Жайдары жазбен бірге табиғат аясында демалу маусымы басталды. Осы уақыт аралығында табиғат төсінде серуен құрып, жақын адамдармен бас қосу жиілей түседі. Бірақ оған да үлкен дайындық керек. «Үйден қырық қадам алыстаған соң, сынық инеге мұқтаж боласың» деп дана халқымыз біліп айтқан ғой. Сіріңкеден бастап, шатырға дейін буып-түйіп жинастыру оңай шаруа емес. Алдымен, керек заттарды тізімдеп алсаңыз, жұмысыңыз жеңілдей түседі. Ендеше, төмендегі мына заттар тізімнің басында тұрсын.
1. Су
Саяхатқа шыққанда, суды негізінен екі мақсатта қолданады. Бірі – ішуге, екіншісін – жеміс-жидек пен көкөністерді жууға, қол жууға, жаққан отты өшіруге. Ал егер бұлақ басына шықсаңыз, бос бөтелке не шелек ала шығыңыз.
2. Дәріқұты
Табиғат аясында жүрген соң, келеңсіз оқиғаларға жолығуыңыз мүмкін. Денеңізді жарақаттап не құлап қалсаңыз, жақын маңда дәкеңіз дайын тұрсын. Дәріқұтыңызда ауруды сездірмейтін дәрі, белсендірілген көмір, мүсәтір спирті, дәке мен мақта және йод болуы керек. Күннен және жәндіктерден қорғайтын дәрілерді ала жүріңіз.
3. Ыдыс-аяқ
Дастарханнан бастап, ашқыштарға дейінгі тізім әзірлеңіз. Бұл тізімнің ішінде пластмассадан не картоннан жасалған ыдыстар болғаны дұрыс: ары-бері тасуға жеңіл болады. Тақтайша, пышақ, қасық сынды «дәстүрлі» ыдыстар мен азық-түлікті нәзік жандыларға тапсырсаңыз, өздері-ақ "тындырып" қояды.
4. Отын
Егер отын үшін арнайы көмір ала шықсаңыз, сіріңке мен газетті де ұмытпағайсыз. Ал егер кәуап пісіретін болсаңыз, шағын балта ала шығыңыз: ағаштарды майдалап жаруға керек болады. Оған қоса, отынның түтінінен масалар да қашатын болады. Бұл ретте қауіпсіздікке сақ болыңыз. Балаларды оттың жанына қараусыз қалдырмаңыз.
5. Шатыр
Таза ауамен тыныстап демалғыңыз келсе, қауіпсіздік үшін қорғаныңызды ұмытпаңыз. Көз іліп алуға, ойнауға, әңгіме айтуға керек болады. Денеңізді күннен, аяқ астынан жауған жаңбырдан қорғап тұрады. Оған қоса, шағын төсеніш пен жамылғы ала шығыңыз.
6. Ойын
Балалар кең жерде жүрген соң, асыр салып ойнағылары келеді. Олар өз беттерімен "айдалаға" кетіп, бір нәрсеге ұрынып қалмауы үшін алдын ала ойын түрлерін дайындап шығыңыз. Доп, секіргіш, теннис, карта, шахмат сияқты ойын заттарын сөмкеңізге салып қойыңыз.
7. Көңіл көтеру
Кешкі уақытта маздап жанған оттың жанында отырып, сыр шертіп, әуелетіп ән айтпаса, демалыс – демалыс бола ма? Сол үшін домбыра, гитараны да ұмытпаған жөн. Және де көлікпен жүрсеңіз, ән қорын толықтырып шығыңыз.
8. Естелік
Керемет демалыстың тез өтіп кететіні белгілі. Ал оның әсерін есте сақтау үшін бейнекамера мен фотоаппаратты жаныңыздан қалдырмаңыз. Заттарды жинастырғаннан бастап, үйге қайтқанға дейінгі аралықта бір сурет жинағы толып қалатындай суретке түсіңіздер.
9. Ұсақ-түйек
Қалта телефоны, қол шамы, сіріңке, қоқыс пакеті, басы артық батареяларды ұмытпаңыз.
Әрине, бұлар тек ең негізгілері ғана. Алдағы уақытта табиғат аясына демалуға барарда қандай киімдер ала шығу керектігін, қандай өнімдерді пайдалану керектігін толықтырып, жеке-жеке жазатын боламыз.