- Негізгі бет
- Егер...
- Егер маса мазаңызды...
Егер маса мазаңызды алса...
Жаз – табиғат аясында саяхаттап, тынығатын мезгіл. Достарыңмен не отбасыңмен жазғы табиғаттың ортасында шатыр құрып, кәуап пісіріп, бір демалып қалатының бар. Бірақ, осы демалыстың шырқын маса деген жәндіктің бұзатыны жаман. Шаққан орны дуылдап қышып, мазаны алады. Бұндай жағдайда не істеуге болады, оның алдын қалай алу керек деген сауалдардың жауабын бүгінгі жазбамыздан біле аласыздар.
1. Маса шаққан жерді, алдымен, сумен жуып алыңыз. Жараланған теріні сабынмен жуып, залалсыздандырыңыз.
2. Шаққан жерге дереу мұз басыңыз. Масалардың шаққаны кейде ұзаққа дейін білінбеуі мүмкін. Уақыт өте келе ісініп, теріңізге жағымсыз әсер тудырады. Ісіктің бетін қайтару үшін жараның орнына мұз басқан абзал.
3. Теріде қышу пайда болса, тиіспеңіз. Масаның шаққан жерінде терінің беті ашық болады. Тырнақ – микроб жинаушы болса, терінің ашық бетіне микробтардың жоламағаны дұрыс. Сондықтан, маса шаққан орынды тырнамаңыз. Бұл сәтте дәріқұтыңызда жәндік шаққаннан кейін қолданатын арнайы сықпа май болғаны дұрыс. Оның қолдану шарттарын ескере отырып, жарақаттанған теріңізге жаймен жағыңыз.
4. Немесе күнделікті тұрмыстағы ас содасы мен суды араластырып, паста жасаңыз да, шаққан орынға жағып қойыңыз. Тіпті, медициналық спирт те бұған дәрі бола алады. Олар теріні залалсыздандырып, қышу мен қабынуды басады.
5. Тағы бір табиғи емдеу шарасын ескере жүріңіз. Жалбыздан жасалған май немесе сұйықтықтар да бұл кезде сізге көмегін тигізе алады. Жалбыз тек суық тигенде ғана емес, сонымен қатар маса шаққан теріні емдейтінін білетін болдыңыз. Сонымен қатар, қалақай (крапива), өгейшөп (мать-и-мачеха), насыбайгүл (базилик) сынды өсімдіктер ісіктің бетін қайтарады.
6. Эфир майлары да маса шаққан орындарды кетіруге септігін тигізеді. Ол жараның қабынып кетуінен қорғайды. Оларды қолданар алдында, сіздің теріңізге қайсысының «жағатынын» біліп алыңыз.
Ал маса сіздің мазаңызды алмас үшін не істеу керек?
Маса көбіне сулы жерді мекендеп, көбейеді. Сол үшін, судан жырақтау жүріңіз.
Денеңізді улы жәндіктерден қорғайтын арнайы спрей, май секілді заттарды жаныңыздан қалдырмаңыз.
Денеңізге ауа өткізіп тұратын, бірақ, етек-жеңі жабық киім киіп жүріңіз. Дегенмен, ашыққан масалардың киімнің сыртынан да шағатыны бар.
Далалықта серуен құрып, табиғат аясында демалсаңыз, шағын ғана от түтетіп, түтін шығарыңыз. Себебі, масалар түтіннен қорқады.
Олай болса, осы кеңестерімізді ескере отырып, жазғы демалысыңызды алаңсыз өткізіңіз!
Е. Жұмабайұлы