- Негізгі бет
- Егер...
- Егер мұзға түсіп...
Егер мұзға түсіп кетсеңіз...
Қыс қаһарына мініп, судың беті тоңдана бастады. Алдыңғы жазбамызда мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелері мен алғышарттары туралы айтқан едік. Соның жалғасы ретінде абайсызда мұз жарылып, суға түсіп кетсеңіз немесе осындай жағдайға тап болған екінші бір адамды көрсеңіз қалай көмектесіз? Құтқарып алғаннан кейін қандай алғашқы көмек көрсетуіңіз керек? Міне, бүгін осы сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбітеміз.
Егер мұзға өзіңіз түсіп кеткен жағдайда:
* Басыңызбен суға батып кетпеу үшін мұздың жиегінен қолдарыңызды екі жаққа созып, ұстап тұрыңыз.
* Мүмкіндік болса, ағыс сізді мұз астына батырып алып кетпеу үшін жылымға (жылым - адамның мұзға түсіп кеткен жері, ойылған тұсы) қарай қозғалыңыз.
* Мұздың жиегін сындырып алмай, оқыс қозғалыссыз мұз үстіне жаймен шығып, бауырыңызбен жорғалап, аяқтарыңызды бірінен соң бірін шығарып алуға тырысыңыз.
* Мұз жылымынан шығып, келген бетіңізбен жорғалап жағаға жетіп алыңыз.
Егер мұзға түсіп кеткен адамды көрген жағдайда:
* Оған көмекке келе жатқаныңызды білдіріп, міндетті түрде айқайлаңыз.
* Қолдарыңызды екі жаққа созып, жылымға қарай ақырын жорғалап келіңіз.
* Міндетті түрде өзіңіздің астыңызға шаңғы немесе тақтай қойып, бауырыңызбен жорғалап сырғанап барыңыз.
* Жылымның дәл қасына бармаңыз, әйтпесе, өзіңіз суға түсіп кетесіз.
* Белдік, бөкебай немесе тақтай, шаңғы, шана болса да, суға батып бара жатқан адамды құтқаруға көмектеседі.
* Бір-бірімен байланған заттарды алдыңызға қарай ұстап, жапа шегуші ұстай алатын қылып, дәлдеп 3-4 м қашықтықтан лақтыру керек.
* Қолыңыздағы затты жіберіп алмай, мықты ұстаңыз.
* Шешімді тез әрі нақты қабылдаңыз, абдырап қалмаңыз.
* Зардап шегушіні мұз үстіне шығарған соң, келген бетіңізбен мұзды жорғалап жағаға қарай беттеңіздер, себебі сіз келген жол тексерілген.
Мұзға түсіп кеткен жапа шегушіге алғашқы көмек қандай болмақ?
* Ең бірінші жедел жәрдемге хабарласу керек. Және олар келгенше өз бетіңізбен төмендегі әрекеттерді жасай беріңіз.
* Тыныс алу жолдарына су кірген болса, зардап шегушінің ауыз қуысын тазалау керек.
* Зардап шегушіні басы төмен қарап тұратындай қылып, тізеге етпетінен жатқызып, жауырынынан қатты күш түсіріп басу керек. Бұл әдіс іштегі және өкпедегі суды шығарады.
* Одан кейін ақырын қолдан дем алдыру тәсілін бастаңыз.
* Зардап шегушінің үстіндегі киімдерін шешіп алып, құрғақ киімдер кигізу керек, егер таза киім болмаған жағдайда, полиэтиленмен орау керек: әдетте, көшетханаларда өсімдіктерді суықтан қорғау үшін үстін полиэтиленмен жабады. Сондықтан, адамды суықтан қорғап, жылыту үшін полиэтиленмен ораған жөн.
* Жапа шегушіні жылы орынға апарып, ыстық шай беріп, астына жылытқылар (жылытқы мақсатымен қолданылатын ішіне ыстық су құйылған ыдыс – грелка) қою керек.
Сурет: novosti44.ru, gensovety.ru
Е. Жұмабайұлы