Күнделікті өмірде атаулы күндерді, маңызды ақпараттарды, банкомат карталарының құпия санын, көше қиылысын естен шығарып, сан соғып жатамыз. Қазір айтылғанды қазір ұмытып, қайта сұрап бару үшін екі аяққа күш түсіретініміз де рас. Есте сақтау қабілетін арттыру амалдары мен ақпаратты жаттаудың тиімді жолдарын жадыңызға түйсеңіз, жұмыста не сабақта алғырлығыңызбен көзге түсеріңіз хақ. Ендеше, мәліметтерді қалай тез жаттауға болатынын бірге оқиық.
Белгілі бір ақпаратты есте сақтап қалу үшін сол мәліметке бар көңіліңізді аударыңыз. Мұқият тыңдап, жадта сақтау жолында жаңағы ақпаратты өзіңізге таныс затпен байланыстырыңыз. Мәселен, 39 үйдің нөмірін жаттау үшін осы санға байланысты ақпаратты іздеңіз: атаңыз 1939 жылы туылған делік, осы атаулы күннің көмегімен үйдің нөмірін жаттауыңызға болады.
Бір маңызды ақпаратты, мысалы, есепнамадағы бір санды, сөздің мағынасын, әншінің атын, телефон нөмірін естен шығарып алсаңыз, құжатқа, сөздікке, ғаламторға үңілмес бұрын, өзіңіз еске түсіруге тырысыңыз.
Егер жаңа ақпаратты сақтап қалғыңыз келсе, сол ақпаратты қатыстырып, ойша сұлбасын бейнелеңіз. Ол өз қиялыңызға байланысты.
Сандарды жаттауда, олардың құрамын қосып не бөліп есте сақтауға болады немесе белгілі бір ассоциация қалыптастырыңыз. Мәселен, 2467 санын алайық. 2+4=6, ал алтыдан кейін 7 деп, есте сақтасаңыз, әлдеқайда тиімді.
Бір адамның айтқанын келесі бір адамға жеткізу барысында айтылған ойды қалай жаттауға болады? Оның да қарапайым тәсілі бар. Бала кезімізде жаттауға берген тақпақтарды анамыз оқып, біз қайталаушы едік қой. Сол секілді, айтылған сөздерді өзіңіз де іштей қайталап отырсаңыз, мәліметтерді келесі бір адамға тосылмай жеткізесіз.
Бос уақытыңызда, мысалы, кезекте тұрған сәтте делік, уақытыңызды ұтымды пайдалану үшін және жадыңыздың қабілетін арттыру үшін арифметикалық есептерді көбірек шешіңіз.
Тағы да бір кеңес: есте сақтау қабілетін арттыру үшін жұмыстан не оқудан келген соң, кешке қарай күнді қалай өткізгеніңізді есіңізге түсіріңіз. Әр басқан қадамыңызды, әр іс-әрекетіңізді, кіммен кездесіп, қай жерде отырғаныңызды көз алдыңызға елестетіп, өз-өзіңізге есеп беріңіз.
Және ең маңыздысы - көбірек кітап оқыңыз. Кітап оқу барысында ми оқылған әр оқиғаны жаттап қалуға әрекеттенеді.
Сіз ақпаратты қалай жаттайсыз, құрметті оқырман?
Сурет: motivation-life.ru