Су құйылған бөтелкелерді қалай таңдау керектігін білесіз бе? Әрине, жарамдылық мерзіміне көңіл бөлесіз. Одан бөлек, бөтелкедегі суды таңдаудың тағы бір сыры бар. Бөтелкелерде пластиктің қандай түрінен жасалғандығы туралы белгілер таңбаланады. Олар сізге көптеген ақпарат бере алады. Олай болса, бұл белгілердің сырын ашайық.
1. PET немесе PETE
Бұл таңбалар бөтелкенің құрамы туралы "айтып" бере алады. Егер босаған бөтелкеден осы таңбаны көрсеңіз, екінші рет оның ішіне су құйып пайдаланбаңыз. Себебі бұндай бөтелкенің құрамында химиялық заттар бар. Олар екінші реттік пайдалану кезінде адамның гормональді жүйесіне кері әсерін тигізетін заттар бөліп шығарады.
2. HDP не HDPE
Бұл адам өміріне қауіп төндірмейтін жақсы бөтелкенің белгісі. Мамандардың айтуы бойынша, бұндай бөтелкелер адам денсаулығына да, қоршаған ортаға да зиян тигізбейді екен. Мүмкіндік болса, осындай белгісі бар бөтелгедегі суларды тұтынған жөн. Бұндай бөтелкелердің бәрі екінші реттік пайдалануға икемді. Көбіне сүт, жуынуға арналған сұйықтықтарды құюға және де пластикалық пакеттерді жасауға осындай пластиктер қолданылады екен.
3. PVC немесе V
Мына материалдан жасалған заттар қауіпті екі химикат бөліп отырады. Бұл химикаттар адамның денсаулығына зиян келтіреді. Бұл жұмсақ, иілгіш пластик. Бұны көбіне өсімдік майларын сақтауда және балалар ойыншығын жасауда пайдаланады. Компьютер шоғырсымдарын орауға, сантехникалық құбырларды жасауға да пайдаланады. PVC-ге күн сәулесі мен ауа-райы әсер етпейді. Сондықтан, бұндай материалдардың қоспасымен терезе жиектемелері мен баққа арналған құбыршектерді жасайды. Мамандар бұндай қоспасы бар өнімдерді алмауға кеңес береді.
4. LDPE
Бұл материалдан көбіне пластикалық пакеттерді жасау үшін пайдаланылады. Ол бөтелкедегі суға ешқандай зиянд зат бөліп шығармайды. Ал егер қолданып жүрген пакеттерініңден осындай белгіні көрсеңіз, оның ішіне азық-түлік салмағаныңыз дұрыс.
5. PP
Бұндай пластиктер ақ түсті не әйнек секілді болады. Оның көмегімен көбіне шырындар мен йогурттерді сақтауға арналған ыдыстар жасалады. Олар ыстыққа төзімді болып келеді. Денсаулыққа зиян келтірмейді.
6. PS
Бұндай пластиктерден кофе стакандары мен тез дайындалатын тағамдарға арналған ыдыстар жасалады. Алайда, ысыту кезінде олар химиялық қосындыларды бөліп шығару мүмкін. Полистирол деп аталатын бұл материал қымбат тұрмайды, әрі жеңіл. Бірақ ыстық тамақтар мен сусындарды ұзақ сақтай алмайды.
7. PC немесе белгісі жоқ пластмасса
Бұл ең қауіпті пластик. Одан су құюға арналған бөтелкелер мен тамақ сақтауға арналған ыдыстар (контейнер) жасалады. Бұл пластик сіздің ішкі ағзаңызды "құртатын" бисфенол А деп аталатын улы зат бөледі. Гормондардың дұрыс қызмет жасауына кедергі келтіреді.
Пластмассадан жасалған өнімді алар кезде, "бір шұқып, екі қарағаныңыз" артық болмас. Себебі, сіздің денсаулығыңыз ең бірінші өзіңізге қажет.