- Негізгі бет
- Егер...
- Әйеліңіз ақшаны шектен...
Әйеліңіз ақшаны шектен тыс шашатын болса...
Отбасында ерлі-зайыптының екеуі де ақшаны бетіне қарамай жарататын болса, онда олар үшін ақшаның құны болмай қалады. Ал екеуі де ақша үнемдеуден сауатты болса, айтарлықтай байып кетеді. Егер екеуінің бірі ақшаны қолдан құстай ұшырып жіберетін болса ше? Еңбекпен келген қаражатты бет-алды жарата беруді әдетке айналдырғанның аса ұнамды тұстарын көрмейміз. Ал егер жарыңыз сіз тапқан қаражатты болмашыға шаша берсе, қандай айла қолдану керек?
Қаржылық сауат ашыңыздар! Көпше түрде айтып тұрғанымның өз маңызы бар. Әйеліңізді қасыңызға алып жүріп, оның қаржылық сауатын ашуға тырысыңыз. Иә, екеуіңіз бірге! Оған «Мә, мына кітапты оқып, ақша үнемдеуді үйрен» деп, өзіңіз кетіп қалмаңыз. Әйелдер кейде бала сияқты. Оқы деп тастап кеткен кітабыңды бақылап тұрмасаң, ұмытып кетуі әбден мүмкін. Немесе мұны сонша маңызды санамайды. Әйеліңізге ақша үнемдеуді үйрету үшін алдымен өзіңіз осы салада сауатты болуыңыз керек. Өзіңіз де тиын жаратудан алдыңызға жан салмайтын болсаңыз, әйеліңіздің бұл әдетін тыя алмайсыз. Ақша шашуға келгенде шебер әйелдерге қаржылық сауаттылықты оқыту 4 жасар балаға жаттау жаттатқаннан да қиынға соғады. Әйткенмен отбасының ортақ қорын құрып, болашақтағы балаларыңыздың керегін өтеуге қазірден қам жасау үшін әйеліңізді босқа ақша шашудан арылтуыңыз керек.
Қолына көп ақша ұстата салмаңыз! Дүкенге шығып, шоппинг жасаған сайын «Жете ме?» деп қолына қомақты ақша бере салмаңыз. Әйел адам жылтыраған дүниенің ортасына кіргенде, өзін-өзі басқара алмай қалатын әдеті бар. Кейбір нәзік жандылардың қолына қанша ұстатып жіберсеңіз де тиынына дейін жаратып әкеледі. «Қалғанын әкел» деп беріп жіберген ақшадан түк те қалдырмай әйеліңіздің үйге сөмке-сөмке болып жетіп келгенін көрген кездегі сіздің түріңізді көзге оңай елестетуге болады. Сондықтан оған қаржы берерде қатты жомарттылық танытпаңыз.
Қаражаттың не үшін керек болып тұрғанын бірге талқылаңыздар. Әйеліңіз сізден ақша өтінген сәтте оған қандай материалдық дүние керек болып тұрғанын сұрап алыңыз. Мұндайда ерінбеңіз. Есеп бергісі келмеген әйеліңіз осындай жағдайда ашуға мінуі мүмкін. Бірақ сіз ашуланбай, одан не керектігін жайлап сұрап алыңыз. Шынымен керек болып тұрған дүниесіне жетерліктей етіп қаражат беріңіз. Тіпті жеткізбей берсеңіз де әйелдер қауымы сол затын сатып әкеле алады. Өйткені олар заттың бағасын түсіруге келгенде және олардың бағаларын әр жердегі құнымен салыстырып сатып алуға шебер екендігі рас. Ал керек емес дүниелеріне және жай қызығып алғысы келген дүниесіне келгенде сәл сараңдық танытыңыз. Себебі олар дүкенде қызығып алғанымен, көп затын үйге келген соң, мүлде пайдаланбайды.
Бірге дүкен аралаңыз. Кешіріңіз, әрине, мен сізге ер адамдар үшін ең қиын нәрсені айтып тұрған болсам... Білемін, сіздерге әйелдермен бірге шоппинг жасау ұнамайды. Ұнамағандықтан да қолдарына ақшаны беріп, жібере саласыздар. Ақша шашудың дәурені жүретін кез – нағыз сол кез. Сіз қасында болмаған соң жұбайыңыз кеңінен көсіліп жүре береді. Ал сіз қасында болсаңыз, тыйым салып, асықтырып, үнемдеп жүре аласыз.
Сурет: Андрей Весленов
Ұқсас жазбалар:
Жігіттерге кеңес: Ақша үнемдеудің 14 тәсілі
А. Әбілхан