Ит – адамның досы. Бірақ, олардың да ішінде «тентектері» бар. Алдымыздан ит үріп шықса, «жат», «кет» деп, кейде жерден «өтірік» тас алып жатқандай болып қорқытып, қуып жібереміз. Ал іс насырға шауып жатса, не істеу керек? Бұл сұрақтың жауабын жазбамыздан оқып, біле аласыздар.
1. Қандай жағдай болмасын, сабыр сақтаңыз. Сіздің қорқынышыңыз немесе ашуыңыз қабаған төбеттің «жүйкесіне тиюі» мүмкін. Сондықтан, барлық сезіміңізді іште сақтағаныңыз абзал болар.
2. Қашпаңыз. Иттің көзіне тік қарамаңыз. Ашулы иттен жаймен жүріп алыстаңыз.
3. Егер, ит сізге секірейін деп тұрғанын байқасаңыз, қолыңыздағы не жақын маңдағы бір нәрсені қолыңызға алып, тосып қалуға тырысыңыз. Мысалы, таяқ не пенжак, күрте, не болмаса, сөмкеңіз. Бұл заттар сізге кішкене болса да, қорғаныш болады.
4. Ал ит сізге тиіскен жағдайда, тасты не таяқты қару ретінде пайдаланыңыз. Көзіне не мойнына қарай қаттырақ соққы жасаңыз.
5. Егер төбет тістесе, тістеген жерін жұлқылап, тартып алуға тырыспаңыз. Ол денсаулығыңыз үшін қауіпті, ал бұдан ит одан сайын өшіге түседі.
6. Кейін дәрігерге көрініңіз. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, жаманның алдын орап, саулығыңызды күтіңіз. Көше иттері түрлі қауіпті ауруларға жақын болады. Сол себепті, тексеріліңіз.
Сурет: 4put.ru