мұражайға бару секілді істерге жұмсалатын ақша. Еңбек етіп, маңдай теріңізбен табыс тапқан соң, ол сізді күн сайын жетілген үстіне жетілдіріп отыруға да қызмет етуі тиіс.
Келесі 10% бөлігін де былай алып қоюға тура келеді. Себебі қазақтың тойы бітпейді, кем дегенде айына екі туысыңыздың туған күніне сыйлық алуыңыз қажет. Бұл қажеттілік өтелген соң, ай аяғында, келесі жалақы түсер сәтте сыйлықтардан артылған ақшаны қайырымдылыққа жұмсаңыз. Мейлі ол 200 теңге болса да, біреудің жыртығын жамауға жарап қалады.
Төртінші бөлігіне жалақыңыздан 10% арнап, оны жұмсамай, көк сандықтың түбіне сақтап қойыңыз. Шетелде «қара күн» деген атауының өзі қорқынышты термин бар. Ал қазақтар жамандық шақырмайды. Жұмсамай жинаған ақшаңыз қатерлі күнге емес, көлік алу, үй салу, ЖОО-да бала оқыту, той жасау, шетелге шығу деген секілді игі іске жаратамын деп жақсылыққа жорыңыз.
Жоспарлы түрде жұмсалған жалақыңыздан қалған соңғы 10% бөлігін өзіңізге, жан рахатыңызға арнаңыз. Ойын-сауық орталықтарына барып, көңіл көтеріңіз.