- Негізгі бет
- Егер...
- Баланы қауіптен құтқаратын...
Баланы қауіптен құтқаратын SMS-хат
АҚШ тұрғыны Берт Фалкс кіші баласы Дэнниді қауіптен құтқару мақсатында, SMS-хат ойлап тапқан. Ол баласына қауіп төнген жағдайда қалай аман-есен құтылып шығуға болатынын алдын ала ойластырған. Осының арқасында баласы бірнеше рет өзіне төнген жамандықтан аман шыққан екен. Бір күні Дэнни отырысқа барғанда, достары ішімдік іше бастаған, ал Дэнни болса, кетіп қалудың жолын ойлаған. Нақты себеп болмаса, оны ешкім бірден жібере қоймайды, оның үстіне ішімдік буына мастанған адамдар арасынан сытылып шығу да оңай емес. Сондай кезде Дэнни әкесіне, анасына, отбасының басқа да мүшелеріне "х" белгісін жазып хабарлама жібереді.
Отбасы мүшелері бір жамандықтың болайын деп тұрғанын түсініп, дереу Дэнниге хабарласады. Дэнни телефон тұтқасын көтергенде, мынаған ұқсас әңгіме болады:
– Алло?
– Дэнни, тез келуің керек, үйде бір жағдай болды.
– Не болып қалды?
– Барған соң айтамын, сені алып кетейін, қай жердесің?
Міне, сол кезде Дэнни өзіне ұнамай бара жатқан достарына: "Әкем хабарласып, үйде бір жағдай болғанын айтты, тез арада кетуім керек" деп батыл түрде айтып, сол жерден кетіп қалуға нақты себеп табады. Достары болса, Дэнниге "қашып кетті" деп емес, "бір себептермен кетуіне тура келді" деп баға беретін болады.
Бұл тәсіл – бәрімізге керек кеңес. Өйткені бәріміздің де баламыз, іні, сіңлі, қарындасымыз бар. "Сақтансаң, сақтаймын" деген сөз бар. Сақтықта, қорлық жоқ. Осы әдісті өз отбасыңызға айтып көріңіз, бәлкім бір адамның өмірін құтқарып қаларсыз... Ал құпия белгінің "х" болуы міндетті емес, өз отбасыңызбен бірге ақылдасып, тек өздеріңіз ғана білетін белгі не сөз ойлап тапсаңыздар болады.
Р. Роза