Ата-әжеміздің қазір ғана қолында ұстап тұрған затын қайда қойғанын білмей, «астындағы атын алты ай іздейтіні» бар. Тіпті, кейде «Әй, Әскербек, Ризабек, Дәулет, ой, кім едің, сен, әй?» деп барып, атыңды естігенде, «Иә, әже, менмін ғой» дейсің. Ал біздің (жастардың) ше? Біздің есте сақтау қабілетіміз бар мәліметті толықтай сақтай ала ма? Егер есте сақтау қабілетіміз ата-әжемізден әрі аса алмай тұрса, не істеу керек? Бүгінгі жазбамыз осы сұраққа толыққанды жауап береді. Төмендегі негізгі бес ережені «бес саусақтай» біліп алсаңыз, жадыңыздың қабілеті жақсара түседі.
Бірінші ереже: денеңіздегі қан оттегімен көбірек «қоректенуі» тиіс. Қан тамырлары қабылдаған ақпараттарды жадыңызда сақтауы үшін сіздің миыңызға көмірқышқыл газын көп мөлшерде тасымалдауы керек. Ол үшін не қажет? Жұмасына бір күн таза ауада сергіңіз. Егер сіз қара күштің емес, мидың көмегімен жұмыс істейтін болсаңыз, кем дегенде, 1-2 минут терезені ашып, таза ауамен демалуыңыз керек. Шылым шегілген және ауасы желдетілмеген бөлмеде жұмыс істеуге болмайды, ол мидың есте сақтау қабілетін тежейді. Және көп қозғалып, спортпен жиі шұғылданыңыз. Әрине, ол арнайы спорт залдарына барып, таңнан кешке дейін жаттығыңыз деген сөз емес, жаяу жүріп, баспалдақтармен көтеріліп, ағзаңызды сергітсеңіз болады.
Екінші ереже: ұйқы режимін сақтау. Бұл мидың қалыпты қызмет жасауына көмегін тигізеді. Ұйқы қанбаған жағдайда, адам жұмысын толық атқара алмайды. Оған қоса, адамның миы күн мен түн деген биологиялық шарттылыққа негізделген, сондықтан түнде ұйықтап, күндіз жұмыс істеген абзал. Түнгі ұйқыда адам миының шаршаған жасушалары қайтадан қалпына келіп, сананың жинақталуына ықпал етеді. Ересек адамдар 7-8 сағат, ал жасөспірімдер 9 сағаттан кем ұйықтамауы тиіс.
Үшінші ереже: шылым шекпеу. Шылым құрамындағы улы заттар есте сақтау қабілетін төмендетеді. Есейген сайын белгілі бір теориялар былай тұрсын, күнделікті көріп жүрген заттың атауын автоматты түрде естен шығарып отырады. Бұл ғалымдардың ғылыми тәжірибесінде дәлелденгені анық. Демек, есте сақтау қабілетін арттыруды шылымға қарсы тұратын әдіс деп білген жөн.
Төртінші ереже: ішімдіктерден алыс жүру. Егер сіз ақыл-ойыңыздың сергек болғанын қаласаңыз, осы қағиданы естен шығармаңыз. Ішімдікті тұтынудың есте сақтау қабілетін баяулататыны белгілі. Өткенді ұмыту осыдан бастау алады. Өткеніңізді жадыңыздан өшіруге жол бермеңіз.
Бесінші ереже: дұрыс тамақтану. Есте сақтау қабілетінің төмендеуі фосфор қышқылы мен кальций тұзының тапшылығының әсерінен болады. Бұл химиялық белсенділерді жоғалтпау үшін ірімшік, жұмыртқа, дәнді дақылдар, бадам (миндаль), жаңғақтарды күнде белгілі бір мөлшерде тұтынып отыру қажет. Ақуызға бай ет, бауыр, балық өнімдерімен көп мөлшерде қоректеніп, майлы және тәтті тағамдардан ада болған дұрыс. Және тойып тамақтану ақылмен жұмыс істеуге кері әсерін тигізетінін ұмытпаңыз.
Құрметті оқырман! Сіз есте сақтау қабілетін арттыру үшін не істейсіз?
Жалғасы бар...
Сурет: der-niedergelassene-arzt.de