Қылышын сүйретіп қыс келген соң өзінің түрлі мінезін көрсете бастайды. Қыстыгүні көлікпен ұзақ жолға сапар шегу өте қауіпті. Әсіресе, ауа райы құбылмалы аймақтарда. Күтпеген жерден небір келеңсіз жағдайларға тап болуыңыз мүмкін. Мысалы, қар көшкіні немесе көліктің бұзылып қалуы, көліктің қарға батуы сынды оқиғалар.
Олай болса, бұндай жағдайда не істеуіміз керек?
Ұзақ сапарда қауіптің алдын-алу үшін мына нәрселерді ала шығыңыз:
1. Жылы киімдер мен жамылғыштар;
2. Дәрі-дәрмектер;
3. Азық-түлік;
4. Көлік батып қалған жағдайда қарды күреу үшін керек болатын арнайы күрек;
5. Құрал-саймандар: арқан, тегершікке арналған шынжырлар т.б..
Көлік батып қалған жағдайда оны шынжырмен сүйреп шығару өте тиімді әдістердің бірі. Егер көлігіңізді сүйрейтін ешқандай көмекші көлік жоқ болса, шынжырды дөңгелекке мықтап орап, алға-артқа жылжытып көріңіз. Одан да нәтиже шықпаса, сізге көліктегі жылуды сақтап, көмекші топты күту керек. Мұндай жағдайда аюдың апаны ұқсатып көлігіңізді қармен көмуге тырысыңыз. Бұл әдіс көліктегі жылуды сақтауға көмектеседі. Қардың жылуөткізгіш қабілеті аз. Сондықтан, көлікті қарға көму арқылы жылу жоғалтпайсыз. Көлік ішіндегі желдеткіштің жұмыс істеп тұрғанын қадағалап отырыңыз. Көліктің бір есік тұсы мен газ шығаратын құбырын қармен көмбеңіз. Көліктің төбесіне құтқарушылар тобына білінетін белгі қойыңыз. Мысалы, қолыңызда бар ашық түсті матадан жалауша жасап қоюыңызға болады. Көлік ішінде бойыңыздағы жылуды сақтау үшін үнемі қозғалып отырыңыз. Кейін қалың киімдерді киіңіз, көп болса, тіптен жақсы. Көліктегі жолаушылардың бір-бірінің жылуын сақтап, бірігіп отырғаны абзал. Көлік ішіндегі жылуды ұзағырақ сақтау үшін көбірек бос кеңістіктің болғаны жөн. Бұны жасау, әрине, қиындау, әйткенмен, бұл әдіс өзінің оң нәтижесін береді. Көлігіңізді 10 минут сайын қыздырып тұрыңыз. Одан бұрын, қайғылы жағдай орын алмас үшін көліктің газ шығаратын құбырын қар бітеп тастамағанына көз жеткізіңіз.
Ал енді, өмірде болған жағдайдан бір мысал келтірсек:
Швецияның бір қаласының маңында 2002 жылы көлігімен омбы қардың астында қалған Умео атты 44 жастағы бір ер адам табылған. Ол 2001 жылдың 19 желтоқсанынан бастап қардан басқа нәр татпаған! Дәрігерлер бұл жағдайға таң қалды. Ол адам азықсыз 60 тәулік шыдап жатқан екен. Бұл кісі -30 градустық суық орманда азықсыз отырған. 17 ақпан күні қалыңдығы бір метр болатын қардың үстімен жақын маңның екі тұрғыны өтіп бара жатқан. Алғашында омбы қар боп көрінген көлікке екеуінің көзі түседі. Олар бұны біреудің қажетіне жарамай, тастап кеткен көлігі болар деп ойлайды. Қаркешкіш көлікпен жүрген екі жолаушыға бұл өте қызық болып көрінді. Сөйтіп, ішіне үңілуге бел буады. Көлік ішінен бір қозғалысты көрген оларға көлікті өз күштерімен ашу оңайға түспеді. Сондықтан, құтқарушы топты, кейіннен полицияны шақыруға тура келді. Көлікті ашқан соң түнемел қаптағы (Түнемел қап - туристерге арналған арнайы "төсек".) қалың киімді ер адамды байқайды. Ол өте әлсіз және әбден қалжыраған екен. Ер адамды көліктен шығарып, бірден Норланд университетінің ауруханасына апарады.
Міне, осы секілді оқиғалар адмзат баласының басынан өтіп жатыр. Сондықтан, сіз де қандай қиын жағдайға тап болсаңыз да, мойымай, өмір сүруге талпыныңыз.
Сурет: avtorus.com, hifisentralen.no, segurossantacoloma.com, nypost.com